Қазақстан мен Өзбекстан: барлық арна ашылды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
10325

Өзбекстан Қазақ елінің көшбасшылығын таныды.

Қазақстан мен Өзбекстан: барлық арна ашылды

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынас бүгінде барлық арна-шлюздері ашылып, суы лақылдай төгіле жөнелген бөгенді еске салуда. Өзбек басшысының сапары аясында қос мемлекет барлық дерлік саладағы ынтымақтастығын жаңалап, жаңғыртып шықты.

Бүгін Нұрсұлтан Назарбаев өз ақордасында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевпен кездесті. Ол мемлекет басшысы ретінде қазақ жеріне алғаш рет қадам басып отыр.

"Өзбек өз ағам" деген сөз бар қазақта. Бұл кезінде Керей мен Жәнібек хандардың Өзбек хандығынан (Әбілхайыр хандығынан) бөлініп шығып, жеке хандықтың шаңырағын көтергенін білдіретін ұғым болса керек. Бірақ дәл қазір Орталық Азия көшбасшылығы – қазақ елінің қолында. Өзбекстан бұған бұрынғыдай шамданып, бақталастық танытпайтын болады. Қайта өзбектердің қазіргі басшысы өз елінің әрдайым қазақ еліне арқа сүйеп, ардақ тұтатынын мәлімдеді. 

Өзбекстанның жаңа сайланған президентін қарсы алған елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алыстан барлап жатпай-ақ, одан не күтетінін бірден ескертті:

"Қарым-қатынасымыздың негізін Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Кәрімов екеуміз қалағанбыз. Ол менің досым еді. Топырағы торқа болсын. Ал сіз бен біз енді осы дәстүрлерді бауырластар, жақын елдер, тату көршілер ретінде бір-бірімізге көмектесе, құшағымызды аша отырып, жалғастыратын боламыз", – деді елбасы.

Өз кезегінде Шавкат Мирзиёев үлкенді сыйлап өскен ұлттың өкілі екенін анық аңғартты:

"Сіз, Нұрсұлтан Әбішұлы, өткен жылғы қыркүйекте Самарқандқа келгенде Қазақстан мен Өзбекстан әрқашан бірге болады деп едіңіз. "Жақсы күндері бір-біріміздің қуанышымызға ортақтасамыз, ауыр сәттерде бір-бірімізге сүйеу боламыз" дедіңіз. Бұл сөздер біздердің арамызды одан сайын жақындата түсті, бүкіл өзбек халқы нағыз достық әрі бауырдың қолтықтан демегенін түсінді. Сіз досыңыз – Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Кәрімовтың аруағына құрмет-қошемет білдіру үшін Хаит күні (Құрбан айт) арнайы келдіңіз. Содан бері мүлдем басқа қатынасымыз бастау алды. Біз соңғы бес айда бәрін бірінші рет жасап отырғандай сезімдеміз. Сіздер, Ислам Кәрімовпен бірге екі ел арасындағы осынау көпірді қаладыңыздар. Бұл көпір алдағы уақытта нығая беретін болады. Біз әр уақытта да Қазақстанды ең жақын әрі сенімді көрші ретінде қарастырамыз", – деп серт берді өзбек басшысы.

Бұл екі ел арасында ешқандай күндестік болмауы керек, барлығы тек достық пен әріптестікке құрылуға тиіс дегенді білдірсе керек. Әйтпесе "бұрынғыны жалғастырайық" дейтіндей, бұған дейін екі ел арасындағы өзара сауда-экономикалық қатынастар жоғары деңгейде болды деп айту қиын.

Мысалға, Өзбекстан президентінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2016 жыл қорытындысында екі ел арасындағы тауар айналымы 2 миллиард доллардан асқан. Көршімізде қазақстандық бизнесмендер мен капиталдың қатысуымен 230-дан астам кәсіпорын жұмыс жасауда. Қазақстанда 150-ден астам қазақ-өзбек бірлескен кәсіпорны қызмет етеді. Бұл 2012 жылғы деңгейден төмен: сол жылы 2,5 миллиард доллардан асып түскен болатын. 2015 жылы тауар айналымы 3,2 миллиард долларға жетіп еді. Содан бері өзара сауда-саттық біраз құлдырағанын көріп отырсыз.

Ал сапар қорытындысында екі ел кәсіпкерлері бұл көрсеткішті 5 миллиард долларға дейін жеткізе алатыны мәлімделді. Бұл белесті бағындыру үшін Өзбекстан республикамызға өзінде құрастырылған жеңіл және жүк автокөліктерінің, автобустарының, ауыл шаруашылығы техникаларының экспортын арттырмақ. Күні бүгінге дейін бұл бағытта біздің үкімет өз өндірушілерімізді қорғап, еңсесін көтерту үшін өзбек автозауыттарының экспансиясын біраз бөгеп келгені жасырын емес. Енді бұл арна толық ашылатынға ұқсайды. Өзбек тарапы тіпті өз автокөлік маркаларын шашылған күйде әкеліп, Қазақстан жерінде жинастыруға дайын. Олар осылайша, ЕАЭО талаптарын айналып өте алады.

Өзбектер дайын тоқыма бұйымдарын, электрлі техникалар мен жеңіл өнеркәсіп өнімдерін, құрылыс материалдарын, шыны және басқа да тауарларының қазақ нарығына құйылар легін ұлғайтпақ ниетте.  

Ал Қазақстан метал прокаты, ферроқорытпа, ағаш және ағаш материалдары өнімдерінің экспортын арттыра алады.

Қос мемлекеттің ауыл шаруашылығы, жеңіл және ауыр өнеркәсіп, құрылыс, машинажасау, көліктік коммуникациялар, мұнай-газ өнеркәсібі және басқа да көптеген салаларда ынтымақтастықты кеңейтуге мол мүмкіндіктері бар.

Ақордадағы жеке кездесуде Қазақстан президенті соңғы бес айда екі елдің арасындағы сауда-саттық 30 пайызға жоғарылағанын айтты.

Жалпы қос ел сарапшылары соңғы жылдары тоқырауға ұшырай бастаған қазақ-өзбек қарым-қатынастары елбасының былтырғы қыркүйекте Самарқандқа сапарынан және Шавкат Мирзиёевтің осы сапарынан кейін жаңа деңгейге көтеріле бастағанын айтады.   

Мысалға Өзбекстан басшысының айтуынша, осынау қысқа ғана мерзімнің ішінде өңірлік ынтымақтастық жаңаша өркен жаюда екен: Қазақстанның 3 өңірінің басшысы Өзбекстанға сапарлаған, өзбек елінің бірқатар аймақ басшылары қазақ елінде болып қайтты. Осылайша қазақ пен өзбек енді шекаралық, аймақтараралық ынтымақтастықты дамытуға кіріспек. Бұл өзара ықпалдастықтың жаңа деңгейі екенін айта кеткен жөн. Әйтпесе Қазақстан бұған дейін тек Ресеймен ғана осындай ынтымақтастықты жолға қойғаны мәлім. Демек, бұл жаңа арна да ашылып отыр.

Тағы бір – қос ел азаматтарының барыс-келісінің арнасын кеңінен ашпақ. Бұған дейін Қазақстан өзбек заңсыз еңбек мигранттарының ағынына тоспа құруға тырысқан. Енді шекарадан өтудің оңайлатылған тәртібін енгізу көзделеді.

Өзбекстан халықаралық салада да қазақ еліне иек артып, арқа сүйеуге дайындығын танытты. Болмаса, бұған дейін өңірлік көшбасшылық бойынша бәсекелестік аясында бұл ел Қазақстаннан өзгеше саясат ұстануға тырысатын. Қазақ мүше ұйымдарға бір кіріп, бір шығып, біраз мәселеде бізбен басы қосылмайтынын білдіріп жүретін. Өңірдегі алпауыт екі елдің тайталасы сайып келгенде, Орталық Азияның мүдделеріне кесірін тигізетін.

Шавкат Мирзиёев бұл бағытта Қазақстан мен Өзбекстанның қарым-қатынасы дамудың жаңа деңгейіне көтерілгенін атап өтті.

"Өткен жылы шын мәнінде тарихи құбылыс орны алды. Сіздің беделіңіздің арқасында Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Демек Орталық Азияның барлық мүдделері, Нұрсұлтан Әбішұлы, міндетті түрде сіздің басшылығыңызда болады деген сөз. Соның нәтижесінде Орталық Азияның қауіпсіздігі мәселелері реттеледі. Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі екі жылдық мүшелігі аясында Ауғанстан бойынша да шаралар қабылданарына сенім білдіреміз. Барлық бастамаларыңызды, іс-қимылдарыңызды Өзбекстанның қолдайтынына сендіремін! Қазіргі кезде өңірлік ынтымақтастыққа зор мән беріліп отыр. Бүгінгі кездесуіміз елдеріміз арасындағы одан арғы өзара тиімді іс-қимылға негіз болады деп үміттенемін", – деп бұл тараптағы өз ұстанымын анық аңдатты Өзбекстан президенті.

Шавкат Мирзиёев "түркі жұртының ақсақалы" атанған Қазақстан көшбасшысымен жиірек кездесіп, ақылын тыңдап тұруға дайындығын да білдірді: "Біз жиі кездесуге, бағытымызды үйлестіріп, алға қарай ілгерілеуге уағдаластық. Нұрсұлтан Әбішұлы, мен сізді өзіңізге ыңғайлы кез келген уақытта Өзбекстанға сапар жасауға шақырамын. Сізді Өзбекстанда қарсы алу мен үшін құрмет" деді Өзбекстан президенті.

Жалпы Ақордадағы келіссөз барысында тараптар күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықты дамытудың барлық стратегиялық бағыттарын талқылады.

"Президент ретіндегі Сіздің алғашқы мемлекеттік сапарыңыз Наурыз мейрамымен және елдеріміз арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толған кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Қазақстан Өзбекстан делегациясы сапарының жемісті болуы үшін барлық жағдайды жасауға әзір", – деді Нұрсұлтан Назарбаев мәртебелі мейманына қарап.

Қазақстан президенті ширек ғасырлық ынтымақтастығымыз аясында түрлі саладағы 100 келісімге қол қойылғанын, соның ең негізгілері – Мәңгілік достық туралы шарт пен Стратегиялық әріптестік туралы шарт болып табылатынын айтты.

"Тарихымыздың, тіліміз бен дәстүріміздің ортақтығы, халықтарымыздың көршілестігі қазақ пен өзбектің мәдени-гуманитарлық саладағы өзара тығыз іс-қимылының қалыптасуына алғышарт жасады. Қазақстан мен Өзбекстанда тұратын диаспора өкілдері қарым-қатынасымызға ерекше сипат дарытып отыр. Олар екі ел арасындағы дәнекер болып саналады. Сіздің елмен достық пен ынтымақтастықты нығайтуға негізделген бағытымыз өзгермейді", – деді Қазақстан президенті.

Мемлекет басшысы Астана мен Ташкент арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты екіжақты қатынастың өзегі деп бағалады.

Нұрсұлтан Назарбаев бұған дейін Шавкат Мирзиёевпен Самарқандта өткен кездесуден соң өнеркәсіп, бизнес, энергетика, көлік, сондай-ақ ғарыш және туризм салаларындағы екіжақты байланыс айтарлықтай жандана түскенін айтты.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев көлік-транзит саласындағы ынтымақтастықтың арта түскенін, соның ішінде жүрдек пойызға арналған Астана – Ташкент теміржол қатынасы, жаңа әуе жолы және автобус рейстері іске қосылғанын ерекше атап өтті.

Өз кезегінде Өзбекстан басшысы екі мемлекеттің халқының достығын нығайту ісіндегі Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлін атап өтті. Сондай-ақ Шавкат Мирзиёев парламентаралық және өңіраралық байланысты жандандырудың маңыздылығына тоқталды.

Ақордадағы келіссөздер қорытындысында Қазақстан мен Өзбекстан президенттері екі ел арасындағы "стратегиялық әріптестікті одан әрі тереңдету және тату көршілікті нығайту туралы бірлескен декларацияға" қол қойды.

Сондай-ақ қос мемлекеттің үкіметтері "өңіраралық ынтымақтастық туралы келісім", "2017-2019 жылдарға арналған экономикалық ынтымақтастық жөніндегі стратегияны", "Табыс пен мүлiкке қосарланған салық салуды болдырмау туралы келiсiмге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы", "2006 жылғы 20 наурыздағы Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасындағы халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы" бекітті.

ҚР және ӨР сыртқы істер министрліктері 2017-2018 жылдарға арналған ынтымақтастық жөніндегі бағдарламаға, ал қорғаныс министрліктері "әскери ынтымақтастық туралы келісімге" қолдарын қойды. Әйтпесе, қазақ пен өзбектің әскери салада ынтымақтастығы ақсап жатыр еді. Өзбекстан бейтараптылық сақтап, өңірдегі бірлескен жаттығуларға да қатыса бермейтін. Бұл арна да замана дауылы үйірген шөп-шалам, қоқыстан арылып, кеңірек ашыла бастағанға ұқсайды.

"Біздің бүгін қабылдаған, қол қойған құжаттарымыздың барлығы екі елдің арасында жаңа белес, жаңа жол ашады деп санаймын. Көп мәселелерге қол жеткіздік" деп түйді Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Осы күні Қазақстан көшбасшысы өзбек әріптесіне құрылысы тәмамдалуға таяған ЭКСПО-кешенін көрсетті. Онда Өзбекстан төл павильонын тұрғызып, жаһандық көрмеге "кең ауқымда қатысуды" жоспарлап отыр. 

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу