Жиында әлемдік паделдің даму перспективалары, атқарылған жұмыстардың қорытындысы және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері қаралды. Биылғы ассамблея FIP-тің құрылғанына 35 жыл толуымен де ерекшеленді.
Қазақстан атынан жиынға Ұлттық падел федерациясының президенті Арслан Абылғазин мен Алматы қаласы падел федерациясының төрағасы Әлем Момынбаев қатысты.
Кездесу барысында халықаралық жарыстар санын арттыру, жасөспірімдер спортын дамыту және ұлттық федерациялар арасындағы байланысты нығайту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ паделді Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізу бастамасына басымдық берілді. Бұл бағыттағы жұмыстар Халықаралық падел федерациясының президенті Луиджи Каррароның қолдауымен жалғасады.
Қазақстандық делегацияның ассамблеяға қатысуы елдегі паделді дамытуға, халықаралық серіктестікті кеңейтуге және әлемдік спорт қауымдастығымен тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді. Алдағы уақытта жастарды спортқа тарту, жарыстар ауқымын кеңейту және шетелдік федерациялармен бірлескен жобаларды жүзеге асыру маңызды бағыттардың бірі болмақ.
Ассамблеяның маңызды жаңалықтарының бірі – 15 жаңа ұлттық федерацияның FIP мүшелігіне қабылдануы. Олардың қатарында Өзбекстан да бар. Осылайша, ұйымға мүше федерациялар саны 115-ке жетті.
Қазақстан Ұлттық падел федерациясы өзбекстандық әріптестерін халықаралық ұйым қатарына қосылуымен құттықтайды. Бұл шешім Орталық Азияда паделдің кеңінен таралуына, спорттық байланыстардың нығаюына және жаңа жетістіктерге жол ашады деген сенім бар.