Қазақстан көптен бері іске асыра алмаған бастаманы қайта қолға алмақ

116

Сәуірдің бел ортасында Парламент Мәжілісіне Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова "Рейтингтік қызмет туралы" заң жобасын таныстырды.   

Қазақстан көптен бері іске асыра алмаған бастаманы қайта қолға алмақ Фото: inform.kz

Заң жобасының атауына қарап, көпшілік аңдамауы да мүмкін, бірақ дәл осы бастама кейінгі екі жылдан бері межесіне келгенімен, іске аспай тұр, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Бұған не себеп болуы мүмкін? Тәуелсіз ұлттық рейтингтік бағалау институты ретінде Қазақстанның рейтингтік агенттігі құрылады дегелі көп өтті. Агенттікке халықаралық және шетелдік рейтингтік агенттіктерді тану, бақылау және мойындауды қайтарып алу, сондай-ақ рейтингтік қызмет туралы заңнама талаптарының сақталуын бақылау өкілеті берілуге тиіс еді. Әбілқасымованың айтуынша, Қазақстанның рейтингтік агенттігі үшін жарғылық капитал шамамен 10 млрд теңгені құрайды деп болжанған.

Қазір Қазақстан аумағында Standard & Poor’s, Moody’s және Fitch Ratings халықаралық агенттіктері рейтинг береді. Сонымен қатар шетелдік рейтингтік агенттіктерді аккредиттеу арқылы ЭКСПЕРТ РА мен АКРА рейтинг қалыптастырып отырады. Бірақ ұлттық агенттіктің жетіспейтіні бәрібір білінетіндей.

Бұл істі көпке созылды деуіміз бекер емес, 2024 жылы жаз басында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі консультативтік құжат жобасын қоғамдық талқылауға шығарған болатын. Құжат Қаржы секторын 2030 жылға дейін дамыту тұжырымдамасында көзделгені қоса айтылды. Бірақ көп өтпей бұл тақырып қозғаусыз қалды.

Ең алдымен айта кетер жайт, елімізде ұлттық рейтинг агенттігі жоқ. Соның әсерінен ресурстарды бөлудегі, экономиканы қаржыландырудағы қаржы нарықтарының тиімділігі шектелген. Ал "Ұлттық рейтингтік агенттік туралы" заң жобасы осы олқылықтың орнын толтыруы керек еді.

Бір қызығы, елдегі көп компанияда рейтинг атаулы жоқ. Мұндай агенттіктер борышкерлердің қарызды өтеу мүмкіндігін көрсетіп, несие рейтингтерін ұсынып отыратын ұйым ретінде саналады. Агенттік сондай-ақ алпауыт компаниялардың борыштық міндеттерін, бағалы қағаздары мен басқа да құнды қағаз шығарушы кәсіпорындардың несиелік қабілетін бағалап отыруы қажет.

Қазір халықаралық рейтинг агенттіктерінің қызметі біршама қымбат, яғни, төленген қаражат шетелге кетеді. Олардың талабына сай болып, лайықты рейтингті ұстап тұру ісі де тағы шығын. Ал бұл тұста отандық биржада құнды қағаздарын сататындар ешқандай рейтинг алмай-ақ, тікелей саудаға шыға береді.

Әлемдегі үш алпауыт – Moody’s, S&P, Fitch халықаралық рейтинг агенттіктерінің дерегіне сенсек, Қазақстанның қор биржасында саудаланатын корпоративтік облигациялар эмитенттерінің кредиттік рейтингтермен қамтылуы небары 50 пайызға жетпейді. Тек елдегі ірі банктер мен мемлекеттік компаниялар ғана кірген. Қаржылық іспен айналыспайтындар ірі компаниялардың санаулысы ғана енген. Сыртқы көз сыншы десек, бұл дүние қазақстандық нарыққа сенімді азайтуы мүмкін.

Осыдан екі жыл бұрын қоғам талқысынан өткен заң жобасы неліктен әлі қаралып жатыр? Шамасы, агенттік құру оңай іс емес, бәрінен бұрын халықаралық талаптар ескеріледі. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі сол уақыттарда ұлттық рейтинг құруға қатысты заң жобасы Парламент қарауына 2024 жылдың аяғында немесе 2025 жылдың басында ұсынылады деген еді. Бірақ биыл көктемде ғана жетіп тұр.

Жалпы, 2009-2010 жылдардың шамасына дейін елімізде ұлттық рейтинг агенттіктері болмады. Ал 2010-2015 жылдар аралығында бірнеше рет рейтинг агенттіктері ашылды. Алайда дефолттан кейін биржа көп нәрсеге төтеп бере алмады. Содан соң малайзиялықтардың, Expert RA Kazakhstan рейтинг агенттігі мен KZ рейтингінің қатысуымен "Алматы өңірлік қаржы орталығы" рейтинг агенттігі құрылған.

Дегенмен ол да ұзақ жұмыс істей алмады. 2015 жылы Қазақстанда зейнетақы реформасы жүргізіліп, корпоративтік облигацияларды сатып алуға мораторий енгізілгенге дейін-ақ шыдас бермеді. Өйткені сол реформадан кейін бағалы қағаздар нарығы шығынға ұшыраған. Ақыры Ұлттық рейтинг агенттігінің қызметіне сұраныс төмендеп, бірінен соң бірі жабылды. Содан бері елімізде бағалы қағаздар нарығының дамуы көңіл көншітпей келеді.

Әйтсе де Ұлттық рейтинг агенттігін қайта құруды барлық сарапшылар құптай бермейді, тіпті, қажетсіз іске балайды. Біз осыған дейін пікір алысқан экономист, Ұлттық банк төрағасының бұрынғы кеңесшісі Айдархан Құсайынов Қазақстанда қор нарығы нашар дамығанын, оның әсері әлеуетті рейтинг агенттігіне кері ықпал ететінін айтты.

"Бізде үлкен инвестициялық нарықтағы компаниялар жоқ. Рейтинг агенттігі көптеген бағалы компаниялар болған кезде ғана жақсы жұмыс істейді. Рейтинг ірі клиенттердің қайда инвестиция құю керегін түсіну үшін жасалады. Яғни, әрбір компанияны тексерудің қажеті жоқ", – деп түсіндірді сарапшы.

Оның сөзінше, қазақстандық қор нарығында компаниялар аз, сондықтан ұлттық рейтинг ашудың керегі шамалы. Себебі заң барлық ұлттық эмитенттерден ұлттық рейтингке қосылуды талап етеді. Ол үшін компаниялар белгілі бір мөлшерде қаржы төлейді, яғни, салықтың бір түрі іспетті. Экономикалық тұрғыдан алғанда, ұлттық эмитенттердің саны тым аз. 1-2 жылдан соң кейбір компаниялар "бізде халықаралық рейтинг болса, қазақстандық рейтинг не үшін керек" деп сауалды төтесінен қояды.

Ал халықаралық инвесторларға ұлттық рейтингке кіру мүлде қажет емес, олар үшін S&P, Moody's сияқты халықаралық рейтинг агенттіктеріне ену тиімдірек.

Десек те, барлығының пікірі бір түйінге келіп ұштаспайды. Бұрынғы Expert RA Kazakhstan рейтинг агенттігі бас директорының орынбасары болған Арман Жахиннің сөзінше, қаржы нарығы жергілікті рейтинг агенттігінің қатысуынан ғана пайда болады.

"Жергілікті агенттік қызметтері әлемде "үлкен үштік" саналатын рейтинг агенттіктерінің қызметтерімен салыстырғанда қолжетімді. Соның арқасында шағын компаниялар рейтингке енуге мүмкіндік алады. Екіншіден, рейтингтік қызметке облигациялар эмитенттері ғана емес, сақтандыру, бағалы қағаздар, лизингпен айналысатын компаниялар да белсене қатысады. Үшіншіден, нарыққа қатысушылар рейтинг агенттігінен қосымша тәуелсіз аналитика алады. Бұл саладағы мәселелерді анықтауға және оларды шешуге, реттеуге, жағдайды жақсартуға ықпал етеді", – деді маман.

Бірақ мұндағы кем-кетік – заң тек ұлттық рейтинг агенттігіне бағытталған. Бір жағынан қазақстандық нарық тым тар, сондықтан халықаралық, басқа елдердің ұлттық рейтинг агенттіктеріне деген көзқарас болғаны абзал. Демек, шетелдік және ұлттық рейтинг агенттіктеріне қатысты қолданыстағы заңнамалық нормаларды бір құжатқа біріктіру қажет.

Қорыта айтқанда, көптен тұралаған заң жобасы ақыры Мәжіліс қарауына жетті. Бірақ құжат қабылдаған күннің өзінде, бұл іс біраз уақыт алуы мүмкін.

Ал оның тиімділігі бола ма, болмай ма, ол компаниялардың агенттікке қызығушылығына байланысты болатын іспетті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу