Қазақстан мен Қырғызстан шекарасынан "ши" шықты

137

"Ұлы жібек жолы" тығырыққа тіреле бастаған ба?

Қазақстан мен Қырғызстан шекарасынан "ши" шықты Фото: primeminister.kz

Қыс ішінде, ақырған боран мен үскірік аяз аясында Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы мемлекеттік шекарада жүк көліктерінің үлкен кептелісі туындап, тасымал дағдарды. Шыдамы, қаржысы, тамағы қатар таусылған жүргізушілер түрлі инстанцияларға шағым боратуда.

Осыған орай қазақстандық тараптан түсініктеме алғызған Еуразиялық одақтың басты органы – Еуразиялық экономикалық комиссия қазақ-қырғыз шекарасының жекелеген өткізу бекеттерінде жүк көліктерінің шектен тыс шоғырлануына байланысты түсініктеме берді.

Одақтың басты органы Қазақстан тарапынан берілген ақпаратқа сілтеме жасап, бұл тығырыққа жүк көліктерін шекаралық рәсімдерден өткізу мерзімінің ұзаруы себеп болғанын жеткізді. Ал, әрбір машинаны егжей-тегжейлі тексеру "шекарада тәртіп орнатумен", "жоспарлы бақылау іс-шараларының жүргізілуімен" байланысты екен.

"Жүргізіліп жатқан шаралар нысаналы әрі уақытша сипатқа ие. Бұл шекарада тәртіп орнатуға, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін тауарлардың заңсыз айналымының жолын кесуге бағытталған", – деп мәлім етті Қазақстанның уәкілетті органы.

Хабарламада Астана Қырғыз Республикасын стратегиялық әріптесі әрі одақтасы деп танитынын, онымен қалыптасқан татулығын жоғары бағалайтынын, сондай-ақ екі елдің экономикасына және халықаралық беделіне нұқсан келтіретін заңсыз әрекеттерді болдырмау үшін түсіністік пен ынтымақтастықтан үміттенетінін ерекше нықтады. Яғни, Бішкектен бұл күйзеліске түсіністікпен қарауды сұрайды.

"Астана стратегиялық әріптес әрі одақтас, бауырлас Қырғызстанмен қалыптасқан айрықша тату көршілік қатынастарын жоғары бағалайды. Қазақстан екі елдің экономикасына және халықаралық беделіне елеулі зиян келтіретін заңсыз әрекеттердің жолын кесу мақсатында түсіністік пен одан әрі бірлескен ынтымақтастыққа үміт артады. Қазақстан мен оның жоғары басшылығы Қырғызстанның жоғары басшылығына және бүкіл бауырлас қырғыз халқына әрдайым шынайы құрмет көрсетіп келеді. Бұл – Қазақстанның стратегиясының өзегі, мәні, ол конъюнктуралық жағдайларға байланысты өзгермейді. Заңсыз тасымалдарды тоқтату екі елдің де мүддесіне толықтай сай келеді", – делінген қазақстандық тараптың хабарламасында.

Өз кезегінде одақ бұл іске араласа алмайтынын ескертті, өйткені мұндай шаралардың Еуразиялық одаққа мүше мемлекеттердің ұлттық құзыретіне ғана жататынын және еуразиялық интеграцияға әсер етпейтінін алға тартты. Одаққа кіретін елдер қаласа, шекарасын уақытша жауып тастай алады екен.

"ЕАЭО-ның шарттық-құқықтық базасы өзіне мүше мемлекеттердің өзара саудасында кедендік, көліктік, санитарлық, ветеринарлық және карантиндік-фитосанитарлық бақылауларды алып тастауды көздейді. Бірақ ЕАЭО құқығында көзделген жекелеген жағдайларға бұл таралмайды", – деп мәлімдеді ұйым.

Сондай-ақ ЕЭК мынаған назар аудартты: контрабандамен және тауарлардың көлеңкелі айналымымен күрес "заңды тауар айналымын қамтамасыз ету, интеграциялық үдерістердің тұрақтылығын сақтау және адал сауда қатысушылары үшін бақылау рәсімдерін барынша азайту жолындағы басым міндет" болып қала береді. Тиісінше, ол приоритетті жүзеге асыру үшін Қазақстан өз шекарасында қатаң тексеру енгізсе, бұл халықаралық міндеттемесіне мүлдем қайшы емес.

Жалпы, шетелдік ақпарат құралдарының мәліметінше, соғыс жүргізіп жатқан Ресей көптеген санкциялық тауарларды Қырғызстан арқылы тасымалдайтын көрінеді. Қазақстан батыстық серіктестері алдындағы уағдаластықты орындау үшін заңсыз заттарды өз аумағы арқылы өткізбеуге тиіс.

Ресми Астананың ЕАЭО-ға жолдаған түсініктемесінде "ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін тауарлардың заңсыз айналымына" қарсы тұрып жатқанына сілтеме жасауының бір себебі сонда болса керек.

Бірақ Мәскеу ол тауарлар Қазақстанға арналмағандықтан, қырғыз аумағынан Ресейге дейін тоқтаусыз өтуі керек деп табандап жүр. Осы мақсатта биылдан бастап Еуразиялық одақ аясында жолай бүлдіруге, ашуға болмайтын навигациялық пломбалар, тауарлардың қадағалануын қамтамасыз ету және таңбалау тетіктері енгізілуде, кедендік құнды бақылау жүйесі жетілдірілуде.

Бұған дейін Мәжіліс депутаттары Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы ұзақ-сонар кезектер мәселесін көтерген болатын. Депутат Гүлдара Нұрымова жүк көліктерінің өткізу бекеттерінде бірнеше тәулік бойы тұрып қалатынын қаперге салды.

Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев бұған қырғызстандық тарапты кінәлады: оның мәліметінше, Қарасу өткізу бекетінде – негізгі жүк өткізу пунктінде Қырғызстан жақта көліктерді жинақтауға арналған алаңдар жоқ. Салдарынан көршінің кеденшілері мен шекарашыларының тексерілмеген жүк көліктерін Қазақстан аумағына бағыттай салатынына шағымданды. Бұл, министрдің түсіндіруінше, Қазақстан жағында көліктердің шоғырлануына соқтырады.

Сондай-ақ Сауранбаев мәселені шешу үшін жүк көліктерін тоқтатпай-ақ қозғалыс барысында тексеруге – өлшеуге, рентгеннен өткізуге мүмкіндік беретін заманауи бақылау жүйелері енгізілетініне уәде етті. Министрдің сөзінше, өткізу бекеттерінің жұмысы "айтарлықтай жақсарады". Бірақ бұл 2027 жылға арналған жоспар.

Халықаралық жүк тасымалдаушылар қауымдастығы шекарадағы көп шақырымдық кезекке тексерулердің күшейтілгені себепкер екенін растады. Қауымдастық төрағасының орынбасары Игорь Голубев Tazabek басылымына пікір білдірді.

"Қазақстанның Шекара қызметі және кеден қызметіне жауапты Мемлекеттік кірістер комитеті тексеруді күрт күшейтті. Бұл өз кезегінде кідірістерге алып келіп отыр. Мұның нақты себебі неде екенін айта алмаймыз. Әйтсе де, мұндай мұқият тексерулер бірінші рет болып отырған жоқ. Бір түсініксізі, бос машиналарды да тез өткізбейді. "Кең-Булун" өткізу бекетінде бос жүк көліктері тұр. Осындай жағдай "Қарасу" бекетінде де байқалады: жүк көліктері кезегінің ұланғайырлығы сонша, оның соңы Қант қаласындағы цемент зауытына дейін жетіп, тіреліп тұр", – деді Голубев.

Қауымдастық фураларды кедендік тұйықтан шығару үшін мемлекеттік органдармен тығыз байланыста жұмыс істеп жатқанын жеткізді.

"Біз жағдайды пысықтап жатырмыз. Не істей аламыз? Проблемалар туралы дабыл қағып, жоғарыға баяндаудамыз. Билік екі ел деңгейінде келіссөздер жүргізуде. Айта кету керек, биылғы 30 қаңтарда ЕЭК кеңесі өткенде, осы мәселе көтерілген еді. Соған қарамастан бүгінде шекарада көп шақырымдық кезектер жойылған жоқ. Бұл тауарлардың одақ ішіндегі қозғалысы қаншалықты еркін екенін және ЕАЭО аясындағы достық қарым-қатынастардың қазіргі жай-күйін көрсетеді", – деп налыды Игорь Голубев.

Сондай-ақ сарапшы Қырғызстан–Қазақстан шекарасындағы өткізу бекеттерін жаңғырту қажеттігін, түйткілдердің бір ұштығы содан туындайтынын жасырмады. Бірақ Бішкек бұл мәселені кейінге ысырыпты.

"Біз бұл мәселені Қырғызстанды 2030 жылға дейін логистикалық хаб ретінде дамыту жөніндегі жалпы бағдарламаға енгіздік. Кезектерді азайтып, жүк транзитінің тиімділігін арттыру үшін бұл бағдарламаны жеделдетіп іске асыру қажет", – деп қосты қауымдастық басшылығының өкілі.

Ресейлік басылымдардың мәліметінше, ұқсас жағдай Қазақстан–Ресей шекарасында да тіркелді және бұл "Ұлы Жібек жолы" бағытында іркіліс барын паш етеді деп санайды. "АвтоГрузЭкс" автомобиль жүк тасымалдаушылар мен экспедиторлар қауымдастығының мәліметінше, Ресей–Қазақстан шекарасында екі тараптан да ретсіз кезекте 600-ден астам жүк көлігі тұрған, деп жазды Маркет Репорт.

"Былтырғы қыркүйек–қазан айларында жүргізушілер ұқсас кептелісті өздері туындатты: ресейлік кеденшілердің ауқымды тексерулерінен қауіптеніп, олардың аяқталуын Қазақстан жағында, жол жиегінде күткен еді. Кейін РФ президенті Қазақстан мен Қырғызстаннан тауарларды елге әкелуді уақытша жеңілдеткен жарлық қабылдады. Ал, енді жаңа кептелістерге негізінен жүк тасымалының күрт артуы, содан өткізу бекеттерінің шамадан тыс жүктелуі себеп болып отыр", – деді "АвтоГрузЭкс" президенті, "ПЭК" логистикалық компаниясының тең иесі әрі директордың орынбасары Вадим Филатов.

Ол жүк көліктері "ЕАЭО тауары" таңбасы мен мәртебесін растайтын ілеспе құжаттарсыз-ақ Ресей аумағына кіре алатынын еске салды.

"Мұндай тәсіл бірқатар компанияға шекарадан жедел өтуге және кедендік рәсімдерді кейіндері, Ресей аумағында асықпай жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде бос тұрып қалу қаупін азайтады", – деді сарапшы.

Осындай жеңілдік енгізілген соң Қазақстан-Ресей шекарасында айлап күткен мыңдаған фура ары өтуге жаппай лап қойды. Оларды қос тарап еңсере алмай жатыр.

"Ресей аумағына кіруге ниеттілердің саны әлі де көп. Осыған байланысты қазақстандық CargoRuqSat электронды кезек жүйесі кейде жүктемеге шыдамай, істен шығып жатады. Бұл жағдай кідірістер мен күту уақытын одан әрі арттырды", – деп қосты Филатов.

Мұндай кептелістер жыл сайын қайталанып тұратынын "Байкал-Сервис ТК" ЖШҚ халықаралық тасымалдар бағытының жетекшісі Георгий Шевалдин де растады. Оның тұжырымдауынша, қазіргі жүк көліктерінің жиналуына бірнеше фактор ықпал етті. Бұлар – тауарларды "сұр" схемалармен әкелудің алдын алу мақсатындағы ресейлік күшейтілген тексерулер, РФ-та утилизациялық алымның күрт көтерілуі, жаңажылдық ұзақ каникулдардан ресейлік кеденнің таяуда ғана шығуы.

Сарапшылар шекарадағы кептелістер таяуда өздігінен шешіледі деп күтуде. Өйткені 17 ақпаннан 3 наурызға дейін Қытайда "Жаңа жыл" мерекесі тойланады. Бұл күндерде қытайлық шекаралар негізінен жабылады. Сонда ҚХР-дан бері тасқындайтын жүк ағыны азаяды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу