Қазақстан мен Қытай арасындағы үшінші теміржол өткелі ашылуы мүмкін

242

Нәтижесінде көлік дәлізінің өткізу қабілеті жылына 25 млн тонна жүкке дейін артады.

Қазақстан мен Қытай арасындағы үшінші теміржол өткелі ашылуы мүмкін Фото: gov.kz

Көлік министрлігінде "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ өкілдерінің қатысуымен теміржол саласындағы инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мәселелеріне арналған жиын өтті. Кездесу барысында тараптар Дарбаза – Мақтаарал, Мойынты – Қызылжар және Бақты– Аягөз теміржол желілері құрылысының қазіргі барысын талқылады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Негізгі жобалардың бірі – ұзындығы 127,6 шақырым (бас жолдар) болатын Дарбаза – Мақтаарал теміржол желісінің құрылысы. Бүгінде нысанда жер төсемін салу, рельс-шпал торын төсеу, көпірлер, жол өткелдері, мал өткелдері және өзге де инженерлік жүйелерді салу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жобаны іске асыруға 1 400-ден астам маман мен 1 045 бірлік техника жұмылдырылған.

Жаңа теміржол желісі Өзбекстан Республикасымен қосымша халықаралық көлік дәлізін қалыптастыруға, жүктемесі жоғары Сарыағаш – Ташкент бағытындағы жүк ағындарын қайта бөлуге, теміржол желісінің өткізу қабілетін арттыруға және Орталық Азия елдері бағытындағы транзиттік тасымал көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Жиын барысында ұзындығы 300 шақырымнан асатын Мойынты – Қызылжар теміржол желісінің құрылысын биыл аяқтау жоспарланып отырғаны атап өтілді. Қазіргі таңда жер төсемін салу жұмыстарының 93%-ы орындалып, ал рельс-шпал торын төсеу 51%-ға аяқталды. Сонымен қатар көпірлерді, құбырларды, жол өткелдерін және мал өткелдерін қоса алғанда, жасанды құрылыстарды салу және монтаждау жұмыстары жалғасуда. Нысанда 2 мыңға жуық маман еңбек етіп, 698 бірлік техника жұмылдырылған.

Кездесуде Бақты – Аягөз теміржол желісінің құрылыс барысы да жеке қарастырылды. Бүгінде 20 млн текше метрден астам жер жұмыстары орындалды, бұл жобалық көлемнің 52%-ын құрайды. Жер төсемін салу жұмыстарын биылғы жылдың қазан айында аяқтау жоспарланып отыр. Құрылыс алаңында 1 379 маман еңбек етіп, 884 бірлік техника жұмылдырылған. Ұзындығы 303 шақырым болатын Бақты – Аягөз теміржол желісі Қазақстан мен Қытай арасындағы үшінші теміржол шекаралық өткелін ашуға мүмкіндік береді. 

Кездесу қорытындысы бойынша Теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы Нұржан Келбұғанов еліміздің көлік жүйесін дамыту аясында стратегиялық маңызы бар инфрақұрылымдық жобаларды дер кезінде іске асырудың өзектілігін атап өтті. Ол құрылыс жұмыстарының бекітілген кестеге сәйкес орындалуын қамтамасыз етуді, жұмыс қарқынын жеделдету бойынша қосымша шаралар қабылдауды, өнеркәсіптік және өндірістік қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды, сондай-ақ барлық нысандарда құрылыс-монтаж жұмыстарының жоғары сапада орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу