Биыл жағдай одан әрі ушығуы мүмкін, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Алғашқы саяси сигнал
Алдымен өткенге сәл шегініс жасайық, былтыр қазан айының ортасынан асқан тұста АҚШ-тың Қаржы министрлігі екі ресейлік компания – "Лукойл" мен "Роснефтке" санкция салды. Бұл екі алпауыттың тегі ресейлік болғанымен, кәрі құрлықтағы мұнай сатып алушы елдермен тығыз жұмыс істейді. Онымен шектелмей, Қазақстанның мұнай өндірісінде әрі экспортында айтарлықтай еншісі бар.
Мәселен, "Лукойл" компаниясы Қазақстандағы "Теңізшевройл" жобасының 5 пайызына, "Қарашығанақтың" 13,5 пайызына, "Құмкөлдің" 50 пайызына, қазақстандық мұнайдың 80 пайызын Батысқа жеткізетін "Каспий құбыр консорциумының" 12,5 пайызына иелік етеді.
Сол сәтте қазақстандық мұнай нарығын алаңдаушылық жайлады. Дегенмен бұл санкцияның қайшы тұстары бар еді. Өйткені Қазақстанның мұнай өндірісінде ресейлік компаниялармен қатар, америкалық алпауыттардың да үлесі көп. Бір ғана Chevron Теңіз кен орнының тең жартысын басқарады. "Каспий құбыр консорциумындағы" еншісі "Лукойлдан" көп. Яғни, АҚШ санкция арқылы ресейлік қана емес, өз компанияларының да жұмысын тұралата жаздады.
АҚШ тарапы бұны лезде түсінді деуге болады. Қарашаның ортасында шектеулердің күшін қайта жойып, "Лукойл" мен "Роснефтке" Қарашығанақ, Теңіз және КҚК бойынша операциялар жүргізуге рұқсат берді.
Бірақ сарапшылар сол кезде бұл оқиғадан сабақ алуымыз керек екенін айтқан. Қазақстан мұнайының басым бөлігі Ресей жері арқылы тасымалданады. Көршіміз геосаяси жағдайға байланысты санкцияда тұрғанда жағдай жақсара қоймайтыны түсінікті еді. Енді 2026 жыл басталмай жатып нарықта қайтадан алаңдаушылық пайда болды.
– Әлемде санкциялар көбейді, қара алтын қайтадан күш саясатының бір бөлігіне айналды. Қазақстан үшін мәселе мұнайдың экспорттық маршрутының аса осал болуында. Экспорттық құбыр мен теңіздегі жүктеу нүктесі геосаясаттың факторына айналды. Каспий құбыр консорциумы (КҚК) еліміздің мұнай экспортының шамамен 80 пайызын тасымалдайды. Кез келген шабуыл, тоқтап қалу, сақтандыру шектеулері немесе сервистерге тыйым салу бірден өндіріске, бюджет кірісіне соққы береді. Бұрын бұл туралы теория жүзінде айтсақ, бүгінде шындыққа айналды, – деп мәлімдеді мұнай саласының сарапшысы Асқар Исмаилов.
Былтыр жазда қазақ мұнайының экспорты кемігені мәлім болды. Қытай, Сингапур, АҚШ секілді елдер азырақ сатып ала бастады. Кейін жағдай түзелгендей еді. Биыл жыл басталмай жатып Қазақстан өз мұнайын ішкі нарыққа бағыттап жатқаны мәлім болды. Мұндай шешімге келуге Каспий құбыр консорциумы айналасындағы ахуал себеп. Бұрын түгелдей шетелге шығарылып келген қашағандық жеңіл мұнай отандық өңдеу зауыттарына бағыттала бастады.
"ҚазМұнайГаз" компаниясы КҚК-ға тәуелділікті азайту мақсатында "Баку – Тбилиси – Джейхан", "Атырау – Самара" секілді балама маршруттар арқылы экспортты арттырғанын мәлімдеген. Бірақ қазір ішкі нарықты қамтамасыз ету күн тәртібіне шықты.
Биылғы жағдайды қалай болжаймыз?
Осы күні елдегі өндіріс көлемі екі есе азайып тұр. Экспорттық маршруттардағы қазіргі жағдай мен өндіріске қысым сақталса, қаңтар айының өзінде Қазақстанның мұнай-газ саласы шамамен 1,5 млрд доллар көлемінде кірістен қағылады.
– Экспорттық маршруттардағы қиындықтарды, санкциялық тәуекелдер мен қауіпсіздік мәселелерін көріп отырмыз. Теңіз деңгейіндегі жобалар жаһандық тұрғыда әлі де бәсекеге қабілетті. Бұл кен орнын кеңейту жобасы жарияланған. Өндіріс жылына 40 млн тоннаға дейін өседі. Бұл – әлемдік деңгейдегі актив. Бірақ биыл мұнай нарығына қысым жасайтын бірінші фактор – сұраныстың баяу өсуі аясындағы ұсыныс профициті қаупі. Әртүрлі агенттіктер әрқилы цифр ұсынғанымен, сұраныс нарық күткендей қарқынмен өсіп отырған жоқ, – деді Асқар Исмаилов.
Оның үстіне қазір Батыс елдері көлеңкелі флотқа қарсы шектеулер мен кеме тізімдерін кеңейтіп жатыр. Венесуэла мен Ирандағы оқиғалар да нарықты құбылтып отыр. Қанша жерден КҚК базалық бағыт болса да, қазір Қазақстанға балама бағыттарды дамыту қажет.

Каспий арқылы Әзербайжанға, әрі қарай "Баку – Тбилиси – Джейхан" бағыты, сондай-ақ Қытай бағыты бар. Сарапшы бұған қоса бірнеше сценарийлерді қарастырған жөн екенін алға тартты.
– Қазақстан алдын ала "қызыл аймақтарды" айқындап, біртұтас команда құрып, келісімшартты ұзартуды инвестициялар, технологиялар, локализация, әлеуметтік міндеттемелер мен экспорт қауіпсіздігі сияқты нақты көрсеткіштермен байланыстыра алса, позициясын күшейте алады. Бұл сала бәрібір алдағы 20-30 жыл бойы ел экономикасының негізі болып қала береді, – дейді Асқар Исмаилов.
Бір сөзбен айтқанда, мұнай нарығының жағдайы қазір тікелей саяси шешімдер мен дипломатияға байланысты болып тұр. Жаһандық тәртіп бұзылып, жағдай күрделенді. Енді биыл жағдай біршама тұрақсыз болатын іспетті.
Қазақстан кейінгі 8 жыл бойы мұнай экспортының жылдық көлемін 65 млн тоннадан түсірген жоқ. 2024 жылы 71 млн тонна мұнай сатып, өзіндік рекорд тіркеді. Былтыр 9 айда шетелдерге 56 млн тонна мұнай өткізді. Биылғы мөлшер бұдан біршама аз болса, таңғалмаймыз.