Қазақстан өз тарихында 14-ші рет Аза тұтуда

1184

Әскери теңізшілерге қатысты траур тұңғыш рет тіркелді. 

Қазақстан өз тарихында 14-ші рет Аза тұтуда Фото: Жасанды интеллект көмегімен жасалды

Бұрын ел шекарашылардың және құрлық әскерлерінің аруағына тағзым ретінде бірнеше рет аза тұтқан еді.

Заңгерлердің түсіндіруінше, Ұлттық аза тұту күнін Қазақстанда Президент жария етеді. Бұған ірі лаңкестік актілер, табиғи немесе антропогенді апаттар, басқа да қайғылы оқиғалар себеп болуы мүмкін. Аза тұту бір немесе бірнеше күнге жариялануы мүмкін.

Жалпыұлттық аза тұту күні дәстүрлі түрде барлық жерде, соның ішінде еліміздің шетелдегі мекемелерінде Мемлекеттік ту барынша төменірек түсіріледі. Ресми жиындар қайтыс болғандарды 1 минут үнсіздікпен еске алудан басталуы шарт.

Бұл күні кез келген концерт және басқа барлық ойын-сауық іс-шаралары тоқтатылуға тиіс. Мәдени-бұқаралық және ойын-сауық шаралары кейінге шегеріледі. Ақпарат құралдары жұмыстың ерекше режиміне көшеді: жаңа заңнамалық түзетулер бұл күні жарнамалық және ойын-сауық контентін алып тастауды, ресурс дизайнын ақ-қара түске ауыстыруды және психикаға әсер ететін, санаға жарақат салуы мүмкін материалдарды, соның ішінде атыс-шабыс киноларын қоюды шектеуді талап етеді.

Inbusiness.kz азат Қазақстан тарихында аза тұту күні қашан жарияланғанына, олардың себептеріне, салдарларына қатысты өзектілендірілген анықтамалығын ұсынады.  

Шахтадағы жарылыс

2006 жылғы 20 қыркүйекте Қарағанды облысының аумағында орналасқан Ленин атындағы шахтада жантүршігерлік жарылыс болды. Алапаттығы сонша, жер астында жарылыс толқыны 4,5 шақырымды жапқан. Оның соңы өртке ұласып, 41 шахтер қаза тапты. Жеті жұмысшы жараланды.

Арнайы құрылған комиссия жарылыс желдеткіш құбырларды ауыстыру кезінде қауіпсіздік техникасының бұзылуы кесірінен болды деген байламға келген. Қайғылы оқиғадан кейін соған жол берді деп айыпталған шахтаның 6 жұмысшысы сотталды. Үшеуі бір жыл шартты түрде бас бостандықтарынан айырылды. Қалғандары 1-ден 3,5 жылға дейін темір торға жабылды.

"Абай" шахтасындағы метан жарылысы

Жер астында жұмыс істейтін жұмысшылардың өміріне, денсаулығына үнемі қауіп төнетіні жасырын емес. Егемендік тарихындағы екінші аза тұту күні де шахтерлермен байланысты. 2008 жылғы 11 қаңтарда Қарағанды облысының Абай қаласының жанындағы шахтада, 400 метрлік тереңдікте болған жарылыс 30 шахтердің өмірін үзді. Тағы 14 жұмысшының денесін күйік шалған, әртүрлі дене жарақатын алған.

Трагедияның себебі ретінде шатыр-қалқаны орнату кезінде технологияны бұзу, соның салдарынан ұшқынның шашырауы және оның жарылысқа соқтыруы аталды. Үш инженерлік-техникалық жұмысшы айыпты деп танылды. Төтенше оқиғаны тергеу барысында өнеркәсіптік қауіпсіздікке жауапты екі шенеунік қызметтерінен қуылды.

Қызылағаштағы қызыл су

2010 жылғы 11 наурызда Алматы облысындағы Қызылағаш су қоймасы бөгенінің бұзылуы кесірінен арыны қатты тасқын тұтас ауылды жермен-жексен етіп, 45 адамды опат қылды. Мерт болған 45 тұрғынның 11-і – бала. Тағы 300-дей тұрғын түрлі жарақат алған. Топан су алдынан кезіккен Қызылағаш ауылын тып-типыл етті, Егінсу, Ақтоған, Көлтабан ауылдары су астында қалды. 146 үй толығымен сүрілді, 251 үй күйреген, 42 үйге зақым келген. Билік қираған бөген орнына жаңасын салды. Қазақстанда 16 наурызда жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.

Шекарадағы қантөгіс

2012 жылғы 28 мамырда "Арқанкерген" шекаралық бекетінде 14 шекарашы және қорықшы өлтірілді. Бұл қылмыс жайында қоғамға тек екі күн өткен соң ғана белгілі болды. Оны сол қан-қасап қырғыннан аман қалған жалғыз шекарашы – Владислав Челах жасады деген айып тағылды. Сот оны өмір бойы бас бостандығынан айырды. Челах әлі күнге темір торда. Президент "Арқанкерген" шекарашыларының және қорықшының қайғылы қазасына байланысты 2012 жылғы 5 маусымды ұлттық аза тұту күні деп белгіледі.

Шымкент аспанындағы апат

Мемлекет басшысына сол жылғы 27 желтоқсанда қайтадан жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялауына тура келді: 2012 жылғы 25 желтоқсанда Шымкент түбінде шекарашылар мінген АН-72 ұшағы құлады.

Әуе көлігі ішінде 27 адам болған, оның жетеуі – экипаж мүшесі. Олардың барлығы қаза тапты. Апатта ҰҚК Шекара қызметінің басшысы Тұрғанбек Стамбеков те мерт болды.

Әуе көлігінің апатына Шымкент әуежайының диспетчері кінәлі деп танылды. Ол төрт жылға сотталды.

Алматы маңындағы ұшақ апаты

Келесі жылы Қазақстанда тағы да ұшақ құлады: 2013 жылғы 31 қаңтарда Алматы облысының Қызылту кенті ауданында SCAT авиакомпаниясының Көкшетаудан Алматыға ұшып шыққан Chellenger-200 ұшағы құлады. Салдарынан 16 жолаушы, 5 экипаж мүшесі көз жұмды. Апатқа ұшқыштың қателігі себеп болды деп танылды.

Қайғылы оқиғаға орай Президент Ақордада құқық қорғау органдарының басшыларын, салаға жауапты лауазымды тұлғаларды жинап, кеңес өткізді. Оның барысында Н.Назарбаев авиациялық апат құрбандарының отбасыларына, туыс-туғандарына бірнеше рет көңіл айтты. 2013 жылғы 31 қаңтар жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.

Ақтөбедегі теракт

2016 жылғы 5 маусымда содырлар тобы Ақтөбедегі 2 қару-жарақ дүкеніне және әскери бөлімге қарулы шабуылдар жасады. Терроршылар қолынан 8 адам мерт болды, оның үшеуі – әскери қызметшілер еді.

Антитеррористік операция барысында арнайы жасақ жауынгерлері 18 қылмыскерді жер жастандырды. Ақтөбедегі террористік акті кесірінен әскерилердің және тұрғындардың қаза болуына байланысты сол кездегі Президент 2016 жылғы 9 маусымды ұлттық аза тұту күні деп белгілеу туралы өкім шығарды.

Bek Air ұшағының апаты

2019 жылғы 27 желтоқсанда Bek Air әуе компаниясының Алматыдан Нұр-Сұлтан (қазіргі Астана) бағытына ұшып шыққан Fokker-100 ұшағы 07:22-де жерден көтеріліп, ұшып кете алмай, бетон дуалды қиратып, тұрғын үйге соғылды. Ұшақ ішінде 93 жолаушы және 5 экипаж мүшесі болған. Апат салдарынан 15 адам өлді, соның ішінде экипаж командирі де қаза тапты. Кейін екінші ұшқыш та қайтыс болды.  

Президент 2019 жылғы 28 желтоқсанды Алматы облысындағы Талғар ауданында жолаушылар ұшағының апатынан болған адамдар өліміне байланысты жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Ақыр соңында Бек Эйр әуе компаниясының лицензиясы қайтарып алынып, жабылып тынды. Ешқандай ғимарат тұрғызуға болмайтын аймақта коттедждің салынуына рұқсат еткені үшін шенеуніктер ғана жауапқа тартылды. Алматы облысының Талғар ауданының жер қатынастары бөлімінің бұрынғы басшысы Рустам Тұрысбеков 4 жылға сотталды. Ауданның жер қатынастары бөлімінің бұрынғы басшысы Қайрат Алтынбекұлы 3 жылға абақтыға қамалды. Риэлтор Нұрайым Алданыш 2 жылға бас бостандығынан айрылды.

Коронавирус құрбандары

Мемлекет басшысының өкімімен 2020 жылғы 13 шілде "Қазақстан Республикасында коронавирус індетінен қайтыс болған азаматтарды еске алу үшін жалпыұлттық аза тұту күні" болып жарияланды. 

Жаһандық пандемия 2020 жылғы 11 наурызда басталған еді. Ол 1150 күнге немесе 3 жыл 1 ай және 3 аптаға созылды. Тек 2023 жылғы 5 мамырда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVID-19 пандемиясы аяқталғанын жария етті.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми дерегінше, Қазақстанда коронавирустан жалпы саны 13 848 адам мерт болды.

Жамбылдағы жарылыстар

Қазақстан Президенті 2021 жылғы 28 тамызда "Жамбыл облысының Байзақ ауданында оқ-дәрілер қоймасындағы өрт пен жарылыстардың салдарынан адамдардың қазаға ұшырауына байланысты Қазақстан Республикасында 2021 жылғы 29 тамызда жалпыұлттық аза тұту жариялансын" деген өкімге қол қойды.

Жамбыл облысының Байзақ ауданында орналасқан 28349 әскери бөлімдегі оқ-дәрілер қоймасындағы өрт 26 тамызда басталды. Өрт және соның салдарынан туындаған жарылыстар кесірінен 17 адам қаза тапты. 98 адам жараланды. Оның 49-ы – өрт сөндірушілер. 1 адам із-түзсіз кетті.

Оқиғаға байланысты Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев 31 тамызда өз еркімен отставкаға кетті.

Президент Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары, полковник, марқұм Мейіржан Аймановқа "Халық Қаһарманы" атағын берді. Өртті сөндіру кезінде опат болған құтқарушыларды ордендермен марапаттады.

Қасіретті қаңтар

Мемлекет басшысы 2022 жылғы 8 қаңтарда "Қазақстанда жасалған террористік актілердің салдарынан адамдардың қаза болуына байланысты 2022 жылғы 10 қаңтарда жалпыұлттық аза тұту жариялансын" деген өкім шығарды.

2023 жылғы 5 қаңтарда, трагедияның бір жылдығында қаңтар оқиғалары, контртеррористік операция кезінде жалпы саны 238 адам өлгені, соның ішінде 67 адам "шабуылдаушы" деп танылғаны мәлімделді. Қаза тапқандардың ең үлкен көлемі Алматыда – 151 адам. Одан кейін Қызылорда (26), Шымкент (20) және Таразда (17).

Абай облысындағы орман өрті

2023 жылғы 11 маусымда "Семей орманы" мемлекеттік орман табиғи резерватының қызметкерлері тілсіз жаудың құрбанына айналғаны анықталды. Президент "Абай облысындағы орман өртінің салдарынан адамдардың қазаға ұшырауына байланысты Қазақстан Республикасында 2023 жылғы 12 маусымда жалпыұлттық аза тұту жариялансын" деген өкімге қол қойды.

Қаралы күн жарияланған кезде 14 орманшының қаза тапқаны хабарланды. Экология министрлігі қаза тапқандардың тізімін, фотосуреттерін жариялады. Кейін өртті сөндіру жұмыстары кезінде қайтыс болған тракторист Сергей Архиповты қосқанда, "тілсіз жау" кесірінен қаза тапқандардың жалпы саны 15 адамға жетті. Өрт алаңы шамамен 60 мың гектарға жетті. Қаза тапқандардың отбасыларына тұрғын үй, жәрдемақылар және басқа да қолдау шаралары көрсетілді.

Костенко атындағы шахтадағы апат

2023 жылы 28 қазанда Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада алапат апат болды. Содан кейін Қазақстан Президенті 29 қазанды жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Жарылыс пен өрт салдарынан 46 шахтер мерт болды. Тағы 28 адам түрлі жарақат алды.

Апат кезінде жер астында 252 адам болған, құтқару операциясы бірнеше күнге созылды. Үкімет арнайы комиссия құрып, зардап шеккендердің және қаза тапқандардың отбасыларына көмек ұйымдастырды. Президент "АрселорМиттал Теміртаумен" инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды. Кейін үнді миллиардері Лакшми Митталдың қарағандылық активтері жаңа меншік иесіне берілді.

Каспийде әскери қызметшілердің қаза табуы

Маңғыстау облысындағы Каспий теңізінің жағалауында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жауынгерлік міндеттерін орындауы барысында қайғылы оқиға тіркелді. Осыған байланысты 2026 жылғы 25 қыркүйек "Жалпыұлттық аза тұту күні" деп жарияланды.

Алдын ала дерек бойынша ауа райының күрт нашарлауына және қатты желге байланысты теңіз айдынында 17 әскери қызметші қалып қойған. 14 адамның қаза тапқаны расталды. Үш әскери қызметші құтқарылған, оның бірі ауруханаға жатқызылды. Қылмыстық іс қозғалып, Үкіметтік комиссия құрылды. Президент трагедияның мән-жайын анықтауды және қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсетуді тапсырды.

Аза тұту күні – бақилық болған азаматтардың рухына тағзым етіп, ізгілік пен адамгершілікті ұлықтайтын қасиетті рәсім, бірліктің белгісі. Бұл тек халық қара жамылып, ел егіліп, ұлттың жүнжитін шағы емес. Бұл сын сағатта ел бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, кез келген қауіптің алдында жұдырықтай жұмылып, ортақ мақсат жолында тұтасатынын көрсететін бірлік пен бекемдіктің сыналар шағы болса керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу