Қазақстан оқушылары әлемдегі ең беделді олимпиадада төрт медаль жеңіп алды

207

Биыл бұл додаға 80 елден 320-дан астам дарынды жас қатысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қазақстан оқушылары әлемдегі ең беделді олимпиадада төрт медаль жеңіп алды Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Филиппинде мектеп оқушыларына арналған әлемдегі басты зияткерлік сайыстардың бірі – Халықаралық биология олимпиадасы (International Biology Olympiad, IBO-2025) өз мәресіне жетті. 

Қазақстан құрамасының барлық төрт мүшесі қола медаль иеленіп, 100 пайыздық командалық нәтиже көрсетті:

Ерсултан Қайыркен – Павлодар облысындағы "Білім-инновация" лицей-интернатының 10-сынып оқушысы;

Батыр Ержанұлы – Өскемен қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы;

Айғаным Балташева – Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы;

Алихан Ашырханов – Алматы қаласындағы "Білім-инновация" лицей-интернатының 8-сынып оқушысы.

Команданың ғылыми жетекшілері – отандық ғылымды белсенді дамытып жүрген жас биолог-ғалымдар Ләйлә Асқарова мен Ильяс Сакимов.

IBO-2025 олимпиадасы екі кезеңнен тұрды:

Теориялық тур – молекулалық және жасушалық биология, генетика, экология, эволюция және биожүйелеу бойынша күрделі есептерді шешу.

Практикалық тур – зертханалық жұмыстар, микроскопия, үлгілермен жұмыс істеу және биологиялық процестерді талдау.

Қазақстан 1994 жылдан бері IBO олимпиадасына қатысып келеді. Осы уақыт ішінде ұлттық құрама 2 алтын, 18 күміс, 56 қола медаль жеңіп алды. Сондай-ақ 12 құрмет грамотасына ие болды. Еске сала кетейік, 2024 жылы Қазақстан бұл олимпиаданы өзі қабылдап, тағы да 100% нәтижеге қол жеткізген болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу