Қазақстан мен Түркия талапкерлерге ортақ тестілеу енгізеді

197

Түркітілдес бес мемлекет ағылшын тілін меңгеру деңгейін бағалаудың ортақ жүйесін әзірлеуге кірісті.

Қазақстан мен Түркия талапкерлерге ортақ тестілеу енгізеді Фото: ЖИ/gov.kz

Жаңа ETOTS тест IELTS пен TOEFL-ді алмастыра ма?

Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан ағылшын тілінен ортақ емтихан әзірлеуге уағдаласты. Бес мемлекет English Test for Turkic States (ETOTS) деп аталатын, яғни, түркітілдес мемлекеттерге арналған ағылшын тілі тестін құру жөніндегі меморандумға қол қойды, деп жазады inbusiness.kz сайтының тілшісі.

Бұл – тілдік білімді бағалаудың өңірлік жүйесі. Болашақта ол студенттер мен мамандарға осы бес мемлекеттің кез келгенінде университетке түсуге және академиялық ұтқырлық мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашуы ықтимал.

Астанада өткен "Қарқынды өзгеріп жатқан әлемдегі қабылдау емтихандары" атты халықаралық конференция аясында Түркі мемлекеттерінің ұлттық тестілеу орталықтары ағылшын тілін меңгеру деңгейін бағалаудың өңірлік жүйесін құру туралы меморандумға қол қойды.

Сонымен қатар осы меморандумға өзге түркі мемлекеттерінің ұлттық бағалау ұйымдары да қосыла алады. Шақырылғандар қатарында Түрікменстан, Солтүстік Кипр, Венгрия және Ресей бар.

Бұл жаңалықтың басты мәні әлемде тағы бір тілдік тесттің пайда болуында емес. Ең маңыздысы – бес мемлекеттің ағылшын тілін меңгеру деңгейіне қойылатын талаптарды алғаш рет өзара үйлестіруге ниет білдіруі.

Жаңа жүйе емтихан тапсырмаларын әзірлеу, тестілеуді өткізу, білімді бағалау және емтихан нәтижелерін қатысушы елдерде тану мәселелеріне ортақ тәсіл қалыптастыруды көздейді.

Түркітілдес мемлекеттер тест тапсырмаларын бірге әзірлейді. Қорғалған компьютерлік тестілеу жүйесін ұйымдастырады. Сондай-ақ емтихан сапасын психометриялық әдістер ("психологиялық валидация") арқылы тексеріп, нәтижелердің сенімділігі мен дұрыстығын арнайы ғылыми тәсілдермен бағалайды. Бұған қоса, тест нәтижелерін өзара тану тетігін қалыптастыру жоспарланып отыр.

Алайда емтиханның атауы ортақ болғанымен, бес елдің жоғары оқу орындары оның нәтижелерін автоматты түрде бірдей талаппен қабылдайды деген сөз емес. Ол үшін алда мемлекеттер бағалау әдістемелерін келісуі, балдардың өзара сәйкестігін қамтамасыз етуі және сертификаттарды тану ережелерін нақтылауы қажет.

Ең көп қызығушылық тудырып отырған сұрақ: болашақта ETOTS шетелдік университеттерге түсу кезінде және ағылшын тілін меңгеру деңгейін растау үшін кеңінен қолданылатын халықаралық IELTS пен TOEFL емтихандарын алмастыра ала ма?

Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрлігі бұған "жоқ!" деп жауап берді. Бұл жерде халықаралық емтихандарды ауыстыру туралы сөз болып отырған жоқ. ETOTS халықаралық тесттерге балама емес, оларды толықтыратын өңірлік құрал ретінде қарастырылады.

"Келісім тілдік бағалау саласындағы ұлттық ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты дамытуға, ағылшын тілі емтиханын әзірлеу, өткізу, нәтижелерін тану және оның сапасын қамтамасыз ету жөніндегі ортақ тетік қалыптастыруға бағытталған. Бұл бастама елдердің сарапшылық әлеуетін біріктіріп, халықаралық тәсілдерге сәйкес келетін қосымша өңірлік бағалау құралын жасауға мүмкіндік береді. Бірақ ETOTS қолданыстағы халықаралық тілдік емтихандарды алмастыруды көздемейді", – деп түсіндірді ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі.

Бастамаға ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев та пікір білдірді.

"Әрине, ETOTS әзірленуі IELTS немесе TOEFL емтихандары бірден сонымен өзгертіледі дегенді білдірмейді. Оның мақсаты – халықаралық стандарттарға сай келетін, нәтижелерінің сапасы мен сенімділігі қамтамасыз етілген жаңа өңірлік бағалау құралын қалыптастыру", – деді ол.

Емелбаев бастаманың бұдан да ауқымды мақсатына назар аудартты:

"Меніңше, бұл бастаманың ең маңызды тұсы – түркі елдерінің дайын халықаралық жүйелерді пайдаланумен ғана шектелмей, өздерінің ортақ білім беру өнімін жасауға бірге ұмтылуында", – деді сарапшы.

Демек, жоба халықаралық стандарттардан бас тартуды емес, ұлттық емтихан орталықтарының ынтымақтастығына сүйеніп, білімді бағалаудың қосымша тетігін қалыптастыруды көздейді.

Бес елдегі ETOTS: студенттер үшін не өзгереді?

Қазақстанның Ұлттық тестілеу орталығының директоры Нұрсейіт Байжанов бұл бастаманы түркі мемлекеттерінің білім беру жүйелері арасындағы сенімді нығайтудың және академиялық ұтқырлық мүмкіндіктерін кеңейтудің маңызды қадамы деп бағалады.

"ETOTS – ағылшын тілінен ортақ емтихан әзірлеумен ғана шектелмейтін, елдеріміздің білім беру жүйелері арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған нақты қадам. Ұлттық тестілеу орталықтарының сарапшылық әлеуетін біріктіру арқылы біз академиялық ұтқырлықтың қосымша мүмкіндіктерін қалыптастырып, білім сапасын бағалау саласындағы өңірлік ынтымақтастықты дамытамыз", – деді ол.

Егер осы жаңа емтиханның нәтижелерін шынымен бірнеше мемлекет қатар мойындаса, студенттерге ЖОО-ға түсу кезінде немесе білім беру бағдарламаларына қатысқанда ағылшын тілін меңгеру деңгейін растау жеңілдеуге тиіс. Алайда солай болатын-болмайтыны мемлекеттердің нәтижелерді өзара тану қағидаларын бекіте алуына байланысты.

Бастаманың институционалдық негізі де бар. Қатысушы елдер тек тілдік тестілеу мәселелерін ғана емес, талапкерлерді іріктеудің жаңа тәсілдерін, цифрлық трансформация мен ЖИ жағдайында сұранысқа ие негізгі дағдыларды бағалау жолдарын да қарастыруда.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жоғары білім саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту Мемлекет басшысы айқындаған "интернационалдандыру" бағытына сәйкес келетінін қаперге салды. Ол осы бастама Қазақстанның білім беру жүйесін жаһандық білім кеңістігіне кіріктіруге ықпал ететінін жеткізді.

Министрдің пікірінше, заманауи қабылдау емтиханы адамның бұрын, мысалы, мектепте меңгерген білімін ғана емес, оның алдағы уақытта білім алу әлеуетін де бағалауы керек.

Осы бағытта Қазақстан сыни ойлауды, ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін, жаңа дағдыларды игеруін бағалайтын Admissions Insight Test (AIT) жобасын дамытуда.

"Бүгінде қабылдау емтиханы – игерілген білімді тексеру құралы ғана емес, талапкердің алдағы уақытта білім алу әлеуетін бағалауға мүмкіндік беретін тетік. Технологиялар қарқынды дамып жатқан қазіргі жағдайда адамның сыни ойлау, жаңа ақпаратпен жұмыс істеу және жаңа дағдыларды меңгеру қабілетін ескеру маңызды. Сондықтан Қазақстан халықаралық серіктестермен бірлесіп, жоғары оқу орнында табысты білім алуға қажетті құзыреттерді бағалауға бағытталған AIT жобасын дамытып жатыр", – деді министр.

Осы тұрғыдан алғанда, ETOTS жобасын білімді бағалаудың жаңа үлгілерін іздестіруге бағытталған ауқымды жұмыстың бір бөлігі ретінде қарастыруға болады.

Дегенмен AIT пен ETOTS екі түрлі міндетті шешуге бағдарланған. Біріншісі Қазақстандағы Ұлттық бірыңғай тестілеуді (ҰБТ) өзгертуге және талапкерлерді іріктеу тәсілдерін жетілдіруге қатысты болса, екіншісі ағылшын тілін бағалау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.

Әзірге болашақ емтиханның техникалық сипаттамалары жарияланған жоқ. Тесттің түпкілікті құрылымы, балл қою шкаласы, құны, іске қосылатын мерзімі, нәтижелерінің жарамдылық кезеңі және сертификатын қабылдайтын университеттердің тізімі де белгісіз.

Бұл мәселелерге мемлекеттер үстірт қарай алмайды. Халықаралық емтиханның беделі рәсімдердің ашықтығына, тапсырмалардың сенімділігіне және тест нәтижелерінің адамның тілді қаншалықты меңгергенін дәл көрсете алуына тікелей байланысты.  Меморандумда қарастырылған психометриялық тексеру осы сапаны қамтамасыз ететін негізгі құралдардың біріне айналуға тиіс, деп жазады әзербайжандық "Минвал Политика".

Сондықтан ортақ бастаманың табысты болуы бес мемлекеттің меморандуммен шектелмей, бірыңғай талаптары мен нәтижелерді өзара тану тетігі бар толыққанды жүйе құра алуына байланысты.

Егер бұл мақсат толыққанды орындалса, ETOTS түркі мемлекеттері арасындағы білім беру ынтымақтастығын нығайтатын, студенттер мен мамандардың академиялық мүмкіндіктерін кеңейтетін нақты құралға айналуы мүмкін. Ол түркітілдес елдердің жас ұрпақтарын барынша жақындата түсер еді.

Алайда егер ортақ талаптар мен нәтижелерді тану мәселесі сол бойы шешілмесе, "ортақ латынша әліпбиге көшу" жобасы сияқты тым созбалаңға салынса, жоба саяси тұрғыдан тартымды болғанымен, іс жүзінде қолданылу аясы шектеулі бастама күйінде қалу қаупі бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу