Қазақстан Пәкістандағы білім беру жобаларына 1 млн доллар грант бөлді

132

Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті.

Қазақстан Пәкістандағы білім беру жобаларына 1 млн доллар грант бөлді Фото: gov.kz

Қазақстан Республикасының Пәкістан Ислам Республикасындағы Елшісі Ержан Қыстафин Қазақстан Үкіметінің Пәкістанның Білім беру гранттары қорына (Pakistan Education Endowment Fund, PAK-EEF) 1 млн АҚШ доллары көлеміндегі грантын табыстауға арналған салтанатты рәсімге қатысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Іс-шараға Пәкістанның Федералдық білім және кәсіптік даярлық жөніндегі мемлекеттік министрі Ваджиха Камар, Пәкістанның Сыртқы істер министрлігі, Білім министрлігі және өзге де мемлекеттік органдарының өкілдері қатысты.

PAK-EEF қорының бас атқарушы директоры С.Сухайл көрсетілген қолдау үшін Қазақстан басшылығына алғыс білдіріп, ҚР жоғары оқу орындарымен бірлесіп білім беру саласында бірқатар жобаларды іске асыру ниетін жеткізді. Аталған жобалар аясында пәкістандық студенттерді оқыту және олардың біліктілігін арттыру, сондай-ақ Қазақстан мен Пәкістанның жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту көзделуде.

Е.Қыстафин Қазақстанның білім беру, академиялық алмасулар, кадрлар даярлау және адами капиталды дамыту салаларындағы Пәкістанмен ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге бейілді екенін растады. Ол білім беру саласына салынған инвестициялар Қазақстан мен Пәкістан халықтарының ортақ бейбіт, орнықты әрі гүлденген болашағына қосылған маңызды үлес екенін атап өтті.

Өз кезегінде В.Камар Қазақстан халқына алғыс білдіріп, жуық арада жоспарланған бастамаларды егжей-тегжейлі талқылау және оларды іске асыру жөніндегі жол картасын әзірлеу мақсатында Астана қаласына делегация жіберу ниетін мәлімдеді.

Іс-шара қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықтың нақты бағыттарын айқындау үшін екі елдің қорлары мен жетекші жоғары оқу орындары арасында келіссөздер ұйымдастыруға уағдаласты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу