Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстан бір теңізді бөлісіп жатыр

1233

Миллиондаған адамдардың тағдыры қыл үстінде: Орталық Азия елдері азайған бір құнды ресурсын бөліске салуда.

Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстан бір теңізді бөлісіп жатыр Фото: canva

Орталық Азия сахарасындағы екі алып дария – Сыр мен Әму өңірдің алтыннан да қымбат, стратегиялық ортақ ресурсына айналды. Олар аймақ елдерін араздастыра ма, әлде табыстыра түсе ме, бұл енді республикалардың кәусарды қалай бөлісеріне байланысты болады.

Бұған дейін Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстан "Бахри Точик" ("Тәжік теңізі" деп аударылады) су қоймасын бірлесіп пайдалану туралы келіскен болатын. Бұл оқиға 2025 жылдың 30 мамырында, Душанбеде өткен мұздықтарды сақтау жөніндегі жоғары деңгейдегі халықаралық конференция аясында орын алды.

Сонда үш республика "Тәжік теңізін" 2025 жылғы жазда пайдаланудың бірлескен режимі бойынша келісімге келіп, уағдаластықтарын үшжақты хаттамамен ресімдеді. Су қоймасы сонау 1950 жылы Сырдария өзенінің ағынын реттеу үшін Тәжікстанда салынды және онда бөгет пен су электр станциясы тұрғызылған.

Міне, енді өңірдегі 5 мемлекет Орталық Азиядағы Мемлекетаралық үйлестіруші сушаруашылығы комиссиясының (МҮСК) 91-ші отырысы қорытындысында 2026 жылға арналған суды бөлісіп алды.

Келіссөздер нәтижесінде Әмудария мен Сырдария өзендерінен 2026 жылға су алу лимиттері бекітілді. Сондай-ақ "Тәжік теңізінің" жазғы жұмыс режимі келісілді.

Сырдария бойынша 2026 жылғы вегетацияаралық маусымда жалпы су алу лимиті 4,2 ​​миллиард текше метрді құрайтын болды. Өкінішке қарай, соның ішінде келесі жылы Қазақстан суды екі еседей аз алатыны анықталды.

Сырдария суы оның бойындағы елдер арасында келесідей үлестірілді:

  • Қазақстанға (Дустлик-Достық каналы арқылы) – тек 460 миллион текше метр;
  • Қырғызстанға – 47 миллион;
  • Тәжікстанға – 365 миллион текше метр тиді;
  • Өзбекстан жалпы көлемнің басым бөлігін, 79,3%-ын алады, оның үлесі – 3,347 миллиард текше метрді құрайды.

МҮСК мәліметінше, бұл көрсеткіштер күтілетін ағындарды, су қоймаларында қордаланған қорларды және өзен арнасындағы экологиялық ағынды сақтау қажеттілігін ескере отырып есептеледі.

Салыстырсақ, комиссияның 89-шы отырысының хаттамасына сәйкес, 2025 жылы Қазақстанға арналған (Достық арнасы арқылы) су алу лимиті 909 миллион, Қырғызстан үшін – 270 миллион, Тәжікстан үшін – 1 миллиард 905 миллион және Өзбекстан үшін – 8 миллиард 800 миллион текше метрді құрап еді.

Неліктен лимит екі есеге қысқартылды?

Биыл Сырдарияның жағдайы күрделі болып шықты. Тіпті парадокс қалыптасыпты: жоғарғы ағыста су ағындары рекордтық шамада (119%), ағыл-тегіл болды, бірақ маусымның соңына қарай су қоймалары жарым-жартылай бос қалған. Тоқтағұл су қоймасында жарты миллиард текше метр су жетіспеді, ал, Шардарада 576 миллион текше метр тапшы болған.

Бұған не себеп? Парадокс оңай түсіндіріледі: төменгі ағыстағы экожүйелерді сақтау, сондай-ақ Сырдария салаларының құрғап қалып, тұзды батпаққа айналып кетуіне жол бермеу үшін Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан аталған қоймаларда жиналған ағынды суларды төменге қарай жоспардағыдан көп әрі жиірек төгуге келісті. Тек бұрынғы жылдардан сақталған қорлар мен көршілердің бауырластық ымырасы ғана "Ұлы құрғақшылықтың" алдын алуға септесті.

Asia-Plus порталының хабарлауынша, Өзбекстанның Гидрометеорологиялық орталығының болжамдары бассейннің әртүрлі бөліктеріндегі су деңгейі 70-тен 105%-ға дейінгі аралықта болатынын көрсеткен еді. Шын мәнінде, жоғарғы су қоймаларына келетін жалпы су ағыны күтілгеннен де жоғары болды – 6 миллиард 119 миллион текше метрді құрады немесе нормадан 119%-ға асты.

Мамандар осыған қарап, биыл өңір судан еш таршылық көрмейді, төменгі ағыста да молшылық болады деп жорамалдап еді. Алайда маусымның соңына қарай су қоймаларындағы су деңгейі тіпті бұрын жоспарланғаннан да аз қалғаны белгілі болды.

Әлгінде айтылғандай, Тоқтағұл су қоймасында жарты миллиард текше метрден астам, Әндіжан су қоймасында шамамен 320 миллион, Шарбақ (Чарвак) су қоймасында 428 миллион су жетіспейтін болып шықты. "Тәжік теңізі" мен Шардара су қоймаларында сәйкесінше, нормадан 217 және 576 миллион м3 су тапшылығы туындаған.

Жалпы алғанда, биыл Сырда болжамдағымен салыстырғанда шамамен 2,1 миллиард текше метр су жетіспеушілігі қалыптасыпты. Осыған қарамастан, су қоймаларынан төменге қарай су жоспарланғаннан шамамен 1,8 миллиард текше метрге көп төгілді. Бұл Сырдың төменгі ағыстары құрғап қалмауы және сол төменде отырған Қазақстанды сумен қамтамасыз ету үшін қажет болды.

Дегенмен, мамандардың байламынша, су қоймаларында қалыптасқан тапшылық аясында да Сырдария өзені бойындағы 2025 жылғы суару маусымы күрделі проблемаларсыз өтті. Бұған алдыңғы жылдардан қалған қорлар, еріген Тянь-Шань мұздықтарынан және жауын-шашыннан құйылған қосымша ағындар, сондай-ақ Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстандағы су шаруашылығы қызметтерінің үйлестірілген, келісімді іс-қимылы көмектесті.

Жаңа жылда өңір жағдайы не болады?

Мемлекетаралық комиссия сондай-ақ ең ірі су қоймаларының жұмыс режимдерін бекітті. Вегетацияаралық маусымның басында Сырдарияда орналасқан Тоқтағұл, Әндіжан және Шарбақ су қоймаларындағы жалпы су қоры шамамен 10,6 миллиард текше метрді ғана құрайды, бұл нормадан сәл төмен.

"Тәжік теңізі" және Шардара су қоймаларында сәйкесінше шамамен 2,6 және 1,65 миллиард текше метр су ғана болады деп күтілуде.

Жалпы алғанда, Сырдария бассейніндегі су қоймаларында қыстың басына қарай шамамен 14,9 миллиард текше метр су жинақталыпты. Бұл орташа жылдық деңгейдің шамамен 90%-ы. Сондықтан бөгендердегі каскадтардың жұмыс режимін сақ жүргізуге тура келетіні мәлімделді.

Негізгі сұрақ әзірге жауапсыз қалып тұр: азайып бара жатқан су қоры өңірдегі көбейіп бара жатқан адамдарды, малды және егістік жерлерді тегіс сумен қамтуға жеткілікті ме? Орталық Азия республикалары 2026 жылды суға байланысты қақтығыссыз өткізе ала ма?

Сарапшылар төменгі ағыста орналасқан Қазақстан ең қатты зардап шегуі мүмкін екенін ескертеді. CACF эксперттерінің дерегінше, территориясында 85 000-нан астам ірілі-ұсақты өзен және 48 200-ден астам көлінің барына қарамастан, Қазақстан жоғары сапалы судың тапшылығына тап болды.

Қазақстан Үкіметі келесі жылы судың аз болу қаупі бар екенін ашық мәлімдеді. Салдарынан мемлекет 2026 жылға арналған егін жоспарын қайта қарауға, суды азырақ тұтынатын дақылдарға басымдық беруге мәжбүр. Қазақстандық фермерлерге егіндерін су ресурстарына қатысты шектеулерге алдын ала бейімдеуге кеңес берілді.

"Нарын – Сырдария каскадына келетін су ағыны айтарлықтай азайды, бұл келесі жылғы вегетациялық маусымда су тапшылығы қатерін тудырады. Су ресурстары министрлігі қазақстандық су қоймалары жұмысының бірнеше болжамдық режимін және азайған су ресурстарын қайта бөлудің түрлі сценарийлерін әзірледі. Бұл суды пайдалану лимиттерін түзетуге және тапшылық қаупін азайтуға мүмкіндік береді", – деп түсіндірді Қазақстан Үкіметінің баспасөз қызметі.

Ары қарай не болады? Көктемде еріген су көлемі туралы деректерді күтуге тура келеді: мемлекетаралық комиссия бекіткен квоталар қағаз жүзінде қала ма, әлде шындыққа айналып, жыл бойы бес мемлекеттің жеріне нәр болып құйыла ма, оны көктемгі су ауқымы көрсетуге тиіс.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу