Қазақстан Ресеймен достық қарым-қатынастың дамуына ерекше мән береді – Қасым-Жомарт Тоқаев

302

Қазақстан мен Ресей – одақтас әрі стратегиялық серіктестер.

Қазақстан Ресеймен достық қарым-қатынастың дамуына ерекше мән береді – Қасым-Жомарт Тоқаев Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей Федерациясына мемлекеттік сапары қарсаңында "Российская газета" басылымында "Вечная дружба – путеводная звезда для наших народов" атты мақаласы жарық көрді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Тарихтың өзі біздің елдер арасындағы мәңгі достықты, барлық салалардағы кең ауқымды ынтымақтастықты және гуманитарлық саладағы тығыз байланыстарды айқындап берді.

Біздің халықтар ғасырлар бойы қатар өмір сүріп, қуанышы мен сынағын бірге бөлісті. Бірге жүріп, Еуразияның ортақ мәдени кеңістігін қалыптастырды. Бізді ортақ дәстүрлі құндылықтар, қазіргі заманның өзекті мәселелеріне қатысты ұқсас көзқарастар және бауырлас халықтардың игілігі үшін бірлесе еңбек ету ұстанымы біріктіреді.

Осы берік негізде біз өзара құрмет пен сенімге сүйеніп, тарихымызға, мәдениетіміз бен дәстүрімізге құрмет таныта отырып, көпжақты ынтымақтастықты нық сеніммен жалғастырып келеміз.

Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстан Ресеймен достық қарым-қатынастарды дамытуға айрықша мән беріп келеді. Елдің алғашқы сыртқы саясат тұжырымдамасынан бастап, кейінгі құжаттардың барлығында да Ресей бағыты тұрақты басымдық ретінде айқындалған.

1992 жылы "Мәңгі достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шартқа" қол қойылып, мемлекетаралық қатынастардың берік іргетасы қаланды. Бұл құжат – біздің халықтардың саналы таңдауын бейнелейтін символға айналды.

Содан бергі кезеңде әлем мен посткеңестік кеңістік айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Алайда сол шарттағы басты қағида – "мәңгі достық" ұғымы өзектілігін жойған жоқ. Бұл жай сөз емес, біздің халықтардың қазіргі және болашақ күрделі шындықты қалай қабылдайтынының саяси әрі философиялық көрінісі.

Қазақстан мен Ресей мазмұнды және сапалы стратегиялық әріптестік пен одақтастық қатынасты қалыптастырды. Мұндай ынтымақтастықтың өзегінде – турбулентті және болжап болмайтын уақытта бірге болуға деген саналы ұмтылыс жатыр. Басқаша айтқанда, мәңгі достық – біздің елдер мен халықтар үшін бағыт-бағдар беретін жұлдыз іспетті.

Екі елдің қарым-қатынасы сенімге, сыйластыққа және тең құқыққа негізделген. Болашақ үшін ортақ жауапкершілік барлық өзекті мәселелердің шешімін табуға мүмкіндік беріп отыр. Менің пайымдауымша, Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық – Еуразиядағы қауіпсіздік жүйесін қалыптастырудың аса маңызды факторы.

Қарым-қатынастар жан-жақты стратегиялық серіктестік пен одақтастық деңгейіне көтерілуде

Екіжақты ынтымақтастықтың барлық жетістігі Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің белсенді әрі нәтижелі қызметімен тығыз байланысты. Қазақстанда ол ғаламдық деңгейдегі саяси қайраткер ретінде зор құрметке ие. Оның есімі әлем елдерінің басым бөлігінде белгілі.

Өткен жылы Ресей Президентінің Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары тарихи мәнге ие болды. Астанада екі ел арасындағы серіктестіктің жаңа көкжиектерін ашатын бірқатар маңызды келісімдерге қол қойылды. Санкциялық қысым мен халықаралық шиеленіске қарамастан, екі мемлекет ынтымақтастықтың тұрақтылығы мен серпінді дамуын сақтап қалды.

Мәскеуге жасалатын алдағы мемлекеттік сапар қарсаңында мен Ресей Президентімен өтетін келіссөздердің ерекше маңызын атап өткім келеді.

Соңғы айларда мен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен, АҚШ Президенті Дональд Трамппен, сондай-ақ Еуропа, Азия және Африка елдерінің бірқатар басшыларымен мазмұнды кездесулер өткіздім. Геосаяси көзқарастары түрлі бағытта болғанымен, барлығы Ресей мен оның басшысының халықаралық қатынастардағы түйінді мәселелерді шешудегі айрықша рөлін мойындайды. Басқаша айтқанда, қазіргі әлемдегі қайшылықтарды Мәскеудің қатысуынсыз еңсеру мүмкін емес.

Қазақстан мен Ресей шынайы үлгі боларлық мемлекетаралық қатынастар орнатты. Соңғы 30 жылда біз өзара тиімді ынтымақтастықты үздіксіз дамытып келеміз. Владимир Путинмен өтетін алдағы келіссөздер бұл серіктестікті жаңа мазмұнмен толықтырады деп сенемін.

Сапар барысында негізгі құжат – Қазақстан мен Ресей арасындағы қатынастарды жан-жақты стратегиялық серіктестік пен одақтастық деңгейіне көтеру жөніндегі Декларацияға қол қойылмақ. Бұл құжат екі ел арасындағы өзара сенімнің жоғары деңгейін растап, барлық бағыттағы тығыз іс-қимылдың жаңа кезеңін ашады.

Ресей Федерациясы Қазақстанның ең ірі 3 сыртқы сауда серіктесінің қатарына кіреді. Ал Қазақстан Ресей үшін негізгі 5 сауда әріптесінің қатарында. Екі ел арасындағы тауар айналымы тұрақты өсіп, 30 млрд АҚШ долларына жуықтады.

Инвестициялық ынтымақтастық та белсенді дамып келеді. Ресей инвесторлары Қазақстан экономикасына ең көп қаржы құйғандардың қатарында. Бұл – ел экономикасының тартымдылығы мен өзара сенімнің айғағы.

Қазіргі таңда екі ел арасында жалпы құны 50 млрд доллардан асатын 170-тен астам бірлескен өндірістік жоба жүзеге асырылып жатыр. "Сибур", "Газпром", "Лукойл", "ЕвроХим" сияқты ірі компаниялардың қатысуымен полиэтилен, бутадиен, минералды тыңайтқыштар және басқа да жоғары технологиялық өнімдер шығаратын зауыттар салынуда. "Татнефть" компаниясымен бірге автомобиль шиналары, ал "КАМАЗ"-бен жүк көліктерінің бөлшектері өндіріледі.

Қазақстанда ресейлік капиталдың қатысуымен 20 мыңнан астам компания табысты жұмыс істеп тұр. Бұл – өзара тиімді серіктестіктің нақты нәтижесі.

Энергетика саласындағы ынтымақтастық та стратегиялық мәнге ие. Екі ел бірлесе отырып, ресейлік энергоресурстардың Қытай мен Орталық Азия елдеріне үздіксіз транзитін қамтамасыз етуде. Елімізде "Росатом" басқаратын халықаралық консорциумның қатысуымен алғашқы атом электр станциясы салынбақ. Бұл жоба уран өндіруден бастап электр қуатын өндіруге дейінгі толық циклды қамтамасыз етеді және жаңа технологиялар мен мамандар даярлауға серпін береді.

Маңызды бағыттардың бірі – көлік және логистика саласы. Қазақстан аумағы арқылы Азия мен Еуропаны жалғайтын 13 халықаралық дәліз өтеді. Осы бағыттардың әлеуетін арттыру мақсатында тараптар "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" автокөлік дәлізін жаңғыртып, шекарадағы 30 өткізу пунктін модернизациялауда.

Сонымен қатар, "Солтүстік – Оңтүстік" көлік дәлізінің шығыс тармағын кеңейту ісі қолға алынған. Бұл бағытта Ресей – Қазақстан – Түрікменстан – Иран теміржол магистралі маңызды рөл атқарады. Жаңа жол картасы оның өткізу қабілетін 5 жыл ішінде жылына 20 млн тоннаға дейін арттыруды көздейді.

Еуразия кеңістігіндегі серіктестік пен рухани сабақтастық

Биыл Қазақстан мен Ресей үшін тарихи маңызы бар бірнеше мерейтойлық оқиға өтті. Соның бірі – Ұлы Жеңістің 80 жылдығы. Бұл – халықтарымыздың жүрегінде мәңгі сақталатын ең ұлы тарихи белес.

Әр бесінші қазақстандық майданға аттанып, олардың жартысына жуығы шайқастарда қаза тапты. Миллиондаған азамат тылда еңбек етті. Осы мерейтойға орай елімізде ауқымды әскери шеру және жүздеген естелік шаралар ұйымдастырылды.

Тағы бір маңызды белес – әлемдік ғарыштың бесігі саналатын Байқоңыр ғарыш айлағының 70 жылдығы. Бұл кешен екі елдің стратегиялық әріптестігінің нышанына айналды.

Сондай-ақ, 2005 жылы қол қойылған Қазақстан мен Ресей мемлекеттік шекарасы туралы шарттың 20 жылдығы аталып өтуде. Әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекараны бейбітшілік белдеуі деуге толық негіз бар.

Екі ел арасындағы өңіраралық ынтымақтастық форумының маңызы ерекше. Осы алаң нақты жобалар мен экономикалық байланысты нығайтуда шешуші рөл атқарады.

Гуманитарлық саладағы байланыстар да кеңейіп келеді. Астанада "Қазақстан мен Ресей мәңгі достық аллеясы" ашылса, Мәскеуде "Қазақстан-Ресей достық саябағы" бой көтереді.

Білім мен ғылым саласында да өзара ықпалдастық нығайды. Қазақстанда Ресейдің 9 жетекші жоғары оқу орнының филиалы жұмыс істейді. Ал Омбы қаласында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филиалы ашылып, бұл – Ресей жеріндегі алғашқы шетелдік университет өкілдігі.

Қазақстандағы тілдік және мәдени алуандық – еліміздің байлығы. Орыс тілі біздің қоғамның әлеуметтік, ғылыми және рухани өмірінің ажырамас бөлігі болып қала береді. Оны қолдау – гуманитарлық өзара түсіністік пен сенімнің басты тетігі. Осы мақсатта мен Халықаралық орыс тілі ұйымын құру бастамасын көтердім.

Қазақстан жастары бірнеше тіл білуі тиіс – қазақ, орыс, ағылшын, қытай және басқа тілдерді меңгеру – жаһандық дәуірде табыстың басты кепілі.

Қорытындылай келе, Астана мен Мәскеу арасындағы қатынастар Еуразия кеңістігіндегі іргелі процестерге шешуші ықпал етіп отыр. Бұл серіктестік формалды сипаттан ада – ол шынайы, өміршең және жаңа дәуірдің сын-тегеуріндеріне жауап бере алады.

Бүгінде әлем жаңа бағдар іздеуде. Осындай шақта Еуразия кеңістігіне тұрақтылық пен сенім керек. Ал Қазақстан мен Ресей арасындағы одақтастық – дәл осындай сенім мен ортақ тағдырдың тірегі.

Халықтарымыз болашаққа нық қадам баса отырып, тарихи және рухани тамырынан айнымайды. Сондықтан да біздің стратегиялық серіктестігіміз бен одақтастығымыз әрдайым жасампаздықтың, қауіпсіздіктің және ынтымақтың берік тұғыры бола береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу