Қазақстан Ресейлік "қара тізім" бойынша да жұмыс істемек

3418

Қаржы нарығын реттеу агенттігі қаржылық ұйымдар тізгінін өз қолына алғысы келетін кандидаттардың меселін жиі қайтара бастады. 

Қазақстан Ресейлік "қара тізім" бойынша да жұмыс істемек Фото: Tengrinews

Сарапшылар келесі бірнеше парадоксқа назар аудартады.

Біріншіден, ұлттық заңнамада қаржы ұйымдарының басшы қызметкерлеріне, оның кәсіптік біліктілік деңгейіне, еңбек өтіліне қойылатын нақты талаптар бекітілген. Оған сәйкес, бұлардан мінсіз іскерлік беделінің болу талап етіледі.

Алайда сонымен бірге заңнамада арам қызметі қаржы ұйымын мәжбүрлеп таратуға немесе банкроттыққа әкеп соқтырған қаржы ұйымдарының жекелеген санаттағы жосықсыз басшыларына қатысты шаралар көзделмеген. Олар зұлым ойын жүзеге асырып, жазадан құтылып, тайып тұрады. Келесі ұйымға қол сұғуы ықтимал.

Екіншіден, заңға сай, қаржылық ұйымдар басшылық лауазымдарына тағайындалатын кандидаттарына алдымен уәкілетті органның, яғни Қаржы нарығын реттеу агенттігінің міндетті түрде келісімін алуға тиіс. Бірақ Мәдина Әбілқасымова басқаратын агенттік лайықсыз кандидаттардың тізімін жүргізбейді. Демек, бір рет оның келісімін ала алмаған кандидаттың келесі жолы мақұлданбасына еш кепіл жоқ.

Сондықтан ведомство бұл олқылықты түзетуге бел буып отыр. Жаңа бастама 2024 жылы заң жүзінде қабылданады деп жоспарланған.

Агенттік ұсынып отырған заңнамалық түзетулер оған "заңға қайшы іс-әрекеттері не әрекетсіздігі қаржы ұйымын мәжбүрлі таратуға немесе оны банкрот деп тануға әкеп соқтырған тұлғалардың тізбесін жүргізу" құзырын береді.

Осы арқылы уәкілетті орган "қара тізімге" іліккен тұлғалардың ары қарай қаржы секторындағы кез келген лауазымға орналасуына тыйым салады. Соған жол беруі мүмкін схемаларды доғаруға ниетті.

Жалпы, бұл Ресейдің тәжірибесі болып табылады. Оны Әбілқасымованың командасы да жасырып отырған жоқ: консультативтік құжатында солтүстік көршінің үлгісіне сілтеме жасайды.

Қаржылық реттеуші саналатын "Ресей Банкі" өзінің қаскөй қызметі арқылы ұйымның қаржылық жағдайына зиян келтірген, немесе заңнаманы бұзған адамдар туралы жеке дерекқор жүргізеді.

Кредиттік ұйымда жұмыс істеу кезінде бұзушылықтар жасағандар туралы ақпарат дерекқорға 10 жылға енгізіледі. Кредиттік емес қаржы ұйымында жұмыс істеу кезінде заң бұзғандар қара тізімге 5 жылға кіреді.

Бұдан бөлек, көршіде іскерлік беделіне талаптар қойылатын лауазымдарға орналасуға, акцияларды, үлестерді иеленуге, акционерлерге, қатысушыларға қатысты бақылауды жүзеге асыруға "өмір бойы тыйым салынғандар" тізімі де бар.

  • Қазақстандық "қара тізімге" қосу бойынша әзірге мерзімдік шектеулер жоқ. Бәлкім, ресейлік үлгідегі лимиттер тиісті заң жобасын Парламентте талқылау барысында пайда болуы да ғажап емес.

Агенттіктің түсіндіруінше, заңсыз әрекеттері не әрекетсіздігі арқылы қаржы ұйымын жарға жыққан, яғни мәжбүрлеп таратуға немесе оны банкрот деп тануға соқтырған басшылардың және қызметкерлердің аталған тізімдерінің болуы бірнеше игілік әкеледі. Біріншіден, қаржы секторында жосықсыз, ниеті таза емес адамдардың жұмысқа орналасуына жол бермейді.

Екіншіден, стратегиялық шешімдер қабылдау кезінде қаржы ұйымдарының басшы қызметкерлерінің жауапкершілігін арттырады. Бұл тұтастай алғанда, отандық қаржы секторының тұрақтылығы мен дамуына оң әсер етеді.

Үшіншіден, қоғамда қаржы ұйымдарына деген сенімді нығайтады. Төртіншіден, қаржы ұйымдарын басқаруға білікті кадрларды тартуға септеседі. Бұл өз кезегінде қаржы секторындағы тұрақтылықты қамтамасыз етпек.

Бесіншіден, жосықсыз басшыларды қаржы ұйымдарына қайта тағайындау тәжірибесіне тосқауыл қойылады.

Алтыншыдан, қаржы ұйымдары басшыларының жосықсыз іс-әрекеттерін азайтады. Қаржылық қызметтерді ұсыну кезінде қаржы ұйымдарының жауапкершілігін күшейтуге тиіс.

Жетіншіден, қара тізімге еніп кетпеу үшін кез келген қаржы ұйымының басшылары сақ болады, заңды аяқасты етуден аяқ тартады, тәуекелдерді барабар бағалауға тырысады.

Қорыта айтқанда, агенттік осы арқылы салада белең алған жасанды түрде банкроттау санын азайтудан үмітті.

Банктердің, брокерлік, микроқаржы ұйымдарының, сақтандыру компанияларының басшылық тізгінін лайықсыз тұлғалардың өз уысына түсіруге тырысып жатқанын айғақтайтын деректер бар.

Қазіргі уақытта Қазақстанда мемлекеттігі (Отбасы банк және Береке банк) және жекеменшігі бар, жалпы саны 21 екінші деңгейдегі банк қана қалды. Тағы 9 банк банкрот болды: оларды тарату процесі әлі күнге жүріп жатыр.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2022 жылдан бері осы банктердің басшылық лауазымын иеленген 13 тұлғаның кандидатурасына келісім беруден бас тартты. Сөйтіп, олардың аты аталмаған банктердің басшысына айналуын бұғаттап тастады.  

Бағалы қағаздар нарығында 49 субъект жұмыс істейді. Бұл ретте 2022 жылдан бері агенттік басшы лауазымынан үмітті 10 кандидатқа келісім беруден бас тартты.

Сақтандыру секторында 26 ұйым ғана бар. 2022 жылдан бастап, уәкілетті орган олардың басшы лауазымына 11 тұлғаның кандидатурасына келіспей қойды.

Микрокредит беру секторында 252 микроқаржы ұйымының шағын несие үлестіруге лицензиясы бар. 2022 жылдан бері 17 компания лицензиясынан айырылды.

Дегенмен, заңнамада агенттіктің құптауға лайықсыз тұлғаларды ары қарай есепке алу мүмкіндігі көзделмеген. Салдарынан, банктер, МҚҰ-лар және басқасы ол адамдарды басшылық қызметке қайта ұсынса, оларды тағы тексеруге тура келеді.

Бұл ретте оны келісуден бас тартуға ұсыным берген білікті маман жұмыстан кетіп, орнына пара көрсе жолдан таятын немесе тексеруге салғырт қарайтын маман келуі қаупі де жоқ емес. Онда бір рет келісім ала алмаған тұлғаның екінші жолы "бағы жануы" ықтимал.

Ал қара тізім (агенттіктің құжаттарында – "сұр тізім" деп аталған) болса, оған бір кірген адамға қайтара тексеру жүргізудің қажет болмас еді. Сөйтіп, келісім беру үрдісі біршама автоматтандырылады. Агенттік бір жасаған ісіне қайталай кірісіп, босқа арам тер болмас еді.

Осының арқасында ведомствоның түсіндіруінше, қаржы секторындағы бір ұйымды қасақана мәжбүрлеп таратуға немесе оны банкроттыққа соқтырған тұлғалардың өзге қаржы ұйымдарында басшылық лауазымға орналасуына жол берілмейді. Ол адамдардың есебі жүргізіледі. Олардың үстінен белгілі бір бақылау орнатылады, олардың қаржы саласынан аласталуына қатысты шаралар қабылданады.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу