banner

Қазақстан құрамасы Ригада Латвиямен тең түсті

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
4297

Футболдан Қазақ елі құрамасы Ұлттар лигасының үшінші турында да жеңіске жете алмады.

Қазақстан құрамасы Ригада Латвиямен тең түсті

UEFA Ұлттар лигасының алғашқы екі турында ұтылып және тең түсіп, тек бір ұпайды қанағат тұтқан Қазақстан құрамасы Ригада тек жеңіске жетуді көздегендей еді. Әйтпесе, Грузия футболшыларының қара үзіп кетері, айтпаса да түсінікті болатын. Алайда Латвия астанасында да Станимир Стоилов жаттықтыратын жігіттеріміз сенім үдесінен шыға алмады.

Андора құрамасымен өткен ойынмен салыстырар болсақ, Болгария маманы негізгі құрамға үш өзгеріс енгізді. Өткен жолы алаңнан қуылған Серікжан Мұжықовтың орнына Георгий Жуковты шығарса, жарақат алып қалған Еркебұлан Тұңғышбаевты шебіне Бактиер Зайнутдиновты қойды. Сонымен қатар, Юрий Логвиненконың орнына Сергей Малыйды шығарғанды жөн санапты...

Латвия құрамасына да жеңіс керек. Сондықтан олар да аянып қалған жоқ. Бірден алға қарай лап қойды. Қазақастан құрамасы да қарап қалмады. Сөйтіп ойын алма-кезек шабуылмен басталды. Әйтсе де, біздің жігіттердің шабуылдары қауіптірек болды десек, асыра сілтегендігіміз бола қоймас. Есепті де қонақтар ашты.

Дмитрий Шомконың қақпа алдына әуелете асырған добы қорғаушылардан да "сытылып", қақпашыдан да "құтылып", Бактиер Зайнутдиновқа жетті. Жас футболшымыз ышқына секіріп, дедек қаққан теңбіл допты қақпаға бағыттап үлгерді. Латвия құрамасының қақпашысы Андрей Ванин "қолымен бағыттады" деп байбалам салғанымен, төреші ортаны нұсқады. Яғни гол!

Бұдан кейін біздің футболшылардың есепті еселей түсетін мүмкіндігі болған. Алайда Андрей Ванин қас шеберлік танытып, Исламбек Қуаттың соққысын тойтарды. Алаң иелері де қарсы шабуылдар ұйымдастырып, таразы басын теңестіруге тырысты. Әрі бірінші таймның аяғына қарай гол соғып, есепті теңестірді де.

Алаң иелері айып соққысын орындап, Каспарс Дубра әуелеп келген допты ышқына секіріп, ортаға қарай тастады. Допты Артур Карашаускс іліп әкетіп, екі қорғаушымыздың арасынан сытылып кетті. Әрі допты ырқына көндіріп алып, Эричтің ашық қалған сол жағын дәл көздеді. Қорғаушыларымыз Оралдың "Ақжайығында" ойнайтын шабуылшыға кедергі жасай алмай, қапы қалды.

Бірінші тайм осылай аяқталды. Ойынның екінші жартысында біздің құрама тайлы-таяғымен алға қарай лап қойып, алаң иелерін тықсыра түсті. Латвия құрамасы тек қарсы шабуыл ұйымдастырумен шектелді. Десек те, екі құраманың да гол соғатын мүмкіндіктері болды. Бірақ қонақтар да, алаң иелері де өз мүмкіндіктерін мүлт жіберіп алып, бармақтарын тістеумен шектелді...

Екінші таймда Станимир Стойлов алаңға Бауыржан Тұрысбек пен екі жас футболшымызды шығарды. Өкінішке қарай, Еркебұлан Сейдахмет пен Максим Федин де қанша тырысқандарымен, гол соға алмады. Тартысты өткен кездесу 1:1 есебімен аяқталды. Қазақстан құрамасы Ригада да бір ұпайды көңілге медеу тұтты.

Ал Грузия құрамасы болса, сүрінген жоқ. Өз алаңында Андорра футболшыларын 3:0 есебімен ойсырата ұтып, "D" лигасының бірінші тобында көш бастады. Әрі бір-бірінің жолын кескен үш құрамадан қара үзіп кетті. Қалған үш ойынның енді біреуінде жеңіске жетсе, ешқайсысына да жеткізбейді. Бір көңіл аударарлығы, өз қақпаларына әлі доп жіберген жоқ.

Латвия – Қазақстан – 1:1

Голдар: Зайнутдинов, 16 (0:1). Карашаускс, 40 (1:1).
Ескертулер: Шабала, 89 – Қуат, 39. Бейсебеков, 43. Сейдахмет, 77.
Латвия: Ванин, Максименко, Ягодинский, Дубра, Савальниекс, Ругинс (Цыганик, 67), Исаев (Фертов 27), Карашаускс (Гутковский, 73), Лукьянов,  Ракель, Шабала.
Қазақстан: Эрич, Шомко, Малый, Постников, Бейсебеков, Қуат, Жуков, Исламхан (Федин, 75), Муртазаев (Тұрысбек, 82), Зайнутдинов (Сейдахмет, 65), Щеткин.
Төрешілер: Лехнер, Хайндрайх, Кольбич (бәрі де – Австрия)

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 9 – 23
Тура соққы: 3 – 5
Қиыс кеткені: 4 – 11
Тойтарылғаны: 2 – 7
Бұрыштама соққылар: 3 – 4
Офсайдтар: 3 – 0

Допқа иелік ету: 45% – 55%
Ескерту (сары қағаз): 1 – 3

Ереже бұзу: 8 – 20

D лигасы. 1-топ.

Қазақстан – Грузия – 0:2

Латвия – Андорра – 0:0

*  *  *

Грузия – Латвия – 1:0

Андорра – Қазақстан – 1:1

*  *  *

Латвия – Қазақстан – 1:1

Грузия – Андорра – 3:0

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу