Сол арқылы 5 жылда қолданыстағы 11 стансаны жаңғырту есебінен 8 ГВт қосымша энергия қуатын алу көзделген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бүгін Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында көмір энергетикасын дамыту және көмір генерациясы жөніндегі ұлттық жобаны жүзеге асыру мәселелері қаралды.
Жиында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, "Самұрық-Энерго" АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов, Қарағанды және Павлодар, Абай облыстарының басшылары, сондай-ақ "Богатырь Көмір" және "Qarmet" көмір өндіру кәсіпорындарының өкілдері баяндама жасады.
– Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда көмір энергетикасын дамытудың маңыздылығына тоқталып, көмірмен қуат өндіру ісі бойынша Ұлттық жоба қабылдауды тапсырды. Жоба аясында 5 жыл ішінде жаңа станса салу және қолданыстағы 11 стансаны жаңғырту есебінен 8 ГВт қосымша энергия қуатын алу көзделіп отыр.
Көмір өнеркәсібі және көмір стансаларында электр энергиясын өндіру отандық отын-энергетикалық кешеннің негізгі салалары саналады. Олар еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Мемлекет басшысы ел экономикасында көмірмен қуат өндіру ісінің маңызын әрдайым атап өтіп, саланы одан әрі дамыту үшін бірқатар бағыттарды айқындап берді. Көмір қоры бойынша біз әлемдегі жетекші 10 елдің қатарына кіреміз. Бұл – біздің елеулі бәсекелік артықшылығымыз, оны тиімді пайдалануымыз керек, – деді Олжас Бектенов.