Қазақстан су спорт түрлерінен чемпионатта тарихи жеңіске жетті

762

World Aquatics 2024 су спорт түрлерінен әлем чемпионатында қазақстандық микс-дуэт көркем жүзуден жеңіске жетіп, алғашқы алтынды қанжығаға байлады. 

Қазақстан су спорт түрлерінен чемпионатта тарихи жеңіске жетті

Дохада (Катар) өткен World Aquatics 2024 су спорты түрлері бойынша әлем чемпионатының үшінші күні Қазақстан құрамасының микс-дуэт техникалық бағдарламасындағы алғашқы алтын медалін жеңіп алды. 2024 жылғы әлем чемпионатының алтын медалі Қазақстан Республикасы тарихындағы көркем жүзу бойынша қазақстандық спортшылардың ең жоғары жетістігі болды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Қазақстандық микс-дуэт 228.005 ұпай жинап, Қытай (223.316) және Мексика (217.519) спортшыларынан озып, бағдарламаның күрделілігі мен орындалуына қарай төрешілердің ең жоғары бағасына ие болды. Тарихи жеңіс елеулі спорттық жетістіктің нышаны ғана емес, жалпы ел есінде қалатын айтулы оқиға.

"Жеңіске жетіп бір жеңілдеп, шынымен бақытты күй кештім! Эдуард екеуміз финалға төртінші болып шықтық және финалдық кезеңде бар күш-жігерімізді 100 пайыз қолдануға келістік, кейін таблода нәтижемізді көргенде, шынымды айтсам, өз көзіме өзім сене алмадым! Біз жаттықтырушыларымызға, отбасыларымызға және бізді қолдағандардың барлығына үлкен алғысымызды білдіргіміз келеді. Бұл алтын — бірлескен күш-жігер мен талмас еңбектің нәтижесі", - деп бөлісті марапаттау рәсімінен кейін Наргиза мен Эдуард.

"Наргиза Болатова мен Эдуард Ким — Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин сияқты Алматы қаласының орталық бассейнінде жаттығып өскен спортшылар. Көркем жүзуден әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алу — олардың жеке табысы ғана емес, жалпы су спортының бүкіл қазақстандық қауымдастығы үшін тамаша жетістік. Бұл алтын медаль қазақстандық спорт тарихында алтын әріптермен жазылар қуаныш, сондай-ақ қазіргі уақытта біздің спортшыларымыздың осы спорт түріндегі ең үздік спорттық нәтижесі болады. Бұл біздің спортшыларымыздың шеберлігі мен спорт орталықтарымыздағы жаттығу процесінің жоғары деңгейін көрсетеді", – деді Қазақстан Су спорты федерациясының президенті, World Aquatics халықаралық Су спорты федерациясы бюросының мүшесі Андрей Крюков.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу