Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы алыс-беріс көлемі жыл сайын артып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы мен логистиканың тығыздығы жыл сайын артып келеді. Статистикаға сәйкес, соңғы екі жылда екі елдің арасындағы тауар айналымы 8 млрд долларға дейін өскен екен. Өзара сауда көлемінің өсуі аясында сапалы кедендік реттеу мәселесі өзекті болып отыр. Осы келісімге қол қойылғанға дейін екі елдің арасындағы кедендік өзара іс-қимыл қалай үйлестірілді? Бұрынғы жұмыс форматына байланысты біздің бизнес қандай негізгі мәселелерге тап болды? Қазақстандық кәсіпкерлер өзара іс-қимылдың жаңа форматынан кейін қандай практикалық көмек ала алады?", – деп сұрады Құрылтай депутаты Нұргүл Тау.
Қаржы министрі Мәди Тәкиевтің сөзінше, бірінші келісім 1999 жылы жасалған.
"Одан басқа бізде Өзбекстанмен бірқатар келісімдер бар. Еуразиялық экономикалық одақ, ТМД мемлекеттері арасындағы келісімдер бар. Бұл құжаттармен жұмыс жүргізіліп жатыр. Тиісті келісім біздің өкілдің функциясын анықтайды. Біздің кәсіпкерлерге Өзбекстан тарапынан жаңа өзгерістер болса, соны тез жеткізу, анықтап көрсетуге мүмкіндік береді", – деп атап өтті ведомство басшысы.
Министрдің айтуынша, келісім нәтижесінде бизнестің әкімшілік шығындары азаяды.
Сонымен қатар кәсіпкерлер басқа елдерде заң тұрғысынан қандай өзгерістер болғанынан да хабардар болып отырады.
Айта кету керек, бұған дейін Қазақстан мен Өзбекстан кеден саласындағы ынтымақтастықты нығайтатынын жазғанбыз.