Қазақстан құс етін арзан сату жөнінен Беларусь, Ресеймен бәсекелесе алмай отыр

4061

Қуаңшылық пен жем бағасының жоғары болуы құс өнімін өндірушілерді шығынға батырады. Әсіресе, жаз мезгілінде жағдай қиындайды. Себебі жазда халық үй құстарын қолда ұстайды. Сонымен бірге жеміс-жидек көбейгендіктен, бағасы арзан дәрумендерді көбірек алады. 

Қазақстан құс етін арзан сату жөнінен Беларусь, Ресеймен бәсекелесе алмай отыр

Бұл туралы XI қазақстандық құс өсірушілердің халықаралық форумында Қазақстан құс өсірушілер одағының президенті Руслан Шәріпов айтты, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

"Мәселе құстың азығына келіп тіреледі. Армения, Ресей, Беларуссия, Қырғызстан секілді көрші елдерде де проблема ортақ. Бүгінгі таңда бізде бір тонна жем 180 мың теңге болды. Төрт жыл ішінде төрт есе қымбаттады. Өнімнің өзіндік құнының жетпіс пайызы осы жемге кетеді. Егер ол арзан болса, біздің ет нарықта арзан болар еді. Сонымен бірге Қазақстанда осы астықтан басқа керекті нәрсе жоқ. Қалғандарын валютаға сатып аламыз. Ал валюта деген қалай болып тұрғанын өздеріңіз де білесіздер. Кеңес заманында бізде бәрі болды. Бүкіл әлемге біздегі құс еті шығарылатын. Тәуелсіздік алған соң оларды жоғалттық. Ал Ресей мен Беларусьте барлығы дерлік сақталған. Құрал-жабдықтары жеткілікті. Арзан баға жөнінен олармен бәсекелесу бізге өте қиын. Мәселенің шешімі тек мемлекеттік қолдауға байланысты. Қаскеленде құс шаруашылығы институты болды. Қазір тоқтап тұр. Қалпына келтіру керек. Қайтадан жандандыруды талап етеміз", – дейді Шәріпов. 

Қазақстан жұмыртқа өнімімен ішкі қажеттілікті жүз пайыз қамтамасыз етеді. Жылына бес миллиардтан астам жұмыртқа жинайды. Былтыр құс еті бойынша 286 мың тонна өндірілген. Биыл шамамен 300 мың тонна шығар деп жорамалдайды. Қазір үлкен үш-төрт зауыт салынып жатыр. Олар Алматы, Қызылорда, Ақтөбе облыстарында орналасқан. 

"Бұған дейін үкімет бізге арзан азық берген болатын. Қазір жоқ. Қуаңшылық болған соң жем табу қиын. Жабдығы жоқ, азық сатып алу ауырлық текен төрт-бес шағын фабрика жабылды. Дегенмен тұрақты өсім бар. Менің ойымша, екі-үш жылдан кейін ет бойынша да жақсы көрсеткіштерге жетеміз", – дейді Шәріпов.

Оның айтуынша, тауықтан гөрі суда жүзетін құстардың өнімі кенжелеу қалған. Оларды көбіне жеке секторда бағады. Ақырын-ақырын дамып келеді. 

Алайда құс өсірушілер одағының пікірімен Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі келіспей отыр. Дегенмен ол да бағаның жоғары екенін жоққа шығармайды. 

"Құс шаруашылығы саласы дамып келеді. Тағамдық жұмыртқа өндіруге субсидия беріледі. Бір данаға үш теңге беріледі. Құс етін өндіруге де, зауыттардың қуатына қарай, субсидия қарастырылған. Азық-түлікке ақша да бөлінеді. Мәселен, Азық-түлік корпорациясы арқылы биылғы жылы азық-түлікті нарықтық бағадан 30 пайызға арзандатып, арзандатылған бағамен сатып алуға 200 млрд теңге бөлінді. Бұл оң дамуға көмектеседі. Құс саны артып келеді. Қазір 47 миллион құс басы бар. Отандық жұмыртқа өндірісі өзімізді 101 пайыз қамтып отыр. Әрине, ал құс еті жөнінен импортқа тәуелділік бар. Бұл тұрғыда бизнеспен бірге жұмыс істеп жатырмыз. 2025 жылы ішкі қажеттілікті толығымен жабамыз деп жоспарлап отырмыз. Ал енді жем жоқ дегенмен келіспейміз. Біздің ел аграрлық ел болғандықтан өзімізді бидай және басқа да жеммен толық қамтамасыз ете аламыз. Ал баға мәселесі нарыққа керіп тіреледі. Ауыл шаруашылығы министрлігі оны реттемейді. Нарықта реттелуі керек", – дегенді алға тартады Ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруашылығы департаменті директорының міндетін атқарушы Ерлан Ілиясов.

Аталмыш іс-шара сегіз жылдан бері өткізіліп келе жатыр. Жиында құс өсіру, азықтандыру, ветеринария технологиясы және құрал-жабдықтар мәселесі талқыланды.

Жасын Қалибек 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу