Мұндай талап екі ел арасындағы жаңа уағдаластықпен бекітіліпті.
2025 жылғы 16 сәуірде Алатаудың арғы баурайындағы ағайын елдің бір палаталы Парламенті – Жоғорку Кеңештің депутаттары Ыстықкөл аумағында орналасқан курорттық-рекреациялық шаруашылық объектілеріне қатысты Қазақстанның меншік құқықтарын реттеу туралы келісімге Хаттаманы бірден 3 оқылымда қарап, ратификациялады.
Құжатта не қарастырылған? Қырғыздың Экономика және коммерция министрінің орынбасары Искендер Асылқұловтың мәліметінше, келесі объектілер сонау 2006 жылы Қазақстанға 49 жылға жалға ұсынылды:
- "Қазақстан" санаторийі (Бостери ауылында орналасқан),
- "Самал" демалыс үйі (Бостери ауылында),
- "Университет" спорттық-сауықтыру лагері (Бостери ауылында),
- "Олимп" спорттық-сауықтыру орталығы" республикалық мемлекеттік кәсіпорны базасындағы спорттық-сауықтыру базасы (бұрын "Автомобилист Казахстана" демалыс үйі деп аталған, Корумду ауылында).
Вице-министрдің мәліметінше, бұл объектілер кезінде Қазақстанға жаңғырту талабымен табысталды.
"Алайда Қазақстан бұл шартты орындамады. Өткен кезеңде ол аумақтарда ешқандай да ірі құрылыс жұмыстары жүргізілмеген. Сондықтан жаңа құжатта жаңа шарт қойылды: 2024 жылғы 31 желтоқсаннан бастап 5 жыл ішінде қазақстандық тарап осы объектілердің деңгейін көтеріп, оларды мүмкіндігінше, жыл 12 ай бойы жұмыс істейтін дәрежеге жеткізуге міндеттеледі", – деді Асылқұлов.
Атап айтқанда, Қазақстан:
- "Қазақстан" санаторийін – кем дегенде 4 жұлдызды қонақүйге,
- "Университет" спорттық-сауықтыру лагерін – кем дегенде 3 жұлдызды қонақүйге,
- "Самал" демалыс үйін – кем дегенде 3 жұлдызды қонақүйге,
- "Олимп" орталығын – жұлдыздылыққа байланыссыз, спортшылардың жаттығуына, қалыпқа келуіне, реабилитациялаудан өтуіне арналған заманауи спорттық-сауықтыру орталығына айналдыруға тиісті.
Бұған қоса, Қазақстан құрылыс жұмыстарында да, сондай-ақ іске қосылған объектілерді пайдалану кезінде де жұмыс күші мен персоналдың ең кемі 90%-ын Қырғызстан азаматтары арасынан жалдауға міндеттеме алыпты.
Жаңа келісім бойынша Қазақстан өзінің қаржысы жетпесе, шетелдік инвесторларды тарту құқығын иеленді.
"Егер Қазақстан өз мойнына алған міндеттемелерін сақтамаса, онда Қырғызстан барлық объектілерге немесе жекелеген объектіге қатысты келісімнің күшін толығымен немесе ішінара тоқтату туралы ниетін жариялай алады. Мұндай жағдайда Қазақстан тиісті хабарламаны алған күннен бастап 60 күн өткенде келісімнің күші жойылады. Ал, бүкіл объекті немесе жекелеген объект Қырғыз Республикасының меншігіне өтеусіз, тегін көшеді", – деген түсініктеме берді көрші елдің Экономика және коммерция министрлігі.
Өз кезегінде Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі екіжақты үкіметаралық келісімнің шарты бойынша Қазақстан шынымен де ескі туробъектілердің орнында заманауи жаңа қонақүйлер салуға тиіс болғанын растады.
"Казахстанская правда" газетіне түсініктемесінде министрлік аталған 4 объектінің тек біреуі ғана өз қарауында екенін мәлімдеді. Бұл – "Олимп" спорттық-сауықтыру орталығы. Ведомство былтырғы 2024 жылғы желтоқсанда сонау 2006 жылғы келісімге өзгерістер енгізетін жаңа хаттама толығымен күшіне енгенін нақтылады. Жаңа құжатқа сәйкес, Қазақстан келесі 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін барлық 4 объектінің құрылысын аяқтауға тиіс.
Бұл мерзімнің аяқталуына аз қалды. Үкімет басшысы Олжас Бектеновтың Қырғызстанға асыға аттанып, құрылыс барысына жеке өзі бақылау-инспекция жүргізуінің мәнісі осында болса керек.
Ыстықкөл облысының аумағында, дәл Ыстықкөл көлінің бірінші жағалау сызығындағы 13,7 гектар ауданда орналасқан "Олимп" спорттық-сауықтыру орталығы әбден көнерді. Туризм министрлігінің мәліметінше, әзірге оны модернизациялаудың жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеуге бюджеттен қаржы бөлу мәселесі ғана шешілген. Құрылыстың өзі басталмапты.
Келісімге енгізілген жаңа өзгерістерге сәйкес, Қазақстан туризм министрлігі "Олимп" аумағында жаңа спорттық-сауықтыру базасын тұрғызуға міндетті. Меморганның сендіруінше, тау бөктерінде орын тепкен бұл объект бірінші кезекте қазақстандық спортшыларды даярлауға пайдаланылатын болады.
Ал, Үкіметтің хабарлауынша, Премьер-министр Олжас Бектенов кеше Қырғызстандағы қазақстандық шипажайлардың құрылыс барысымен және реконструкциялау жоспарларымен өзі танысты. Бектенов Қырғызстанға Шолпан-Ата қаласында басталған Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысына қатысу үшін барды.
"Келген бетте Үкімет басшысы "Қазақстан" шипажайының жаңа ғимаратының құрылыс алаңында болды. Ол ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова, туризм және спорт вице-министрі Серік Жараспаев пен ҚР Президенті Іс басқармасы медициналық орталығының басшысы Алексей Цойдың Қырғызстанда орналасқан қазақстандық курорттық-рекреациялық 4 нысанның жағдайы туралы баяндамаларын және инвесторлармен серіктестікте оларды кезең-кезеңімен жаңғырту жоспарларын тыңдады", – деп мәлім етті Үкімет.
"Қазақстан"
Әлгі шенеуніктер Бектеновке "Қазақстан" шипажайының жаңа ғимараты құрылысының жоспарлы түрде жүргізіліп жатқанын баяндады. Мәліметінше, демонтаждау және құрылыс орнын дайындау жұмыстары аяқталған. Негізгі корпустардың, коттедждер мен шаруашылық блоктардың іргетасы мен монолитті қаңқасын салу жалғасып жатыр.
"Самал"
Екінші объектіде – 500 орындық "Самал" демалыс үйіне жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарда тұр. Әзірше тек инвесторы анықталыпты. Сондай-ақ, инвестициялық келісімнің жобасы дайындалды. Жыл бойы жұмыс істейтін 3 немесе 4 жұлдызды заманауи қонақ үй салу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде.
"Университет"
Ыстықкөл облысының Бостери ауылындағы "Университет" спорттық-сауықтыру лагерінің де құрылысы басталған жоқ. Ресми мәліметке жүгінсек, бүгінде бұл курорттық-рекреациялық аймақты дамыту тұжырымдамасы әзірленуде. Басқаша айтқанда, құжаты да дайын емес. Нысанды реконструкциялау бойынша инвесторлармен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Яғни, инвесторы да айқындалмаған. Бұл нысан базасында қазақстандық спортшыларды жаттықтыруға арналған спорттық инфрақұрылым – спорт залдары, бассейндер және тағы басқа нысандар құрылады.
"Олимп"
Оның да құрылысы бастау алған жоқ. Барлығы – әлі күнге талқылау сатысында. Қазақстандық инвестормен бірлесіп, "Олимп" спорттық-сауықтыру орталығын жөндеу, жұмыс істеп тұрған нысандарды реконструкциялау және қосымша спорт ғимараттарын салу мәселесі пысықталуда.
Осылайша, Олжас Бектенов тек "Қазақстан" санаторийінің құрылысына ғана куә бола алды. Көргеніне көңілі тола қоймаған Премьер-министр жауапты министрліктер мен мүдделі мемлекеттік ұйымдарға сын айтты. Оларды жобалардың сапалы жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге және реконструкциялауды бастау үшін қажетті рәсімдерді жеделдетуге міндеттеді.
Жұмыстардың барысын тікелей Үкімет өз бақылауына алды. Егер келесі жылдың соңына дейін 4 объектінің қайсысының құрылысы бітпесе, 49 жылдық мерзімнің аяқталуын күтпей, оларды Қырғызстан өз меншігіне алып қоюы мүмкін.
"Қазақстаннан" басқасында қызған құрылыс көрінбейді, тіпті құжаттарын, жобаларын пысықтау аяқталмаған. Бәрінде бірдей инвесторы жоқ. Бірнеше ай бұрын Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі "өзара ынтымақтастыққа мүдделі қырғызстандық әлеуетті инвесторлар болса, олардың контактілерін беруді" сұрап, Қырғызстанның тиісті меморгандарына хат жолдапты.