Қазақстан құрамасы Францияға есе жіберді

1482

Бүгінгі матчта Ұлттық құрама сапында жас ойыншылар дебют жасады.

Қазақстан құрамасы Францияға есе жіберді

Қазақстан құрамасы 2022-жылғы Әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Франциямен кездесті. "Астана Аренада" өткен матч 0:2 есебімен француздардың пайдасына аяқталды.

Ойындағы алғашқы гол 19-минутта соғылды. Антони Марсьяльдан пас алған Усман Дембеле Мокин қақпасын дәл көздеді. Ал бірінші тайм аяқталар тұста Сергей Малый өз қақпамызға гол соғып алды. 75-минутта Қазақстан құрамасының қақпасына пенальти тағайындалды. Килиан Мбаппенің соққысын Мокин сәтті қайтара білді.

Бүгін Максим Самородов, Рамазан Каримов және Эльхан Астановтар Қазақстан құрамасы сапында Францияға қарсы өткен матчта дебют жасады. Матч аяқталған соң Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов ойынға қатысты өз пікірін білдірді және екінші таймдағы ойыншылардың жиі ауыстырылуы туралы түсіндіре кетті.

"Біріншіден, ойыншылардың ауыстырылуы жоспар бойынша болды. Екіншіден, жігіттердің ойын қарқынын кездесу соңына дейін сақтап қалу керек еді. Үшіншіден, мұның барлығы регламентке сәйкес, бес ойыншы ауысты. Сондай-ақ біз жас футболшыларға ойнауға мүмкіндік бердік. Біз бұл ойынға талдау жасауымыз керек. Екінші таймда белсенді өнер көрсеттік. Жалпы, жігіттер қарсыластарға төтеп берді. Біз тек гол соға алмадық" - деді Байсуфинов матчтан кейінгі сұхбатында.

Сондай-ақ Қазақстан ұлттық құрамасының қақпашысы Александр Мокин Францияға қарсы кездесуде ойынның 75-минутында (0: 2) Килиан Мбаппе орындаған пенальтиді қалай қайтарғаны туралы айта кетті. 

"Команда капитаны Азат Нұрғалиев маған келіп құлағыма сыбырлап, Мбаппенің соққыны қайда бағыттайтынын айтты. Содан кейін доптың траекториясын есептеу ғана қалады және мен сол бағытқа қарай секірдім" - деді Мокин матчтан кейінгі сұхбатында.

Қазақстан құрамасы келесі кездесуін 31-наурыз күні Украинаға қарсы өткізеді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу