Қытайдың Ханчжоу қаласында 10–17 шілде аралығында отырып ойнаған волейболдан әлем чемпионаты өтіп, Қазақстан құрамасы тарихи нәтижеге қол жеткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Әлемдік додада 16 ерлер құрамасы бақ сынады. Қазақстандық спортшылар С тобында Бразилия, Хорватия және Ирак командаларымен кездесіп, топтық кезеңді екінші орынмен аяқтап, плей-офф кезеңіне шықты.
1/8 финалда Қазақстан құрамасы Польша командасын 3:0 есебімен, ал ширек финалда Руанданы да 3:0 есебімен жеңді.
Жартылай финалда отандастарымыз әлемнің үздік құрамаларының бірі саналатын Иранға 0:3 есебімен жол берді.
Ал үшінші орын үшін өткен кездесуде Қазақстан құрамасы Бразилияны 3:2 есебімен жеңіп, әлем чемпионатының қола медалін жеңіп алды. Бұл – ұлттық құраманың әлем чемпионатындағы тарихи жетістіктерінің бірі.