Қазақстан неге Кеңес одағының "құпия өнертабыстар келісімінен" шығып жатыр?

5418

Мұның мәнісі неде?

Қазақстан неге Кеңес одағының "құпия өнертабыстар келісімінен" шығып жатыр? Фото: freepik

"Қазақстанның бұл қадамы ұлттық және халықаралық деңгейлерде, сарапшылар арасында түсінбестік пен пікірталастар туғызды. Өйткені Кеңес одағы ыдыраған соң, оның заманында әзірленген өнертабыстар әр жаққа тараған 15 республиканың аумағында қалды. Ал сонау 1999 жылдан бері ұзақ жылдар әрекет еткен аталған шарт ескі инновациялардағы құпияларды сақтауды мемлекетаралық деңгейде әрі құқықтық тұрғыдан қамтамасыз ететін. Сонымен бірге ол өзара технологиялар алмасудың және ТМД елдері арасында ғылыми ақпаратты бөлісудің құралы болды", – дейді отандық A+Analytics орталығының сарапшылары.

Сарапшылардың пікірінше, Президенттің осы келісімнің күшін тоқтататын құжатты ратификациялау туралы шешімі оның "интеллектуалдық меншік саласындағы өзгерістерге жаңа өріс ашуға деген ұмтылысын" куәландырады. 

"Республикамыз осы арқылы өнертабыстарды құпияда сақтау тәжірибесінен іргесін аулақ салады. Нәтижесінде, әлемдік ғылыми және технологиялық қоғамдастықпен өзара ынтымақтастық үшін жаңа көкжиектер мен перспективалар ашылады. Сондай-ақ бұл қадамды – елдегі инновациялық процестерді жеделдетудің, зерттеулер мен әзірлемелер саласына шетелдік инвестицияларды тартудың талабы деп түсіндіруге болады. Өйткені өнертабыс саласындағы ашықтық пен озық білімді алмасу – Қазақ елі үшін технологиялық өркендеудің, тиісінше, экономикалық серпінді өсімге қол жеткізудің маңызды бір факторына айнала алады", – деді орталық сарапшылары.

Дегенмен, олар бұл істің тәуекелін де байқапты. Мемлекетаралық келісімнен шығу "бұрын сол шарт реттеп келген бірқатар технологиялар мен ғылыми әзірлемелерге бақылауды жоғалтуға соқтыруы мүмкін".

Сондықтан Қазақстан отандық инновациялардың құпия-конфиденциалдылығын және қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ұлттық төл стратегиясын қабылдағаны жөн. Сонда ғана ықтимал теріс салдарларының алдын алады.

Сарапшылар әлемдік қоғамдастық республиканың КСРО-ға қатысты шектеуі бар шарттан шығуын жақсы қабылдайтынына сенімді. Бұл өнертабыстармен байланысты халықаралық фирмалардың, шет мемлекеттердің салалық ұйымдарының елімізге назарын аудартып, қызығушылығын оятуы мүмкін.

Демек, бұл шара ғылыми ықпалдастық пен зияткерлік меншік мәселелерінде диалогтың дамуын ынталандырады. Қазақстанның сөз болып отырған келісімнен шығуы жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

 

Сарапшылар дұрыс түсінбепті...

Алайда Үкімет өкілдері сарапшылардың бұл қадамды дұрыс түсінбей отырғанына назар аудартады.

Біріншіден, Қазақстан келісімнен өз бетінше, біржақты түрде бас тартып отырған жоқ. Одан ТМД-ның басқа елдері де шығып кеткен.

Екіншіден, ол тек Кеңес одағы әзірлеген немесе патент берген құпия өнертабыстарға ғана қатысты.

Үшіншіден, бұл келісімді ТМД елдерінің орындамағаны анықталуда.

Әділет министрі Азамат Есқараевтың түсіндіруінше, Қазақстан бұл келісімді 2001 жылы ғана ратификациялаған болатын. Келісім арқылы ТМД-ға мүше мемлекеттер өз қолдарында бар кеңестік құпия өнертабыстар туралы мәліметтердің құпиялылық режимін қатаң қамтамасыз етулері тиіс еді.

Бұл үшін мемлекеттер КСРО кезінде жасалған құпия өнертабыстарды құпиясыздандырудың тәртібін әзірлеуге, оларға "құқықтық қорғау" (правовая охрана) орнатуға міндеттеме алды.

"Бірақ келісім қолданылған мерзімнің бүкіл кезеңінде, ТМД-ға мүше мемлекеттерде КСРО-да жасалған құпия өнертабыстарға қорғау құжаттарын беру туралы бірде-бір өтініш берілмеген. Себебі, мемлекеттердің ұлттық заңнамасында соған қажетті процедуралар сол бойы қарастырылмады. Сондай-ақ құпия өнертабыстарды құпиясыздандырудың да бірде-бір жағдайы тіркелмеген. Сонымен қатар өнертабыстарды қорғау мерзімі 20 жылды ғана құрайтынын да ескерген жөн. Сәйкесінше, бүгінде КСРО-да жасалған барлық өнертабыстар бойынша қорғау құжаттарының әрекет ету мерзімі аяқталды", – деді Әділет министрі.

Сондықтан ТМД-ның Атқару комитеті маңыздылығының жоқтығына байланысты келісімді жою туралы бастама көтеріпті. Үш жылдан соң тиісті хаттамаға қол қойылды. Қазақстан келісімнің қолданысын тоқтату туралы хаттамаға 2020 жылғы 8 желтоқсанда қол қойды. Міне, енді ғана ел Парламенті ратификациялаған тиісті заңға Президент қол қойды.

Осы орайда "Қазақстанның мұрағаттарында Кеңес Одағы кезінде ойлап табылған, "құпияландырылған өнертабыстар" бар ма?" деген сауал туындайды. Себебі, пікір білдірген сарапшылар: "шарт күшін жойған соң оларды ашып, құпиясыздандыруға болады" деген сыңайда пікір білдірген.

Алайда Үкімет бүгінде бізде ондай құпия өнертабыс жоқтығын үзілді-кесілді мәлімдеді. Оларды Ресей өз қолына шоғырландырды.

"Қазақстанда Кеңес одағының ойлап тапқан құпия өнертабысы жоқ. Ол өнертабыстардың қолданылуы және қорғалу мерзімі 20 жылды құрайды. Сол себепті Кеңес одағы кезінде жасалған құпиялы өнертабыстарды құпиясыздандыру рәсімін өткізудің де қажеттілігі жоқ", – деді Әділет министрі.

Қорыта айтқанда, Қазақстан бұл келісімнен – ұлттық құқықтық базаны мерзімі өтіп кеткен, өзекті емес халықаралық шарттардан тазалау үшін де шығып отыр.

Министрдің сендіруінше, бұл халықаралық келісімнің күшін тоқтату Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында әзірленген және алда әзірленетін құпия өнертабыстарына нұқсан келтірмейді.

Мысалы, қазақстандық өнертапқыш әскери, қосарлама мақсаттағы немесе басқа да саладағы инновациялық өнімді, технологияны ойлап тапты делік. Ол соған патент алу үшін мемлекетке, атап айтқанда, Әділет министрлігінің Qazpatent Ұлттық зияткерлік меншік институтына өтінім береді.

Өнертабыстың жаңалығын, мән-маңызын талдау барысында мамандар оның "құпияландыруға жататын" мәліметі барын анықтауы мүмкін. Мұндай жағдайда аталған өнертабысты құпияландыру және ұлттық заңнама бойынша қорғау орнату рәсімі жүргізіледі.

"Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, егер эксперттік ұйымдар мемлекеттік құпияны құрайтын мәліметтерді тапса, Әділет министрлігі Өнеркәсіптік меншіктің құпия объектілері жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрады. Оған мүдделі меморгандардың мамандарын жұмылдырады. Комиссия өнертабысты құпияландыруға шешім қабылдаса, бұл жағдайда құпия өнертабыс мемлекеттік меншігіне айналдырылады. Бұл ретте өнертапқыш тиісті мемлекеттік органмен арасында бекітілетін келісімшартта қарастырылған көлемде өнертабысы үшін сыйақы алады", – деді Азамат Есқараев.

Жалпы, ұлттық заңнамаға сәйкес, Қазақстанда құпия-сыры бар өнертабыстарды құпияландыру мерзімі небәрі 30 жылды құрайды екен. 30 жылдан соң, яғни өнертабыс өнімдерін құпияландыру мерзімі өткеннен кейін патент иесі мемлекетке өтініш береді. Оның өнертабысы өзіне қайтарылуы, өзі зияткерлік меншіктің иесі атануы мүмкін. Патенттік заңнамамен оның құқы қорғалады.

Мәжіліс депутаты, Президент мұрағатының ғылыми кеңесінің мүшесі Еркін Әбілдің сендіруінше, қазіргі кезде еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік құпияларды қорғаудың барлық құқықтық мүмкіндігі бар. "Мемлекеттік құпиялар туралы" заңында, Патент заңында, Өнеркәсіптік меншіктің құпия объектілерін пайдалану қағидалары секілді нормативтік құқықтық актілерде мемқұпияларды құрайтын мәліметтерді құпияландыру, қорғау және құпиясыздандыру мәселелері толығымен регламенттелген көрінеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу