Қазақстан құрамасы шахматтан Әлем чемпионатының жартылай финалына шықты

803

Шахматтан Әлем чемпионатының жартылай финалында ел құрамасы Франциямен сынға түседі.

Қазақстан құрамасы шахматтан Әлем чемпионатының жартылай финалына шықты Фото: kazchess.kz

Қазақстан құрамасы Польшаның Быдгощ қаласында шахматтан әйелдер арасындағы ФИДЕ командалық әлем чемпионатының жартылай финалына шықты. Спортшыларымыз Германия құрамасын сенімді жеңіп, турнирдің шешуші кездесуіне бір қадам қалды. ФИДЕ баспасөз қызметі атап өткендей, бірінші текетірес 3:1 есебімен қазақстандық команданың пайдасына аяқталды. Ел құрамасы сапынан Бибісара Асаубаева, Алуа Нұрманова, Әмина Қайырбекова және Динара Вагнер жеңіске жетті.

Осылайша, қыздарымыз жартылай финалға шығып, Франциядан келген қарсыластарымен ойнайтын болды. Соңғы кезеңнің тағы бір матчында АҚШ пен Грузия құрамалары кездеседі.

Айта кетейік, 5-12 қыркүйек аралығында Польшаның Быдгощ қаласында 2023 жылғы әйелдер арасындағы тоғызыншы командалық ФИДЕ әлем чемпионаты өтуде. Чемпионатқа Қазақстан атынан Бибісара Асаубаева (ФИДЕ рейтингі 2439), Меруерт Камалиденова (ФИДЕ рейтингі 2162), Ксения Балабаева (ФИДЕ рейтингі 2111), Алуа Нұрманова (ФИДЕ рейтингі 2170), Әсел Серікбай (ФИДЕ рейтингі 2120) және Әмина Қайырбекова (ФИДЕ рейтингі 1985) жиналған мықты құрама шығып отыр. Делегацияны тәжірибелі бапкерлер – Павел Коцур мен Александр Моисеенко бастап барды.

Турнирге екі топқа бөлінген алты қатысушыдан тұратын 12 команда қатысуда. Қазақстан әйелдер құрамасы А пулында өнер көрсетуде. Онда Грузия, Үндістан, Франция, Украина және Мысыр командалары бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу