Қазақстан Қытай мен Үндістаннан көп турист тартудан бас тартты

23695

Бұған Үнді елін коронавирустың кең жайлауы ықпал етті.

Қазақстан Қытай мен Үндістаннан көп турист тартудан бас тартты

ҚХР өкілі Чжан Ханьхуэй Бейжің COVID-19 індетін наурыз айында толық жеңетінін жария етті. Бірақ Қазақстан көршісіне сенбейтінге ұқсайды.

Қалай болғанда, бұған дейін шың елінің азаматтарына берілген 72 сағаттық визасыз режимнің күші жойылды. Ол тек 1 шілдеде қайта жандануы мүмкін.

Ал Үндістанның орталық Үкіметі коронавирус пандемиясын "ұлттық нәубет" деп санау туралы өкім шығарды. Тиісінше, бұл індетпен күрес бұл мемлекеттің барлық штаттары мен аумақтарында енді "Табиғи апаттарға ден қою мемлекеттік қорынан" қаржыландырылып, көмек көрсетілетін болады. Үндістан Үкіметінің баспасөз қызметі хабарлағандай, COVID-19-тен өлгендердің отбасыларына 400 мың рупий төленеді. Көмек көрсету операцияларына қатысу кезінде қаза тапқандар отбасыларына да 400 мың рупий төлемақы берілмек.

Үндістан полицейлер, медицина қызметкерлері, биліктің жергілікті органдары үшін қорғаныш құралдарын, сондай-ақ зертханаларды, жылу сканерлерін сатып алуға, мемлекеттік ауруханаларды тиісті жабдықтауға енді ғана кірісіп жатыр.

Ресми мәлімет бойынша Үндістанда коронавирустің 84 оқиғасы тіркелген.

Бұл жағдай Қазақстан билігін осы ел саяхатшыларына берілген визасыз режимнен бас тартуға итермелеуде. Әйтпесе, биылғы қаңтар айында бұл режим тек Қытай азаматтары үшін ғана тоқтатылған болатын.

Дүниежүзіндегі ең көп халқы бар екі елдің Қазақстан арқылы транзитпен ұшатын азаматтарына 3 тәулік бойы еліміздің ірі қалаларында визасыз сайрандау мүмкіндігі 2017 жылдың 9 маусымынан бастап берілген еді.

Дегенмен, Үкімет 2020 жылғы 27 қаңтарда №10 қаулы қабылдап, қытайларды бұл құқығынан айырды. Жаңа қаулы жобасы тыйымды үнділерге де таратады.

"ҚР-ға келудің, болудың және одан кетудің жетпіс екі сағаттық визасыз режимінің қолданылуы бөлігінде Қазақстан Үкіметінің 2012 жылғы 21 қаңтардағы №148 қаулысымен бекітілген Көшіп келушілердің Қазақстанға келуі және онда болуы, сондай-ақ олардың елден кетуі қағидаларының 26-1-тармағының қолданылуы 2020 жылғы 1 шілдеге дейін тоқтатыла тұрсын", – делінген құжатта.

Мәдениет және спорт вице-министрі Өркен Бисақаевтың мәліметінше, осы өзгеріс жайында 2020 жылғы 28 ақпанда Президент әкімшілігінің басшысы Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен "Қазақстанда коронавирус инфекциясының алдын алу жөніндегі шаралар туралы Республикалық жедел штаб" отырысында-ақ айтылып, тапсырма беріліпті.  

Бірақ оны рәсімдеу ұзаққа созылып кеткенге ұқсайды. Ақыры 5–6 наурыз күндері вице-премьер Ералы Тоғжанов өткізген "Қазақстан аумағында коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия" отырысында қайта пысықталыпты.

Қазақстанда қытай індетіне шалдыққан азаматтардың пайда болуы осы серпін берді.

"Осылайша, Қазақстан аумағында коронавирустық инфекцияның кең таралуының алдын алу үшін Үндістан азаматтарына бұрын 2020 жылдың соңына дейін ұсынылған 72-сағаттық визасыз режимнің қолданысы уақытша тоқтатылады. Бүгінде Қытай халық республикасы мен Үндістан коронавирус бойынша қолайсыз елдердің тиісті санаттарына енгізілген: сәйкесінше 1А және 3 санаттарына жатады. Үндістанда коронавирустық инфекцияны жұқтыру мен жаппай тарату жағдайлары тіркелген", – дейді құжатта түсініктемесінде Өркен Бисақаев.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу