Қазақстан ТОП-50-ден тағы да тыс қала ма?

12955

Әзірше бәсекеге қабілетті елдердің рейтингінде 55-ші орында тұрмыз. 

Қазақстан ТОП-50-ден тағы да тыс қала ма?

Біршама жыл бұрын Қазақстан бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосылды деп бөркімізді аспанға атып едік қой. Тіпті, ТОП-30-дың қатарына кіреміз деп алға үлкен міндет де қойдық. Алайда соңғы жылдары Қазақстан бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарынан шығып қалды.  

Дүниежүзілік экономикалық форум жыл сайын бәсекеге қабілетті елдердің рейтингін жариялайды. Оған орташа есеппен 140 мемлекет қатысады. Бұл рейтингті экономистер мен саясаткерлер, президенттер мен ғалымдар асыға күтеді. Өйткені рейтинг жүргізетін агенттіктер көп болса да, Дүниежүзілік экономикалық форумның есебі мен болжамы үлкен маңызға ие. Көп жағдайда осы форумның мәліметтері назарға алынады. Алдағы бағыт-бағдар да аталған рейтингке қарап жүргізіледі.

Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, Қазақстан бұл рейтингке 2006 жылдан бері қатысып келеді. Ә дегенде-ақ 56-орында тұрыппыз. Одан кейінгі үш жылда еліміз өз позициясын жоғалтып, 61-67-орындарға сырғыды. Бұған бірнеше жылға созылған қаржы дағдарысы әсер етті.

2010-2011 жылдары ең нашар көрсеткішіміз тіркелді – 72-орын. Бұл дағдарыстан кейін макроэкономикалық көрсеткіштердің құлдырап кетуімен байланысты.

"2013-2014 жылдары үздік елулікті түйіндеп, 2015 жылы 42-орынға көтерілдік. ТОП-50-ге қосылған соң, бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына ену міндеті жүктелді. Алайда оны бағындыру әзірше мүмкін болмай тұр. Экономикадағы жүйелік дағдарыстардың салдарынан Қазақстан соңғы төрт жылда ТОП-50-ліктің қатарынан шығып қалды. Былтыр 55-орынды қанағат тұттық. Жуықта 2020 жылдың рейтингі жарияланады. Осы жолы қандай орыннан көрінетініміз белгісіз", – дейді экономист.

Дүниежүзілік экономикалық форум жүргізетін рейтингте 12 көрсеткіш есепке алынады. Яғни макроэкономикалық көрсеткіштерден бөлек, адамдардың өмір сүру ұзақтығы, денсаулық жағдайы, білім деңгейі, инновациялық дамуы және басқа да бағыттар назарға алынады.

Өкінішке қарай, Қазақстанды бұл рейтингте мұнайға тәуелді макроэкономикалық көрсеткіштер ғана алға сүйреп тұр. Адами капитал тұрғысынан артта келеміз. Соңғысын дамытпай, мемлекеттің үздік елулікте ұзақ уақыт тұрақтап тұруы мүмкін емес.

2019 жылдың қорытындысы бойынша бәсекеге қабілетті елдер рейтингінің үштігіне Сингапур, АҚШ және Гонконг енген. ТМД елдеріне жататын Ресей 43-ші орында, Әзербайжан 58-ші орында, Қырғызстан 96-шы орында. Рейтингтің соңында Йемен мен Чад мемлекеттері тұр.

2020 жылдың нәтижесі келер жылдың қаңтарында жарияланады. Қазір билік басында жүргендерді Қазақстанға нешінші орын бұйырар екен деген сұрақтың мазалап жүргені анық. Шынымен де бұл жолы ТОП-50-ге кірер ме екенбіз?..

Санжар Беркінбай


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться