Елімізде өзекті мәселеге айналған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің тапшылығы жыл сайын ушығып барады.
Мал шаруашылығымен және егіншілікпен айналысатын аймақтарда тиімді қолданылмайтын жерлерді қайтарып алып, ауыл шаруашылығы айналымына енгізу ісі баяу жүруде және ұзақ жылдарға созылып кетті.
Ресми мәлімет бойынша соңғы 10 жылда елдегі ауыл шаруашылығы жерлерінің көлемі айтарлықтай азайды. Бұған оның тиімсіз пайдаланылып, жаппай деградацияға ұшырауы, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жерлерінің орман қорына өтуі әсер еткен.
Соңғы фактордың егжей-тегжейіне тоқталсақ, тәуелсіздік алғалы бері, 1991-2024 жылдар аралығында орман қорының жерлері 12,8 миллион гектарға ұлғайған. Ал, ауыл шаруашылығын жүргізуге жарамды жерлер 20,6 миллион гектарға қысқарған.
Яғни, шаруашылықты дұрыс жүргізбеу, тыңайтқыштарды жете енгізбеу, агрохимикаттармен, басқа да зиянды өнеркәсіптік заттармен, қоқыстармен ластау, желдің күшеюі және қуаңшылық сияқты түрлі факторлар кесірінен егін егуге және мал жаюға арналған жерлердің үлкен бөлігі – 8 миллиондай гектар шұрайлы жер гумусынан, құнарынан айрылып, жарамсыз болып қалған.
Ел Президентінің 2024 жылғы 30 шілдедегі №611 жарлығымен бекітілген "Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарында" айтылғандай, Қазақстанда топырақтың құнарсыздану процестері қатты белең алуда.
"Ел бойынша 90 миллион гектарға дейін эрозияға ұшыраған немесе эрозиялық-қауіпті жерлер бар, олардың 29 миллионы іс жүзінде эрозияға ұшыраған. Ғылыми зерттеулерге сәйкес бүгінгі күні ауыл шаруашылығында пайдаланылатын топырақтың 75%-дан астамы тозуға ұшырауы ықтимал, зерттелген аумақтағы гумус-қарашірігі аз жыртылатын топырақтың үлесі 62,5%-ға жетеді. Мұның бәрі шығымдылықтың төмендеуіне және қаржылық шығындарға әкеледі", – делінген Қазақстанның жаңа стратегиялық бағдарламасында.
Ұлттық даму жоспарында топырақ жамылғысының тозуының негізгі себептері ретінде – дақылдарды отырғызу кезінде ауыспалы егіс технологиясын сақтамау, сондай-ақ органикалық және минералды тыңайтқыштарды қолданудың жеткіліксіз деңгейі аталған.
Қазақстанда жерге сіңдірілетін тыңайтқыштардың көлемі салыстырмалы түрде төмен және ғылыми негізделген нормалардың орта есеппен небәрі 23%-ын құрайды.
Бірақ мал шаруашылығын дамыту үшін жаңа жайылымдар табу қажет. Үкіметке ұсыныспен шыққан бір топ сенатор ондай жерді енді ормандардан алып қоюды ұсынып отыр.
Бүгінде орман қорының көлемі 13,7 млн гектар ғана. Ал, ауыл шаруашылығына жарамды жерлер 200,2 миллион гектарды құрайды.
Соның ішінде ауыл шаруашылығы жерлері – 117,1 млн гектар, қосалқы жерлер – 83 млн гектар.
"Қазіргі кезде мал шаруашылығымен айналысатын азаматтар орман қоры құрамындағы ауыл шаруашылығы алқаптарын – жайылымдар мен шабындықтарды пайдалану үшін "орман билеттерін" алуға мәжбүр. Бұл жағдай шаруалардың жұмысына кедергі келтіреді. Мал басының көбеюіне байланысты жайылымдардың жетіспеушілігін туғызуда. Республика бойынша 4,6 мың гектар жайылым жетіспейді", – деді ұсыныс авторларының бірі сенатор Жанболат Жөргенбаев.
Сондықтан Сенат депутаттары Үкіметтен "жергілікті атқарушы органдардың өкілеттіктерін кеңейтуді, ауылдық әкімдіктердің орман қорында орналасқан жайылым мен шабындықтарды бөлу бойынша өкілеттігін арттыруды" сұрап отыр.
Бұған қоса, сенаторлар "орман қоры жерлерін ауыл шаруашылығына айналдырудың құқықтық негіздерін айқындау үшін Жер, Орман және Экологиялық кодекстеріне өзгерістер енгізуді" ұсынды. Бұл жұмысқа ғылыми институттар мен аграрлық университеттерді белсенді тарту қажет деп санайды.
Олар жайылым проблемаларын шешу, жеке шаруалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін орман қорына, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға қатысты көзқарасты қайта қарауды өтінді.
"Қазақстанның орман қорының құрамындағы жайылымдарды ұтымды пайдалану үшін жергілікті әкімдіктердің өкілеттіктерін кеңейту қажет. Сонымен қатар, орман қорына қатысты жайылымдарды елді-мекендер қорына қайтаруды қарастыруды ұсынамыз! Осы шаралар аграрлық сектордың дамуына, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ауылдық аймақтардың экономикалық әлеуетін арттыруға септігін тигізеді", – дейді сенатор Жөргенбаев.
Үкімет мал бағу үшін орманнан жер телімдерін жаппай тартып алуға әзірге қарсы. Дегенмен, орман қорының біраз жерін қайта бөлу арқылы ауыл шаруашылығын одан әрі дамыту мәселесін қарауға дайын.
Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстан дүниежүзінде "орманы аз елдердің" қатарына жататынын сенаторлардың есіне салды. Ормандар республика территориясының бар-жоғы 5%-ын құрайды.
Мемлекеттік орман қорының (МОҚ, оған тек ормандар ғана емес, жайылымдар, тіпті елді мекендер кіреді) жалпы ауданы 30,9 млн гектар, бұл – ел аумағының 11,3%-ы. Оның ішінде ағаштар жайқалған орман алқаптары 13,7 млн гектар ғана аумақты алып жатыр.
Олжас Бектенов мемлекет алдына орманды отау емес, керісінше, еліміздің орманды жерлерін көбейту бойынша міндеттер қойылғанын да қаперге салды. Осы бағытта кешенді жұмыс жүргізілуде.
Мысалы, республиканың бүкіл аумағында 2 млрд ағаш отырғызу, орман алқаптарының ауданын қазіргі 13,7 миллионнан 14,5 млн гектарға дейін кеңейту және басқа да шаралар қолға алынуда.
"Алайда агросекторды дамыту басым бағыт болып табылады. Ол үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің ауданын ұлғайту қажет. Институционалдық тетіктерді жетілдіру, тиісті құқықтық реттеуді белгілеу, жер ресурстарын ұтымды қайта бөлу және ұлғайту, оларды қорғау мен алып қоюға жол бермеу, құнарлылығын сақтау және арттыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде", – деді Олжас Бектенов.
Оның мәліметінше, ұқыпты, ұтымды жұмсаса, жер көп. Ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлердің ауданы 117,1 миллион гектар. Бұл елдің бүкіл жер қорының 44,8%-ына сәйкес келеді.
Олжас Бектенов орманда мал жаюды ұйымдастыруға болатынын жеткізді.
"Мәселен, Орман кодексіне сәйкес мемлекеттік орман қорының (МОҚ) аумағында мал жаю толығымен регламенттелген. Осы қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың МОҚ-тың бос учаскелерін оңайлатылған және автоматтандырылған мемлекеттік қызмет арқылы кез келген ыңғайлы мерзімге алуына болады. Осы мақсатта 2024 жылы шамамен 3 миллион гектар мемлекеттік орманның жері мал жаю үшін берілді", – деді Үкімет басшысы.
Бұл тек басы ғана, Қазақ ұлттық аграрлық университеті ғылыми негіздеме беріпті. Соның негізінде бірқатар өңірлерде жайылым тапшылығын азайту үшін белгілі бір орман учаскелерін мал жаюға пайдалануға беру көзделуде. Осы мақсатта бірнеше облыста мемлекеттік орман қорының жерлерінде шөп шабу және мал жаю қағидалары қайта қаралды.
Бұдан басқа, орналасқан жері мен пайдалану шарттарын көрсете отырып, шөп шабуға және мал жаюға жарамды бос учаскелерді анықтау бойынша мемлекеттік орман мекемелері мен жергілікті атқарушы органдардың өзара іс-қимыл тәртібі бекітілді.
Айта кету керек, ресми мәліметке сәйкес, жайылымдық алқаптар бойынша деректерді қоса алғанда, 205,5 миллион гектар ауыл шаруашылығы жерлері, соның ішінде шөлді және шөлейтті аумақтарды қоспағанда, цифрландыруға жататын алқаптардың 100%-ы цифрландырылды.
Қазіргі уақытта орман қорын картаға түсіру жұмыстары жүргізілуде. Осы мақсатта forest.gharysh.kz және orman.gharysh.kz платформаларында орман шаруашылығының цифрлық векторлық карталары жасалды.
Қазіргі кезде елдің орман қорының шамамен 99%-ы цифрландырылған. Бұған қоса, "Табиғи ресурстардың интерактивті картасы" бірыңғай веб-порталы (tabigat.gov.kz) жұмыс істейді.
Сондай-ақ, Премьер-министр ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер қорын ұлғайту жұмысы Пайдаланылмайтын немесе заңнаманы бұза отырып берілген жерлерді алып қою жөніндегі комиссияның қызметі аясында жүзеге асырылатынын атап өтті.
Соңғы 3 жылда комиссия жұмысының нәтижесінде мемлекет меншігіне 12,2 миллион гектар ауыл шаруашылығы жерлері қайтарылды. Тарата айтқанда, 2022 жылы – 5,4 млн, 2023 жылы – 4,6 млн, 2024 жылы – 2,2 млн гектар мемменшікке кері оралды.