Қазақстан құрамасы Грузиядан Тбилисиде де ұтылды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3335

Футболдан еліміздің ұлттық құрамасы УЕФА "Ұлттар лигасының" тырнақалды додасындағы соңғы ойынын өткізді.

Қазақстан құрамасы Грузиядан Тбилисиде де ұтылды Фото: kff.kz

Қазақстан құрамасы УЕФА "Ұлттар лигасының" алтыншы турын Тбилисиде өткізіп, Грузия футболшыларымен кездесті. Борис Пайчадзе атындағы стадионда өткен матчтың қарсаңында Қазақстан құрамасы сапында біраз өзгерістер жүзеге асты. Бапкерлер құрамы Бауыржан Исламхан, Георгий Жуков және Ненад Эрич үшеуін өз клубтарына қайтарыпты. Себебі, "Қайрат" ел кубогының финалында додаға түссе, "Астана" Еуропа лигасының топтық кезеңінде әлі екі ойын өткізуі керек.

Қысқасы, аталған үш ойыншыға өз клубтарының маңызды матчтарына алаңсыз дайындалуға мүмкіндік берілген. Сонымен қатар, Еркебұлан Тұңғышбаевтың жарақаты сыр беріп, ол да Грузияға бара алмаған. Ал  Еркебұлан Сейдахмет, Дмитрий Шомко және Евгений Постников сынды футболшыларымыздың бұған дейін жарақаттанып қалғанын білесіздер. Сөйтіп, ұлттық құрамамыздың сапы біршама селдіреп қалған.

Сондықтан, Тбилисиге аттанарда құрама сапына қақпашы Марсель Исламқұлов ("Қайсар"), жартылай қорғаушы Юрий Перцух ("Атырау") және шабуылшы Оралхан Өміртаев ("Шахтер") шақыртылыпты. Осы ретте айта кетуге тиіспіз, Грузия құрамасының да бірнеше ойыншысы жарақаттанып, қатардан шығып қалған болатын. Осылайша Владимир Вайсс пен Станимир Стоилов қосалқы құрамдағы бірнеше футболшыларына мүмкіндік беруге мәжбүр болды.

Тбилисидегі матч аса жоғары қарқында өткен жоқ. Теңбіл допты ұршықша үйірген Грузия құрамасының қас шеберлері допты өздерінде көп ұстап, көбінесе біздің футболшыларды алдап өтуге тырысты. Десек те, ойын алаң иелерінің басымдық танытуымен өрбіді. Қазақ елі футболшылары қарсы шабуыл ұйымдастырып, намысты қолдан бермеуге тырысты. Өкінішке қарай, Роман Муртазаев қақпашымен бетпе-бет шықса да, тамаша мүмкіндікті мүлт жіберіп алды.

Бірінші таймда есеп ашылған жоқ. Ойынның екінші жартысында да алаң иелері қонақтарын тықсырып, қыспаққа ала түсті. Қазақстан құрамасының қақпасын толассыз торуылдап жүріп, ақыры екі гол соғып тынды. Георгий Меребашвилидің де, Георгий Чакветадзенің салған доптары өте әдемі болды. Біздің қорғаушылар Грузия футболшыларын екі мәрте тоқтата алмай, жаза басты.

Станимир Стоилов болса, ойыншыларымызды матч соңында ғана алмастыра бастады. 88-минутта жасыл алаңға кеншілер клубының жас шабуылшысы Оралхан Өміртаевты шығарған болатын. 20 жастағы талантты футболшымыз екі минуттан кейін гол соғып, стадионды селт еткізді. Допты кеудесімен тоқтатып, ыңғайына салып алды да, көлбеулете теуіп, Грузия қақпашысы мен қорғаушыларын сан соқтырды.

Сөйтіп, бірнеше ойын бойы гол соға алмай жүрген тәжірибелі шабуылшыларымызға "үлгі" көрсетті. Әрине, бұл гол біздің футболшыларды жігерлендіре түсті. Бірақ уақыт тым аз қалған еді. Әрі бұдан кейін алаң иелері де мейілінше сақ болуға тырысты. Сөйтіп, Владимир Вайсс Грузия құрамасымен Станимир Стоиловтан екінші рет айласын асырды. Қыркүйек күні Астанада өткен бірінші ойында 2:0 есебімен жеңісті өңгеріп кеткен болатын...

Грузия – Қазақстан – 2:1

Голдар: Меребашвили, 59 (1:0). Чакветадзе, 84 (2:0). Өміртаев, 90 (2:1).
Ескерту: Мұжықов, 45+1. Сүйімбаев, 90+4.
Грузия: Лория, Двали, Кашия, Кверквелия, Какабадзе (Хочолава, 86), Квеквескири, Канкава, Гвилия (Качарава, 75), Чакветадзе (Абурджания, 90+3), Меребашвили, Казаишвили.
Қазақстан: Непогодов, Сүйімбаев, Логвиненко, Малый, Бейсебеков, Мұжықов, Қуат, Муртазаев (Өміртаев, 88), Федин (Тұрысбек, 83), Зайнутдинов, Щеткин (Перцух, 74).
Төрешілер: Мартинш, Кампуш, Сантуш (бәрі де – Португалия)

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 20 – 10
Тура соққы: 6 – 4
Қиыс кеткені: 8 – 3
Тойтарылғаны: 6 – 3

Қақпа бағанасы: 1 – 0
Бұрыштама соққылар: 13 – 6
Офсайдтар: 4 – 2

Допқа иелік ету: 65% – 35%

Пастар: 564 – 280

Дәл пастар: 482 – 189

Пастар дәлдігі: 85% – 68%

Қорғаныста доп тартып алу: 34 – 34

Допы айып алаңынан шығару: 20 – 28
Ескерту (сары қағаз): 0 – 2

Ереже бұзу: 9 – 13

D лигасы. 1-топ.

Қазақстан – Грузия – 0:2

Латвия – Андорра – 0:0

*  *  *

Грузия – Латвия – 1:0

Андорра – Қазақстан – 1:1

*  *  *

Латвия – Қазақстан – 1:1

Грузия – Андорра – 3:0

*  *  *

Қазақстан – Андорра – 4:0

Латвия – Грузия – 0:3

*  *  *

Қазақстан – Латвия – 1:1

Андорра – Грузия – 1:1

*  *  *

Грузия – Қазақстан – 2:1

Андорра – Латвия – 0:0

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу