Қазақстан мен Түркияның байланысы балталаса бұзылмайды

4134

Екі ел арасындағы әскери ынтымақтастық нығая береді.  

Қазақстан мен Түркияның байланысы балталаса бұзылмайды

Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев елімізге ресми сапармен келген Түркия Республикасының қорғаныс министрі Хулуси Акараны қабылдады. 

Нұрлан Ермекбаев қазақ еліне алғаш рет келген түркиялық әріптесіне екі ел арасындағы достық пен бауырластықты дәріптеп, стратегиялық әріптестікті нығайтуға қосып отырған өлшеусіз үлесі үшін алғыс айтты. 

"Біздің жан-жақты ынтымақтастықтығымыз бен әріптестігіміздің негізі екі мемлекеттің көшбасшылары арасындағы сенімді және өте жақын достық қарым-қатынас негізінде мүмкін болып отыр", – деді Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі. 

Қазақстан мен Түркияның байланысы балталаса бұзылмайтынын тілге тиек еткен Хулуси Акар қазақ халқының қонақжайлығына ризашылығын білдірді. 

"Атажұртымызға келу біз үшін өте маңызды. Қазақ жеріне табан тіреген сәттен бастап, ортақ тарихымыздың тамыры қаншалықты тереңде жатқанын сезіндік. Бауырлас қазақ елінде болып жатқан барлық оқиғаларды жіті бақылап отырмыз. Ортақ тарихымыз, ортақ мәдениетіміз және біздерді жақындастыра түсетін дүниелер өте маңызды. Бауырлас елдердің көшбасшылары арасындағы байланыс жұмысымыздың жемісті болуына септігін тигізіп отыр. Әскери саладағы ынтымақтастығымыз одан ары нығая түсетініне сенімім мол", – деді Түркия Республикасының қорғаныс министрі.

Айта кетейік, екі елдің қорғаныс министрлері осыдан 2 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркияға сапары барысында Анкара қаласында кездескен. Сол кезде маңызды құжаттарға қол қойған. 

"Біз бұған дейін әскери саладағы ынтымақтастық туралы және құпия мәліметтерді сақтау туралы келісімді рәсімдедік. Бұл келісім екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға серпін берді. Ал жоғары деңгейдегі стратегиялық кеңес – бұл ынтымақтастықтың негізгі бағытын айқындайтын негізгі құрал. Қазақстан мен Түркия арасында екіжақты сындарлы диалогпен қатар көпжақты ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Біздің елдеріміз БҰҰ, ИЫҰ, ЕҚЫҰ, АӨСШК аясында белсенді ынтымақтастықты дамытып жатыр. Екі елдің бастамасымен түркі тілдес мемлекеттерді жақындастыратын өте маңызды саяси және мәдени ұйым – Түркі кеңесі құрылды", – деді Нұрлан Ермекбаев.

Қанат Махамбет


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу