Қазақстан семсерлесуден Азия чемпионатында тағы 2 алтын жеңіп алды

201

Қазақстандық семсерлесушілер үш алтын, екі күміс және төрт қола медаль еншіледі.

Қазақстан семсерлесуден Азия чемпионатында тағы 2 алтын жеңіп алды Фото: olympic.kz

Қазақстан құрамасы Манамада (Бахрейн) өтіп жатқан 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионатында тағы екі алтын медаль иеленді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Шпагада сынға түскен ерлер құрамасы мен саблядан өнер көрсеткен әйелдер командасы топ жарды.

Шпагада ел намысын Михаил Кузьмин, Кирилл Проходов, Георгий Тинников және Жанарбек Жанұзақов қорғады. Финалда қазақстандық спортшылар Гонконг құрамасынан басым түсті.

Ал саблядан әйелдер арасындағы командалық сайыста Диляра Исабекова, Полина Ко, Адема Серікбай және Қайша Жәнібек жеңіске жетті. Олар да шешуші кездесуде Гонконг құрамасын ұтты.

Бұдан бөлек, Қазақстанның тағы екі командасы қола медаль иеленді. Ерлер арасында саблядан Бексұлтан Абжал, Қуаныш Ерғашбай, Ерхан Қараман және Қайназар Нұрқатұлы үшінші орынға ие болды. Әйелдер арасындағы командалық рапира сайысында София Актаева, Ксения Андреева, Алена Гноева және Алина Искандерова қола жүлдегер атанды.

Жекелей сында шпагада Мария Лесовская күміс, Полина Лесовская қола медаль жеңіп алды.

Айта кетейік, бұған дейін Кирилл Проходов шпагадан жекелей сында алтын алса, Қайша Жәнібек саблядан күміс, Диляра Исабекова қола жүлдеге қол жеткізген еді.

Осылайша, Қазақстан құрамасының қоржынында Азия чемпионатының тоғыз медалі бар. Оның үшеуі – алтын, екеуі – күміс, төртеуі – қола. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу