Анталья қаласында (Түркия) өтіп жатқан садақ атудан Әлем кубогы кезеңінде блокты садақпен атудан командалық жарыстар өз мәресіне жетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Әйелдер арасындағы жарыста Қазақстан намысын Виктория Лян, Диана Юнусова және Адель Жексенбинова қорғады. Бірінші айналымда қазақстандық мергендер Қытайлық Тайбэй құрамасын 231:229 есебімен жеңіп, жарысты сәтті бастағанымен, ширек финалда Мексикаға 226:234 есебімен жол берді. Нәтижесінде Қазақстан құрамасы жалпы есепте 7-орынға тұрақтады. Қола жүлде үшін өткен кездесуде Германия АҚШ құрамасын ұтып, жүлдегер атанды. Ал финалда Мексика мен Түркия құрамалары чемпиондық атақты сарапқа салады.
Ерлер арасындағы бәсекеде Қазақстан атынан Ақбаралы Қарабаев, Мұса Ділмұхамет және Андрей Тютюн өнер көрсетті. Бастапқы айналымда қазақстандықтар Мексикаға 232:235 есебімен есе жіберді. Кейін бұл мексикалық құрам финалға дейін жетіп, қола медаль иеленді. Ал шешуші кезеңге Қытай мен Дания құрамалары жолдама алды.