Қазақстан мен Қытай бірлескен инвестициялық қор құрмақ

3200

Бейжіңде Қазақстан экономикасының әлеуетті секторларын инвестициялау мандаты бар 300 млн долларлық қор құруға қатысты соңғы келіссөздер өтуде.

Қазақстан мен Қытай бірлескен инвестициялық қор құрмақ

Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы қазақстандық жобаларды инвестициялау үшін 300 млн долларға бірлескен қор құрады. Бейжіңдегі  "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ делегациясының қытайлық тараппен өткен келіссөздер шеңберінде "Қазына Капитал Менеджмент" басқармасының төрағасы Асқар Достияров ("ҚКМ") осындай мәлімдеме жасады.

Асқар Достияров атап өткендей, қор құру процесі аяқталуға таяу. "Қазына Капитал Менеджмент" таратқан баспасөз баянында айтылғандай, "ҚКМ", CITIC Group Corporation, Қытай-Еуразия экономикалық ынтымақтастық қоры және Asia Investment Finance Group қордың инвесторлары атанбақ. Дегенмен, тараптардың нақты үлесі көрсетілмеген.

Қордың мандаты – жоғары технологиялық өндіріс, жаңа үлгідегі ақпараттық технологиялар, инфрақұрылым құрылысы, логистика, ауыл шаруашылығы, энергетика салаларындағы жобаларды инвестициялау. Қордың инвестициялық қызметінің географиясы Қазақстан аумағы бойынша шектелетін болады.  

"Қытайлық серіктестермен бірлескен қызмет бағытында "ҚКМ"-ның тәжірибесі бар. "ҚКМ" бұған дейін CITIC Kazyna Investment Fund қоры шеңберінде жұмыс істеген болатын. Аталған қор 100 млн долларға бес жобаны қаржыландырды. Оның екеуі Қазақстан аумағында орналасқан. Олар – электр энергетикасы және темір жол кешені бағытындағы инфрақұрылымдық жобалар. 2017 жылдың соңына дейін 300 млн долларға бірлескен қор құруды жоспарлап отырмыз. Келер жылдан бастап алғашқы жобалар қаржыландырылмақ", – деді Асқар Достияров.

Сапар барысында қазақстандық кейбір компанияларды IPO-ға орналастыруды қарастыру үшін Азия инвестициялық-қаржылық тобымен, CITIC Securities және Гонконг қор биржасымен кездесулер жоспарланған.

"Қазына Капитал Менеджмент" – ""Бәйтерек" ҰБХ" АҚ-ның еншілес құрылымы. Оның қызметі Қазақстан экономикасының тұрақты дамуына үлес қосу үшін қазақстандық қаржыны тікелей инвестициялар қорларына    инвестициялаумен байланысты.

Еркебұлан Қыздарбек, Сұлтан Биманов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу