Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін жаңаша дамытпақ

1406

Қос агенттік – қаржылық реттеуші мен антимонополиялық орган осы бастаманы қатар ілгерілетуде.

Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін жаңаша дамытпақ Фото: inbusiness.kz

ХХІ ғасырдың басталуымен бірге елімізде мүлдем жаңа сала дамыды. 2003 жылы ел Үкіметінің қаулысымен құрылған "Қазақстантұрғынүйқұрылысжинақ банкі" АҚ-ы (ҚТҚЖБ) тұрғын үй құрылыс жинағы саласының ізашарына айналды, республика тарихында бұрын ешқашан болмаған осы саланы дамытуға үлес қосты, еңбегі сіңді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен, 2020 жылғы желтоқсанда ҚТҚЖБ өз атауын "Отбасы банк" деп өзгертті. Сонымен бірге ол елімізде тұрғын үй құрылыс жинақтарын қабылдайтын жалғыз қаржылық иститут болып қала берді. Алда бұл жағдай өзгеруі мүмкін.

Мемлекет "Отбасы банк" қалыптастырып, өркендеткен "экожүйеге" өзге банктерді жіберу мәселесін пысықтап жатыр.

Бұл үшін ұлттық заңнамаға түзетулер әзірленді. Себебі, 2000 жылғы 7 желтоқсанда қабылданған және әлі күнге қолданылатын "ҚР тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы" заңының 3-бабында "тұрғын үй құрылысы жинақ жүйесiнің субъектiлерi" ретінде үш тарап қана белгіленген.

Бұлар – тұрғын үй құрылысы жинақ банкі (қазіргі Отбасы банк), оның салымшылары және мемлекет. Соңғысы "Отбасы банкіндегі" салымдарға республикалық бюджеттен мемлекеттiк сыйлықақыларды төлейді.

Жаңа заң жобасын Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жазып шықты.

Антимонополиялық орган даярлаған "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне бәсекелестік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының жобасы тұрғын үй құрылыс жинағы саласына алда коммерциялық банктерді де жіберуді қарастырады.

Ведомствоның мәліметінше, осы арқылы елдегі бәсекелестік ахуал біршама жақсарады.

"Кәсіпкерлік кодексе сәйкес, кәсіпкерлік субъектілері мен мемлекеттің өзара іс-қимылының басты бір қағидаты – тұтынушылардың, кәсіпкерлік субъектілері мен мемлекет мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз ету болып табылады. Ұсынылып отырған заңнамалық өзгерістер екінші деңгейлі банктерге халықтың тұрғын үй құрылыс жинақтарын тарту арқылы салада салауатты бәсекелестікті қалыптастыруға бағытталған. Соның арқасында халықты тұрғын үймен қамтудың тиімділігі артады, тұтынушылардың таңдау құқығы да кеңейтіледі", – деп түсініктеме берді антимонополиялық орган.

Оның сарапшыларының ұсынуынша, әлеуметтік бағдарланған мемлекеттің қағидаттарына сүйене отырып, "Отбасы банкі" АҚ-ның қолындағы қаржы ағындарын мемлекет бұдан былай "тұрғын үй жағдайларын жақсартуға аса мұқтаж халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарына шоғырландырғаны" орынды.

Сонымен, жаңа заң жобасы бойынша "тұрғын үй құрылыс жинақ банкі деген мәртебесі жоқ екінші деңгейдегі өзге банктерге халықтың ақшасын тұрғын үй құрылыс жинағы түрінде тарту құқығын беру ұсынылады".

Нәтижесінде, банктер арасында клиент үшін күрес күшейтілмек. Бұл елде тұрғын үй құрылыс жинағына қатысты жаңа банктік өнімдердің пайда болуына ықпал етеді деп күтілуде.

"Екінші деңгейлі банктерге де тұрғын үй құрылыс жинақтарын нарықтық ставкалармен қабылдау және жинақтау мүмкіндігін беру қажет. Сонда азаматтар баспана үшін бастапқы жарнаға көбірек қаражат жинай алады", – деп түсініктеме берді Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі.

Бұл өзгерістер халықтың көңілінен шығуға тиіс. Өйткені антимонополиялық агенттік әзірлеген заң жобасы енді екінші деңгейлі банктердің тұрғын үй құрылыс жинақ өнімін тұтынатын клиенттердің де депозиттеріне 20%-дық мемлекеттік сыйлықақы төлеуді қарастырады.

Әрине, тәуелсіздік жылдарында елмен етене, жұртқа жақын болған "Отбасы банк" ары қарай сала көшбасшысы болып қала беретіні даусыз.

"20 жыл бойы біз қазақстандықтарға үнемшілдікті үйретіп келеміз. Жинақтау мүмкіндігі 480 мыңнан астам қазақстандық отбасыға тұрғын үй мәселесін шешуге көмектесті. Жақын арада қоныс тойын атап өту үшін тағы 2,7 миллион қазақстандық ақша жинақтап жатыр. Бұл мәселеде оларға мемлекеттің көмектесетіні де маңызды. Сыйлықақы төлеуге арналған қаражат жыл сайын республикалық бюджетте көзделеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 1,9 миллион қазақстандық 75 миллиард теңге көлемінде мемлекет сыйлықақысын алды", – деді "Отбасы банктің" Алматы қалалық филиалының директоры Данагул Тусупова.

ЕДБ-ларды тұрғын үй құрылыс жинағы жүйесіне жіберуді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова құптады.

"Оларға осы жүйеге қатысуына мүмкіндік беруге болады. Тиісті ұсынысты біз Үкіметке енгіздік. Заң қабылданса, онда банктер тұрғын үй құрылыс жинағы жүйесіне қатысу, өздеріндегі депозиттерге мемлекеттік сыйлықақы алу құқығына ие болады. Қатысушы банктерге мемлекет арзан несие беруі де мүмкін. Бұл үшін арнайы бағдарламалар керек. Мысалы, бұрындары 7-20-25 бағдарламасы аясында Ұлттық банк банктерге 7%-бен арзан қаражат ұсынған болатын", – деген М.Әбілқасымова Үкімет бұл ұсынысты қолдайтынына үміт білдірді.

Оның болжауынша, банктер тұрғын үй құрылыс жинағы жүйесіне қатысуға мүдделі. Себебі, қазіргі уақытта екінші деңгейлі банктер бүкіл қаржысының 80%-ын өзінде есепшот пен депозит ашқан халықтан және бизнестен тартып отыр. Бұған арзандау ипотекаға баспана алу үшін жылдап ақша жинайтындар легі қосылса, банктердің қаржы тасқыны артары сөзсіз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу