Бұл жоба стратегиялық логистикалық хабты іске асыру кезеңі саналады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Келісімшарт "Silkway CA" бірлескен кәсіпорны мен China Railway Construction Engineering Group арасында жасалып отыр. Құжат жобаны "кілт тапсыру" қағидаты бойынша жүзеге асыруды көздейді. Онда жобалау жұмыстарынан бастап жабдық жеткізуге, теміржол инфрақұрылымы мен контейнерлік терминал салуға және кешенді пайдалануға беруге дейінгі барлық міндет мердігерге жүктеледі.

Құжатқа "Silkway CA" БК бас директоры Данияр Тиесов пен China Railway Construction Engineering Group компаниясының Орталық Азия өңірі бойынша бас директордың орынбасары Тянь Чжэньхуа қол қойды.
Данияр Тиесовтің сөзінше, EPC-келісімшартқа қол қою – стратегиялық уағдаластықтардан нақты іске көшу деген сөз.
– Біз Орталық Азияның транзиттік әлеуетін арттырып, Еуразиялық көлік дәліздерінің маңызды буынына айналатын заманауи логистикалық хаб құрып жатырмыз. Бұл – жай ғана құрылыс емес, өңірлік экономика мен халықаралық сауданы дамытуға бағытталған ұзақмерзімді инвестиция, – деді ол.

Тянь Чжэньхуа өз кезегінде бұл жоба компания үшін стратегиялық әріптестік екенін атап өтті. Оның айтуынша, құрылыс халықаралық сапа стандарттарына, заманауи технологиялар мен белгіленген мерзімдерге толық сай жүргізіледі және компания нәтижеге толық жауап береді.

Құжатқа қол қойылуы жобаның белсенді іске асыру кезеңіне өткенін білдіреді.
Жоба Қазақстан мен Өзбекстанның үкіметаралық күн тәртібі аясында жүзеге асырылып, екіжақты ынтымақтастықтың Жол картасына енгізілген. Өткен жылдың қараша айында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев орталықтың құрылысына ресми түрде рұқсат беріп, оның Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытудағы стратегиялық маңызына тоқталған болатын.
Логистикалық орталық Ташкент облысында 159,4 гектар аумақта салынады. Жобаны іске асыру мерзімі – 2025-2030 жылдар аралығы. Бірінші кезеңді 2027 жылы аяқтау жоспарланған. Алғашқы кезеңге тартылатын инвестиция көлемі 84 млн АҚШ долларынан асып-жығылмақ.
Жобаның негізгі мақсаты – өңірдің экспорттық әлеуетін арттыру, транзиттік мүмкіндіктерін кеңейту және теміржол арқылы контейнерлік тасымал үлесін ұлғайту.

Көпбейінді заманауи логистика орталығының іске асуы Өзбекстан мен Қазақстанның Қытай, Орталық Азия, Кавказ және Еуропа арасындағы негізгі транзиттік торап ретіндегі позициясын күшейді. Бұл жоба PTC Holding халықаралық инфрақұрылымын – Dostyk TransTerminal-дан бастап Поти ТрансТерминал мультимодальды терминалына дейінгі желіні толықтыра түседі.
Жобаны 2025 жылдың наурызында PTC Holding пен "Узбекистон темир йуллари" серіктестігі негізінде құрылған "Silkway CA" бірлескен кәсіпорны жүзеге асырады.
Айта кетейік, EPC-келісімшартқа қол қоюды жаңа еуразиялық логистикалық архитектураны қалыптастыру жолындағы стратегиялық қадам деп есептеуге болады.