Қазақстан қатерлі ісікті емдеуде Еуропа елдерін басып озбақ

86

Елімізде жыл сайын 40 мыңнан аса адам онкологиялық ауруға шалдығады, онымен қоса республикалық орталықтарда жыл сайын 5 мың бала арнайы ем алады. 

Қазақстан қатерлі ісікті емдеуде Еуропа елдерін басып озбақ Фото: istockphoto

Дерттің дені тоқ ішек, тік ішек, өкпе, асқазан, сүт безі мен жатыр мойыны ісігіне тиесілі. Ең қорқыныштысы, 246 мыңнан аса адам жалпы есепте тұрса, оның 55%-дан астамы – еңбекке қабілетті жастағы адамдар. Ал олардың өмірі үшін отандық медицина қандай жұмыс атқарып жатыр?

Бір қуантарлығы, кейінгі 5 жыл ішінде елімізде онкологиялық аурулардан болатын өлім 26,6%-ға төмендеген екен. Ал онкологиялық аурумен 5 жыл өмір сүретін науқастардың үлесі 57%-дан 65%-ға артты. Кейінгі екі жылда онкологиялық пациенттерді сәулелік терапиямен қамту көрсеткіші 60%-ға жуықтады. Бұл – дамыған Еуропа елдерінің көрсеткіштерімен шамалас деңгей.

Томотерапия толық емдей ме?

Томотерапия – онкологиядағы сәулелік терапияның бір түрі. Терапия "TomoTherapy" HD құрылғысы арқылы жүргізіледі. Құрылғы АҚШ-та жасалған және Орталық Азия елдері арасында тек Қазақстан медицинасында қолданылады. Томотерапияның басты ерекшелігі, ісіктердің күрделі түрін қоршаған тіндерді зақымдамай емдеуге мүмкіндік береді, сонымен қатар асқынулармен қосалқы әсер деңгейі едәуір төмен болады. Негізінен, бұл әдіс аурудың ерте кезеңінде емдеп шығуда тиімді болмақ, сонымен қатар  онкологиялық аурулардың ІІ, ІІІ кезеңдерінде және VI кезеңінің кейбір түрін емдеуде нәтиже береді, қажет болған жағдайда емдеудің басқа тәсілімен ұштастырып аралас қолдануға болады. Мәселен, сүйек кемігін транспланттау кезінде, паллиативті терапияда қолдану ұсынылған.

Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының Радиациялық онкология орталығының басшысы, медицина ғылымдарының докторы Виктор Кимнің айтуынша, науқасқа аппарат емес, емдеу тактикасы маңызды.

– Томотерапия ешқайда жоғалған жоқ. Технологиялар мен жабдықтардың мүмкіндіктері өзгерді. Қазіргі заманғы сызықтық үдеткіштер жоғары дәлдіктегі сәулелік терапияның барлық дерлік спектрін жүргізуге мүмкіндік береді, ал бірқатар клиникалық міндеттер бойынша олардың мүмкіндігі одан да кең. Пациент үшін аппараттың атауы емес, дұрыс таңдалған емдеу тактикасы, сапалы жоспарлау және мамандар командасының кәсіби біліктілігі басты мәнге ие, – дейді В.Ким.

Емнің тиімді жүруіне басты әсер ететін жағдай – денсаулықққа бейжай қарамай уақытылы скринингтен өту. Ауруды ерте анықтау емдеуде де әлдеқайда жоғары нәтиже береді. Осыған байланысты елімізде асқазан-ішек жолы қатерлі ісігін ерте анықтау үшін 19 эндоскопиялық сараптама орталығы құрылды. Ал шалғай өңірлерде жылжымалы медициналық кешендер жұмыс істейді, олардың желісі біртіндеп кеңейіп келе жатыр. Осылайша, кейінгі үш жылдың ішінде онкологиялық ауруларды ерте сатысында анықтау үлесі 6,1%-ға өсіп, 36,8%-ға жетті. Онкологиялық аурулардың асқынған жағдай саны 7,5%-ға төмендеді. Сонымен қатар биылдан бастап төмен дозалы КТ және ЖИ қолдану арқылы өкпе қатерлі ісігінің пилоттық скринингі басталды.

Өкпе обырын өкіндіріп отыр

Өкініштісі, өкпенің қатерлі ісігі әлі күнге дейін онкологиялық аурулардың ең жиі кездесетін түрі әрі қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітімнің негізгі себептерінің қатарында қалып отыр. Әдетте аурудың ерте кезеңінде ешқандай белгілері байқалмайды, ал флюорография мен кеуде қуысы ағзаларының рентгенографиясы ісікті бастапқы сатысында анықтай алмайды.

Елімізде жыл сайын өкпе қатерлі ісігінің 3,8 мыңнан аса жаңа жағдайы тіркеледі, ал 2 мыңға жуық адам осы дерттен көз жұмады. Пациенттердің 70 пайыздан астамы алғаш рет аурудың III, IV сатысында ғана дәрігерге жүгінеді. Бұл кезде радикалды ем жүргізу мүмкіндігі айтарлықтай шектеледі. Сол себепті Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты ауруды ерте анықтауға басымдық беріп, өкпе қатерлі ісігін ерте диагностикалаудың заманауи технологияларын енгізіп жатқан көрінеді.

Солардың бірі – жоғары қауіп тобына жататын адамдар арасында өкпе қатерлі ісігін ерте анықтаудың халықаралық деңгейде мойындалған әдісі, төмен дозалы компьютерлік томографияны қолдану. Қазір еліміздің барлық өңірінде 10-15 тамыз арасында Өкпенің қатерлі ісігі туралы хабардарлықты арттыру апталығы аясында тұрғындар денсаулығын тегін тексере алады. Апталық аясында 1600-ден аса адам төмен дозалы компьютерлік томография арқылы тексерумен қамтылмақ. Ал Астана қаласында тегін тексерілуі 15 тамызда Ұлттық ғылыми онкология орталығында өтеді және қабылдау алдын ала жазылусыз жүргізіледі. Іс-шара профилактикалық медицинаны дамыту және онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітімді төмендету жөніндегі мемлекеттік саясат аясында өтеді.

Протондық терапияның мүмкіндігі мол

Бүгінде томотерапиямен қатар протондық терапиямен емдеу де қолға алынып келеді, тіпті жуырда Астанадағы Ұлттық ғылыми онкология орталығының базасында Протондық терапия орталығы ашылды. Бұл – еліміздегі және Орталық Азиядағы жалғыз профильді орталық. Мамандардың айтуынша, протондық терапия химиотерапияға қарағанда, әлдеқайда тиімді нәтиже береді әрі ағзаға тигізер жанама әсері аз. Әрине, томотерапия да, протондық терапия да пациенттердің жеке ерекшелігіне қарай тағайындалады. Халықаралық тәжірибеге сәйкес, бұл ем бас миы, жұлын, көру жүйкелері маңындағы ісікті емдеуде кеңінен қолданылады, әсіресе педиатриялық онкологияда жиі ұсынылады, себебі енді дамып келе жатқан ағзаға тигізер қауіпті сейілтеді. Сау тіндерге жанама әсері аз болғандықтан, ем әдетте ми, жүрек секілді маңызды органдарды емдеуде қолайлы. Протондық терапия мидың, бас пен мойын аймағындағы маңызды құрылымдарға жақын орналасқан ісіктерде, жоғары дәлдікті қажет ететін жағдайда жоспарлы түрде ұсынылады. Қазір Протондық терапия орталығында Орталық Азияда теңдесі жоқ "ProBeam-360" атты қондырғы орнатылған.

– Химиотерапия мен протондық терапияның айырмашылығы олардың әсер ету механизмінде жатыр. Химиотерапия – дәрілік емдеу әдісі, ол бүкіл ағзаға жүйелі түрде әсер етеді және жанама әсерлері айқын сезілуі мүмкін. Протондық терапия – сәулелік емдеудің ең заманауи түрі. Ол тек ісік орналасқан аймаққа бағытталады. Сондықтан көптеген жағдайда протондық терапия сау тіндерді сақтауға және асқынулар қаупін азайтуға мүмкіндік береді, – дейді Протондық терапия орталығының меңгерушісі Фатима Хамзатқызы.

Маманның сөзінше, протондық терапия сәулелік терапияның ағзаға кері әсерін 60-70 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік береді, алайда ем жүйелі жүруі керек. Әр пациенттің жағдайы, диагнозына сай емді жеке жоспарлайды, ал бұл ауруы асқынған пациенттердің ұзақ уақыт күтуіне жарай бермейді. Сондықтан да әдетте дәстүрлі сәулелік терапия жасалады немесе егде жастағы науқастар мен балаларға тиімді болу үшін протондық терапия мен хирургияны ұштастыра жоспарлайды, көп жағдайда рентгендік сәулелік терапия мен химиотерапияны қолданады. Протондық терапияның да жанама әсері бар, ғылымдағы жаңа сала болғандықтан, әлі терең зерттеуді қажет етеді.

Қазір елде 246 мыңнан аса адам динамикалық бақылауда тұр дедік. Науқастардың шамамен 60 пайызына сәулелік терапия қажет, ал емдеу және ауруды ерте анықтау әдістері біртіндеп оңтайланып келе жатыр. Бұл орайда қолдан келетін жалғыз амал – уақытылы скринингтен өту, сонда ғана қатерлі ауруды оңай еңсеруге мүмкіндік бар. Әйтпесе ғылым қанша дамыса да, ерте анықталмаған дертпен күресу қиынның қиыны болмақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу