Өткен демалыс күндері қазақстандық спортшылар халықаралық жарыстарда табысты өнер көрсетіп, ел қоржынына жалпы 19 медаль салды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ең нәтижелі көрсеткішті Қытайдың Гуйян қаласында өткен World Boxing Әлем кубогының екінші кезеңінде ұлттық құрама тіркеді. Қазақстан боксшылары 5 алтын және 3 қола медаль жеңіп алды. Турнир чемпиондары атанғандар қатарында Санжар Тәшкенбай, Абылайхан Жүсіпов, Айбек Оралбай, Назым Қызайбай және Виктория Графеева бар.
Индонезияның Бали аралында өткен WKF каратэден Азия чемпионатында қазақстандық спортшылар 2 алтын, 2 күміс және 3 қола медаль иеленді. Жоламан Биғабыл мен Олжас Алтынбек құрлық чемпионы атанды.
Қытайдың Шаосин қаласында өткен Азия эстафеталық чемпионатында Қазақстан құрамасы аралас 4×400 метрлік эстафетада алтын медаль жеңіп алды. Жеңімпаз құрам сапында Эльнор Мұхитдинов, Мария Шувалова, Андрей Соколов және Аделина Земс өнер көрсетті.
Ал Нью-Делиде өткен Азия чемпионатында семсерлесуші Ирина Бакалдина әйелдер арасындағы жеке шпага сайысында алтын медаль жеңіп алып, Азия чемпионаты тарихындағы осы дисциплина бойынша чемпион атанған алғашқы қазақстандық спортшы болды. Руслан Құрбанов ерлер арасындағы жеке шпага бәсекесінде қола жүлдеге қол жеткізді.
Германияда өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Ринат Казаченко 50 метр қашықтықта үш қалыптан кіші калибрлі винтовкамен ату сайысында күміс медаль жеңіп алды. Бұл – Қазақстан құрамасының аталған әлем біріншілігіндегі алғашқы жүлдесі.
Осылайша, қазақстандық спортшылар әлемдік және құрлықтық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп, бір демалыс күнінде ел қоржынына 19 медаль салды.