Қазақстан құрамасы түзде Андоррамен тең түсті

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
5051

Еліміздің ұлттық құрамасы UEFA "Ұлттар лигасы" аясында екінші ойынын өткізіп, түзде Андорра футболшыларымен тең түсті.

Қазақстан құрамасы түзде Андоррамен тең түсті

UEFA "Ұлттар лигасында" екінші турдың ойындары өткен. Осы лиганың төртінші деңгейіндегі 1-топқа түскен Қазақстан құрамасы тағы да жеңіске жете алмады. Бұл жолы түзде Андорра футболшыларымен ойнап, тең түсті. Ал бірінші турда Грузия құрамасынан өз алаңымызда ұтылып қалған.

Ұлттық құраманың бас бапкері негізгі құрамға екі өзгеріс енгізіпті. Грузия футболшыларымен өткен ойында алаңға шыққан Георгий Жуков пен Сергей Малый бұл жолы төбе көрсетпеді. Олардың орындарын Еркебұлан Тұңғышбаев пен Юрий Логвиненко басты. Басқадай өзгеріс жоқ.

Ойын басталғаннан біздің футболшылар алға ентелеп, алаң иелерін тықсыра түсті. Андорра құрамасы бекініс құрып, қонақтарының шабуылдарын тойтарумен ғана болды. Оқта-текте қарсы шабуыл ұйымдастыруға тырысқандарымен, ешқандай қауіп төндіре алмады.

Өкінішке қарай, біздің футболшылар допты көбінесе өздерінде ұстап, басымдық танытқанымен, гол соға алмай қойды. Әйтсе де, "уақыт бар, әлі соғады ғой" деп үш ұпай олжалап қайтатындарына сенімді едік. Бірақ уақыт жылжып өте берді, ал доп салудың сәті түспей-ақ қойды...

Сөйтіп бірінші тайм аяқталды. Үзіліс кезінде Станимир Стоилов бастаған бапкерлеріміз құрама сапындағы жігіттерді жігерлендіре түсер деп үміттендік. Бірақ ойынның екінші жартысы да сол қарқында өрбіді. Қазақстан құрамасы Андорра футболшыларын әбігерге түсіре алмады.

Әйтсе де, ойынның 68-минутында бір гол соқтық. Ойынға бұрыштан қосылған допты айып алаңы ішінде бәрінен биік секірген Логвиненко басымен қақпаға тура бағыттады. Гол! Андорра қақпашысы ышқына атылғанымен, тойтара алмай, қапы қалды.

Екі ойында әзе соққан жалғыз добымыздан кейін, "енді осы есепті ұстап қалса" деген тілегіміздің күлі көке ұшты. Әуелі, нақтырақ айтқанда, 76-минутта Серікжан Мұжықов екінші рет ескерту алып, алаңнан қуылды. Яғни біздің құрама 10 ойыншымен қалды.   

Ал 86-минутта құрама капитаны Дмитрий Шомко ойламаған жерде жаза басып, допты артында келе жатқан ойыншылардың біріне ысыра салды. Оңай олжаны Жорд Алаэс іліп әкетіп, алдынан жүгіріп шыққан Ненад Эричті де сан соқтырып кетті. Гол...

Төреші ойынның негізгі уақытына 4 минут қосқанымен, қалған сегіз минутта біздің құрама гол соға алмады. Сөйтіп, жеңісті есепті уыстарынан шығарып алып, екі ұпай жоғалтты. Екі тайм бойы басымдық танытқандарымен, доп сала алмай, пұшайман болды...

Андорра – Қазақстан – 1:1

Голдар: Логвиненко, 68 (0:1). Алаэс, 86 (1:1).
Ескертулер: Клементе, 39. Алаэс, 79 – Тұңғышбаев, 11. Мұжықов, 45+3. Шомко, 65.
Алаңнан қуылды: Мұжықов, 76.
Андорра: Ж.Гомес, Сан-Николас (Х.Рубио, 83), Ильдефонс Лима, Льовера, Ч.Рубио (С.Гомес, 80), Валес, Ребес, Цервос, Клементе (Алаэс, 69), Виейра, Мартинес.
Қазақстан: Эрич, Шомко, Логвиненко, Постников, Бейсебеков (Сейдахмет, 90), Қуат, Мұжықов, Исламхан, Тұңғышбаев (Зайнутдинов, 66), Муртазаев (Тұрысбек, 59), Щеткин.
Төрешілер: Тораринссон, Гудмундссон, Сигурдарсон (бәрі де – Исландия).

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 2 – 13
Тура соққы: 1 – 4
Қиыс кеткені: 1 – 7
Тойтарылғаны: 0 – 2
Бұрыштама соққылар: 0 – 11
Офсайдтар: 1 – 1

Допқа иелік ету: 29 – 71
Ескерту (сары қағаз): 2 – 5

Ойыннан қуылды (қызыл қағаз): 0 – 1
Ереже бұзу: 18 – 13

 

D лигасы. 1-топ.

Қазақстан – Грузия – 0:2

Латвия – Андорра – 0:0

*  *  *

Грузия – Латвия – 1:0

Андорра – Қазақстан – 1:1

 

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу