Қазақстан ерлер және әйелдер құрамалары командалық жарыста алғашқы кездесулерін өткізіп, ширек финалға жолдама алу үшін күресті жалғастырып жатыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Ерлер құрамасы топтық кезеңді сәтті аяқтап, екі рет жеңіске жетті. Алғашқы кездесуде отандастарымыз Филиппин құрамасын 3:0 есебімен ұтса, одан кейін Шри-Ланкадан 3:1 есебімен басым түсті. Осы нәтижелердің арқасында Қазақстан құрамасы 1 топта бірінші орын алды.
Енді ширек финалға шығу үшін қазақстандық үстел теннисшілеріне плей-офф кезеңінде тағы екі кездесуде жеңіске жету қажет.
Ал әйелдер құрамасы алғашқы матчта Мальдив командасын 3:0 есебімен жеңді. Алайда екінші кездесуде Иран құрамасына 2:3 есебімен есе жіберді. Нәтижесінде Қазақстан құрамасы үшінші топта 2 орынға тұрақтады.
Енді үздік 8 команданың қатарына қосылу үшін плей-офф кезеңінде қатарынан үш кездесуде жеңіске жетуі керек.
Айта кетейік, ерлер және әйелдер арасында Азияның ең үздік 6 құрамасы ширек финалға тікелей жолдама алды. Қалған командалар ширек финалға берілетін 2 бос орын үшін топтық кезең мен плей-оффта бақ сынап жатыр.
Жарыс 19-25 қазан аралығында өтеді. Сары құрлық біріншілігінде Қазақстан атынан 10 спортшы бақ сынайды.
Ерлер құрамына Кирилл Герасименко, Алан Құрманғалиев, Айдос Кенжіғұлов, Санжар Жұбанов және Ескендір Харки кірді.
Әйелдер арасындағы жарыста Зәуреш Ақашева, Сарвиноз Миркадирова, Жанерке Көшкімбаева, Альбина Жақсылықова және Ангелина Романовская өнер көрсетеді.