Еліміз Азия ойындарына 1994 жылдан бастап тұрақты қатысып келеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Осы орайда, Kazinform деректеріне сүйене отырып, Қазақстанның қанша Азия ойындарына қатысқанын, жалпы жүлде қоры қанша болғанын жазамыз.
Мысалы, 1994-2022 жыл аралығында ел спортшылары 8 жазғы Азиадада бақ сынаған, барлығы 637 медаль (165 алтын, 180 күміс және 292 қола) еншіледі. Осылайша, ел құрамасы Азия ойындары тарихында ең көп жүлде (6-орын) жеңіп алған командалар қатарынан көрініп отыр. Қытай (3 570 жүлде) көш бастаса, Жапония (3 242 медаль) және Оңтүстік Корея (2 425 медаль) үздік үштікке жайғасқан.
Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте ең жоғары көрсеткіш ретінде 4-орынды 4 рет (1994, 2002, 2006, 2014) тіркеді. Спортшыларымыз ең көп алтынға 2014 жылы Инчхон Азия ойындарында ие болса, 2006 жылғы Дохада ең көп медальді (85 медаль) мойынға тақты.
Жаза кетейік, қазақстандық спортшылар 2022 жылғы Ханчжоу Азия ойындарында ең төмен нәтиже көрсеткен еді. Ұлттық құрама 80 жүлде алса да, оның 10-ы ғана алтын медаль болды.
ХX жазғы Азия ойындарының 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында жалауы желбірейді. Ойындардың ұраны – Imagine One Asia ("Біртұтас Азияны елестет").