Қазақстан үстел теннисіне 70 жыл толды

7349

Кеше Алматыда еңбек сіңірген қайраткерлер мен спорт ардагерлеріне, жаттықтырушылар мен төрешілерге мерейтойлық медальдар табысталды.

Қазақстан үстел теннисіне 70 жыл толды Фото: ҚР үстел теннисі федерациясы

Биыл Қазақстан Республикасының үстел теннисі федерациясы елімізде осы спорт түрінің 70 жылдығын атап өтіп жатыр. Кеше, 3 қыркүйекте Алматыда еңбек сіңірген қайраткерлерді, спорт ардагерлерін, жаттықтырушылар мен төрешілерді осы айтулы оқиғаның құрметіне мерейтойлық медальдармен марапаттау өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Қонақтарды Қазақстан Үстел теннисі федерациясының президенті Данияр Әбілғазин мен вице-президент Елсияр Қанағатов құрмет медальдарымен марапаттады.

"Бүгін біз Қазақстандағы үстел теннисінің 70 жылдық мерейтойын атап өту үшін ғана жиналған жоқпыз, осы ұзақ жолда еңбегі сіңірген қайраткерлерді еске алу үшін бас қосып отырмыз. Дәл осы спорт түрі бізді бір ту астына біріктіріп, жаңа белестерге шыңдады, достығымызды нығайтты. Біз Қазақстан Республикасындағы үстел теннисінің дамуына орасан үлес қосқан азаматтарға шын жүректен алғыс білдіреміз. Мына медальдарды жетістік пен мойындаудың белгісі ретінде ғана қабылдамаңыздар, бұл — ортақ мүдде үшін сіздердің ерең еңбектеріңіз үшін үлкен алғыс.

Біздің үстел теннисі федерациясы әр ойыншы, әр жаттықтырушы мен әр жанкүйердің басын қосқан отбасыға айналғанын мақтан тұтамыз. Қазақстанда үстел теннисінің болашағын бірге құрып, ортақ ісіміз үшін аянбай еңбек етуді жалғастырайық. Сіздерді осы айтулы мерейтойымызбен құттықтаймын, қосқан үлестеріңіз үшін шын жүректен алғыс айтамын және барлығымызға сүйікті спорт түрінен тек жетістіктер тілеймін", – деді Данияр Әбілғазин.

Қазақстанда үстел теннисі өткен ғасырдың 50-шы жылдарында дами бастады. Дәлірек айтсақ, 1953 жылы Алматыда алғашқы жарыс өтті, оған барлық тілек білдірушілер қатысты. Екі жылдан кейін Алматыға осы спорт түрінің энтузиасты әрі спорттық іс-шараларды ұйымдастырушы Анатолий Харитонович Ицкевич келіп, балаларды жаттықтыра бастады, жастарға осы спорт түрінің негіздерін үйрете бастады.

Біздің республикамыз тәуелсіздік алғалы — 1991 жылдан бастап жыл сайын үстел теннисінен Қазақстан Республикасының чемпионаттары өткізіледі, ал 1993 жылы Қазақстан Республикасының үстел теннисі федерациясы құрылды. Сол жылы еліміздің ұлттық құрама командасы алғаш рет Гетеборг қаласында (Швеция) өткен әлем чемпионатына қатысты.

Үстел теннисінің белсенді дамуы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев федерация президенті лауазымына сайланғаннан кейін байқалады. Ол федерацияны 13 жылдан астам басқарды және қазақстандық үстел теннисінің дамуына баға жетпес үлес қосты. Қазір Федерацияның басында еліміздің барлық өңірінде үстел теннисін насихаттауға және ілгерілетуге ерекше назар аударатын Данияр Рустамұлы Әбілғазин тұр.

Бүгінде үстел теннисі — Қазақстандағы ең қолжетімді әрі бұқаралық спорт түрлерінің бірі. Жыл сайын біздің еліміз әлемнің үздік спортшылары – олимпиада жүлдегерлері, Әлем және континенттер чемпиондары қатысатын әлемдік деңгейдегі беделді турнирлерді қабылдайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу