Қазақстан құрамасы Билли Джин Кинг кубогінің финалына шықты

1603

Теннистен Қазақстан әйелдер құрамасы алғаш рет Билли Джин Кинг кубогінің финалдық кезеңіне шықты.

Қазақстан құрамасы Билли Джин Кинг кубогінің финалына шықты

Бүгін Қазақстан мен Германияның бірінші ракеткалары Елена Рыбакина мен Анжелика Кербер өз елінің намысы үшін сынға түсті. Бұл олардың өзара алғашқы кездесуі еді. "Үлкен дулыға" турнирінің үш дүркін чемпионы, әлемнің бұрынғы бірінші, қазіргі 17-ракеткасы, 34 жастағы А. Кербердің тәжірибесі мол екендігі белгілі. Одан рейтингте екі саты төмен тұрған Е. Рыбакинаының жасы 22-де ғана. Бірінші партия барысында жетінші геймде германиялық теннисші брейк жасап кетті – 4:3. Сосын осы басымдылығынан айырылған жоқ – 6:4.

Екінші сетте Кербердің қателігінен кейін Рыбакина алға шықты – 2:0. Партияны да өз пайдасына шешті – 6:3. Үшінші, шешуші сетті қазақстандық теннисші брейкпен бастағанымен, қарсыласы сол бойда теңестіріп үлгерді – 1:1. Тағы да брейк алмасу – 3:3. Бұдан кейін Кербер матчқа доп бергенде, Рыбакина қайыра брейк жасады – 4:5. Содан кейін қарқынын бәсеңдеткен жоқ – 7:5. Тартысты өткен бәсеке екі сағаттан астам уақытқа созылды. Осылайша Қазақстан есепті 3:0-ге жеткізіп, Билли Джин Кинг кубогының (командалық әлем чемпионаты) финалдық кезеңіне жолдама алды. Бұл туралы ҚТФ баспасөз қызметі хабарлады.

Сонымен қатар осы жарыста Юлия Путинцева жекелей сында 15 сәуір күні 15-інші жеңісіне қол жеткізді. Бұл – еліміздің теннисшілері арасындағы рекордтық нәтиже. Осыған дейін Қазақстан әйелдер құрамасының қазіргі капитаны Ярослава Шведова мен Зарина Диястың еншісінде 14 жеңістен бар еді. Юлия Билли Джин Кинг додасында 2014 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Алғашқы кездесуде ол Германияның бірінші, әлемнің 17-ракеткасы Анжелика Керберді 3:6, 6:3, 6:2 есебімен тізе бүктірді. Бұл оның Кербермен өзара кездесулеріндегі алғашқы ұтысы еді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу