Қазақстан шетелдік өндірушілерді Мәскеуден рұқсат алуға мәжбүрлей ме?

Қазақстан шетелдік өндірушілерді Мәскеуден рұқсат алуға мәжбүрлей ме?

12:43 04 Желтоқсан 2021 3535

Қазақстан шетелдік өндірушілерді Мәскеуден рұқсат алуға мәжбүрлей ме?

Автор:

Жанат Ардақ

Мемлекет, бұқара мен бизнес үшін өмірлік маңызды салада ұлттық стандарттардың орнына Еуразиялық одақтың Ресей әзірлеген мемлекетаралық стандарттарын енгізу жоспарлануда.  

Қазақстанда құрылыс жұмыстарының қарқынды жүріп жатқаны мәлім. Ұлттық статбюроның мәліметінше, құрылыс компаниялары бюджет қаражатына және төл инвестицияларына 2018 жылы 12 млн 521 мың, 2019 жылы 13 млн 126 мың, ал 2020 жылы 15 млн 332 мың шаршы метр тұрғын үй тұрғызған. Бұған қоса, жеке салымшылар қаражатына (соның ішінде тұрғын үй-құрылыс кооперативтері, өз бетінше коттедж не үй соққандар және басқасы есебінен) 2018 жылы 5 млн 877 мың, 2019 жылы 6 млн 500 мың, 2020 жылы 6 млн 405 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. 2021 жылғы қаңтар-қазанда жалпы алаңы 11 млн 597,5 мың шаршы метр тұрғын үй ғимараттары іске қосылды. Жыл қорытындысында бұл көрсеткіш 17 млн-ға жетпек.

Бұдан бөлек, 2018 жылы 90, 2019 жылы 72, 2020 жылы 51 мектеп, осы үш жылда 212-ден астам балабақша салынған. Қаншама өндірістік нысандар бой көтеруде. Осының бәріне электр қуатын жеткізетін және тарататын жабдықтар қажет. Құрылыс салушылар оны әлемнің әр елінен тасиды. Негізгі жеткізушілер – Ресей, Қытай, Еуропа елдері.

Алайда алда бұл тізім күрт шектелуі ғажап емес. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі "Еуразиялық экономикалық одақтың "Жоғары вольтты жабдықтардың қауіпсіздігі туралы" техникалық регламентінің жобасын қоғамдық талқылауға шығарды. Бұл ретте ведомство ашықтан ашық ескертеді: "Құжат жобасын әзірлеуші – Ресей Федерациясының Энергетика министрлігі".

Бұл құжаттың не қажеті бола қалды?

"Қазіргі уақытта жоғары вольтты жабдыққа, оның қауіпсіздігіне қойылатын міндетті талаптар одаққа мүше мемлекеттердің заңнамасында белгіленбеген. Мұндай жағдай одаққа кіретін елдердің нарығында тұтынушылардың талаптарына сай келмейтін сапасыз, әрі қауіпті өнімнің, сондай-ақ жосықсыз бәсекелестіктің пайда болуына әкеп соғады. Бұл адал ниетті дайындаушылардың мүмкіндіктеріне қысым жасайды", – деген түсініктеме берді ИИДМ.

Ресей өндірушілері одақтың, соның ішінде құрылысы ғаламат қарқын алған Қазақстанның нарығын ен жайлауды аңсайтыны сөзсіз. Бұл құжат арманды ақиқатқа айналдыруы әбден мүмкін. Отандық нарықтың қандай дәмді "майшелпек" екенін ұғыну үшін статистикаға үңіле кеткен жөн.

Индустрия министрлігінің мәліметінше, Қазақстан 2019 жылы – 3 миллиард 889 миллион доллардың осы жабдықтарын шетелден тасыған. Былтырғы 2020 жылы бұл ауқым 5 миллиард (4 миллиард 928 млн) долларға дейін ұлғайды. 2021 жылғы қаңтар-тамыз айларында 1 миллиард 586,8 млн доллардың өнімі шетелден арбаланды. Негізгі контрактілер жылдың екінші жартысында орындалатындықтан жыл қорытындысы бойынша бұл қаражат та қомақты болады деп күтілуде.

Әрине, республикада жоғары вольтты жабдықтар шығаратын кәсіпорындар бар, олар тіпті кейбір өнімін алыс-жақын шетелге де өткізіп жүр. Нақтылай кетсек, электротехникалық машина жасау кәсіпорындары 2019 жылы – 184 млн, 2020 жылы – 167,9 млн, ал 2021 жылғы қаңтар-тамыз аралығында – 136,2 млн долларға өнімін экспорттады.

Саладағы отандық кәсіпорындарды тіпті санап шығуға да болады, көп емес, 20 ғана. Бұлар – шымкенттік "Аѕіа Trafo", Ақтау, Орал, Кентау, Петропавл трансформатор зауыттары, алматылық "KMK Investment" пен "Сайман корпорациясы", талдықорғандық "Қайнар-АКБ" АҚ, павлодарлық "Қазэнергокабель", сарандық "Казцентрэлектропровод", "Алматы электр механикалық зауыты" ЖШС, "Талдықорған кабель зауыты", "Ақтөберентген" АҚ, өскемендік "Кэмонт" пен "КЕЛЕТ" АҚ-лары, "Өскемен конденсатор зауыты" АҚ, "Астана электротехникалық зауыты" ЖШС, семейлік "Казэлектромаш" ЖШС, "Алматы желдеткіш зауыты" АҚ және өскемендік "Силумин-Восток" ЖШС.

Жасыратыны жоқ, ешқайсысы саны бірнеше мыңдап саналатын ресейлік өндірушілердің "екпіні мен тепкініне" еш шыдас бере алмайды. "Росатомның" бір кәсіпорны – "Атомэнергомаштың" өзінің құрамына энергетикалық жабдықтар шығаратын 30 шақты кәсіпорын кіреді.

Мамандардың айтуынша, Ресейді одақ нарығын басыбайлы иелену жолында тек шетелдік, қытайлық өндірушілер тежеп тұрғанға ұқсайды. Бұл қамал енді алынатын болса керек.

Бірыңғай белгімен таңбаланады

Сонымен РФ Энергетика министрлігі әзірлеген және ЕАЭО көлемінде міндетті болғалы тұрған құжат "жоғары вольтты жабдықтардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды" белгілейді. "Оның бізге керегі не?" деген сауалға ҚР ИИДМ "Қазақстанда қауіпсіз жоғары вольтты жабдықтар айналымда болады" деп қысқа қайыра жауап қатты.

ЕАЭО Техрегламентінің талаптары Еуразиялық одаққа мүше мемлекеттердің аумақтарында айналымға шығарылатын, 1 000 В айнымалы тоқтың және 1 500 В тұрақты тоқтың номиналды кернеуі бар бүкіл жабдыққа таралады. Яғни осы талаптар электр энергиясын өндіру, тоқты алмастыру, тарату және беру салаларының мүддесін қозғамақ.

Мәскеулік реттеуге ілігетін жоғары вольтты жабдықтарға – әртүрлі реакторлар,трансформаторлық подстанциялар, автотрансформаторлар, күштік конденсаторлар, кабельдер мен бағаналардағы қуат сымдары, айналмалы электр машиналары, электр қозғалтқыштары, генераторлар, реактивті қуат компенсаторлары, электр машина түрлендіргіштері, ажыратқыштар, реклоузерлер, бөгегіштер, оқшаулағыштар, сақтандырғыштар, жерге тұйықтағыштар, қаптаған басқа түрлер кіреді.

Құжаттан Ресейдің қулығын байқауға болады. Техрегламент еуропалық және өзге де сырт елдердің өнімдеріне тыйым салмайды. Бірақ олардың бәрі алда өз өнімінің сәйкестігін бағалаудан өтуге міндетті болады. Егер одан сүрінбей өтіп, сертификаттала алмаса, тек Ресейге емес, Қазақстанға және одақтас елдерге де өнімін жеткізе алмай қалады.

Бұл жерде Қазақстанның алда АЭС салатыны еске түседі. Ол жоба осы өнімдерді орасан зор ауқымда қажет ететіні мәлім. Егер батыстық өндірушілер уақытында сертификат ала алмаса немесе одан өтуге құлық танытпаса, ресейлік өнімдерге тәуелді болып қалуымыз да ықтимал.

"Мұндай жабдықтар ЕАЭО-ның аталған Техникалық регламентінің талаптарына сәйкес келсе ғана және сәйкестікті бағалау рәсімінен өткен жағдайда ғана одақ нарығына айналысқа шығарылады. Нәтижесінде, ЕАЭО Техрегламентінің талаптарына толық сай келетін жабдық одақ нарығындағы өнім айналымының Бірыңғай белгісімен таңбаланады", – деп хабарлады ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.

Техрегламент жобасына "халықаралық электротехникалық комиссия стандарттарының және ұлттық стандарттардың орнына одақтың мемлекетаралық стандарттарын әзірлеу" бағдарламасы қоса берілді.

Техрегламенттің Қазақстанға залалы да бар

Индустрия ведомствосы бұл қадамның залалы барын жасырмады. Біріншіден, "сынақтарды тек аккредиттелген сынақ зертханаларында жүргізу қажет болады. Бұл отандық өндірушілердің шығындарын арттырады". Өйткені ол лабораториялар негізінен Ресейде.

Екіншіден, министрліктің бағалауынша, бұл "жоғары вольтты жабдықтарды өндіретін отандық кәсіпорындардың одақ түгіл, Қазақстанның ішкі нарығында бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді".

Үшіншіден, қазақстандық кәсіпкерлік субъектілерінің тек сертификаттауға жұмсайтын шығыны 7 млрд 296 млн теңгеге жетпек.

"Сертификаттау шығындары келесідей: зауыттардың номенклатурасы – жоғары вольтты жабдықтар өнімдерінің 400-ден астам атауынан тұрады. Өнімнің тек 1 үлгісін типтік сынақтардан өткізу құны кәсіпорынға 18 миллион теңгеге түседі. Өнімнің сол 1 үлгісін тасымалдау шығыны 240 мың теңгеден асады. P (жалпы) = 400х18 240 000 теңге = 7 296 000 000 теңге", – делінген ИИДМ талдауында.

Бірақ Қазақстан бұл қадамнан бас тартпайтын көрінеді. Өйткені енді "Қазақстан халқы мен аумағын қауіпті өнімдерден қорғау ЕАЭО-ға қатысушы елдердің инновациялық технологиялары, ғылыми әзірлемелері мен жаңалықтары арқасында жүзеге асырылмақ".

Әйтсе де Ресей инновациясы батыстікінен озық дегенге сену қиын.

Жаңалықты енгізу мерзімдері де белгіленіпті. Алдымен 2021 жылғы IV тоқсанда "Жоғары вольтты жабдықтардың қауіпсіздігі туралы" Еуразиялық одақтың Техрегламентін Қазақстан Үкіметі жанындағы кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия мақұлдайды.

Содан кейін биылғы жыл соңына дейін Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі "Жоғары вольтты жабдықтардың қауіпсіздігі туралы" Техрегламентін қабылдамақ. Бұл ретте 2023 жылғы 1 желтоқсанға дейін бірқатар өтпелі ережелер қолданылады.

Ақырғы кезеңде 2024 жылғы 1 шілдеден бастап Техрегламент толық күшіне енбек.

Құжатты қазақстандық қоғам, бизнес қауымдастықтары арасында талқылауға 1 апта ғана бөлініпті. Ол мерзім 7 желтоқсанда аяқталады.

Жанат Ардақ

 

Ұқсас материалдар:

elordada-astana-qazaqstan-team-komandasynyn-zhana-mausymga-arnalgan-kuramy-tanystyryldy

astana-algan-betinen-adaspaj-ma

barys-maskeulik-dinamodan-utyldy

zhana-akyly-zholdarda-ar-kolikten-zheti-myn-tengedej-zhinalady

rakymshylyk-zhasau-aktisi-kabyldandy

загрузка

×