Қазақстан 8-12 қазан аралығында Римде өтіп жатқан БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) ұйымдастырған "Тұқымнан тағамға дейін" атты екінші жаһандық көрмеге қатысып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
Биыл "Азық-түлік қауіпсіздігі мен дұрыс тамақтануды қамтамасыз ету жолындағы инновациялар" тақырыбымен өтіп жатқан көрмеге түрлі мемлекеттердің өкілдері, ауыл шаруашылығы өндірушілері, ғалымдар мен халықаралық ұйымдар қатысуда. Көрменің мақсаты – тұқым өсіруден бастап дайын тағам өндіруге дейінгі үдерісте қолданылатын жаңа технологиялар мен тиімді шешімдерді көрсету.
Қазақстанның көрме экспозициясында астық өндірісінің барлық кезеңі қамтылған. Келушілер тұқым дайындау мен дәнді дақылдарды өсіруден бастап, астықты заманауи технологиялармен өңдеу және дайын өнім өндіру жолдарымен таныса алады.
Әсіресе астықты терең өңдеуге басымдық берілген. Дәстүрлі нан және макарон өнімдерімен қатар, қазақстандық павильонда астықтан алынатын шәрбат, глютен және этанол сияқты өнімдер де ұсынылған.
Көрмеде еліміздің ұлттық тағамдары да таныстырылуда. Бауырсақ, жент, құрт және "Алматы апорты" алмасы арқылы Қазақстанның аспаздық дәстүрі мен ұлттық тағам мәдениеті насихатталады.
Сонымен қатар "Алматы апорты" ФАО-ның "Бір ел – бір басым өнім" халықаралық бастамасы аясында Қазақстанның басым өнімі ретінде ұсынылды.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлының айтуынша, көрмеге қатысу еліміздің агроөнеркәсіптік әлеуетін толық таныстыруға мүмкіндік береді.
Оның сөзінше, Қазақстан тұқым шаруашылығы мен астық өндіруден бастап, оны терең өңдеу және дайын өнім шығаруға дейінгі өндіріс тізбегін көрсетіп қана қоймай, ауыл шаруашылығының ұлттық мәдениет пен дәстүрге байланысын да таныстырып отыр.
ФАО-ның Еуропа және Орталық Азия елдеріне арналған өңірлік павильонында қатысушы мемлекеттер агробиоалуантүрлілікті сақтау, ұлттық тағам мұрасын дәріптеу, ғылыми жетістіктерді енгізу және инновацияларды дамыту бағыттарын ұсынады.
Айта кетейік, "Тұқымнан тағамға дейін" көрмесі алғаш рет 2025 жылы ұйымдастырылған. Сол кезде 4 күн ішінде көрмеге 10 мың адам келіп, 145 ел мен аумақтан 200-ден астам қатысушы жиналған. Ал цифрлық аудиториясы 32 миллионнан асқан.
Биылғы көрме де азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, дұрыс тамақтануды қолдау және ауыл шаруашылығын тұрақты дамыту мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.