Қазақстан, Өзбекстан және Әзербайжан Каспий түбімен ток кабелін тартады

655

Тараптар жасыл энергетиканы бірлесіп дамытады.

Қазақстан, Өзбекстан және Әзербайжан Каспий түбімен ток кабелін тартады Фото: inbusiness.kz

Мәжіліс Әзербайжан және Өзбекстанмен жасыл энергияны өндіру және беру саласындағы стратегиялық әріптестік туралы келісімді ратификациялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бұл келісімге Қазақстан, Әзірбайжан және Өзбекстан мемлекеттерінің басшылары 2024 жылғы 13 қарашада Баку қаласында СОР-29 конференциясының алаңында қол қойды.

"Келісім үш ел арасындағы жаңартылатын энергия көздерінің қазіргі әлеуетін тиімді пайдалануға және жасыл аммиак пен сутекті қамтитын экологиялық таза электр энергиясы саудасын дамытуға, сондай-ақ еуропалық нарықтарға экспортты кеңейтуге бағытталған. Жоба бойынша Қазақстан мен Өзбекстаннан Әзірбайжанға Каспий теңізінің түбіне су асты кабелін салу арқылы энергияның жасыл түрлерін беру жоспарлануда, ол сондай-ақ осы энергияны ұқсас Қара теңіз жобасы арқылы Еуропа елдеріне экспорттауға мүмкіндік береді. Жобаның негізгі мақсаты – Каспий теңізінің түбіне тұрақты ток кабелін төсеу. Бұл Еуропалық Одақтың электр нарығына тікелей шығуға мүмкіндік беретін техникалық жағынан күрделі, бірақ стратегиялық тұрғыдан қажет шешім", – деді Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.

Жоба іске асырудың белсенді кезеңінде, елдердің үш энергетикалық ведомствосының Азия Даму Банкімен және Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкімен қол қойылған меморандумының уағдаластықтары шеңберінде жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін (ТЭН) әзірлеу жөніндегі консультант ретінде CESI (Чесси) жетекші халықаралық итальяндық консалтингтік компаниясы айқындалды. ТЭН әзірлеу қорытындысы бойынша қаржылық модель және жобаның негізгі техникалық параметрлері айқындалатын болады.

"Техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу құны шамамен 1 млн еуроны осы банктердің гранттық қаражатымен жүзеге асырылады. Айта кету керек, бұл жоба өзекті және энергетикалық әртараптандыру бойынша халықаралық күн тәртібіне сәйкес келеді. Бұл оны жүзеге асыруды қаржыландыруға дайын халықаралық қаржы институттарының жоғары қызығушылығын тудырады. Аталған екі банк бірінші кезеңде тек 1 млн доллар қажет болғанның өзінде, 2 млн доллар көлемінде гранттық қаражат түрінде қаржыландыруды қамтамасыз етуге дайын екендігін растады", – деді министр.

2025 жылғы 1 шілдеде үш елдің жүйелік операторлары "Green Corridor Alliance" бірлескен кәсіпорнын құрған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу