Қазақстан вагон жасау компаниясы тоқтап тұр

9435

"Қазтеміртранс" пен "KTZ Express" Қазақстан вагон жасау компаниясымен жасаған келісімшартты бұзды.

Қазақстан вагон жасау компаниясы тоқтап тұр

Екібастұз қаласында орналасқан Қазақстан вагон жасау компаниясының жұмысы алға бір баспай-ақ қойды. Кәсіпорынға толық қуаттылықпен жұмыс істеу арман күйінде қалатын секілді. Өйткені, компания дәл қазіргі уақытта тағы тоқтап тұр.

Қазақстан вагон жасау компаниясының бас директоры Сүйіндік Қуандықовтың сөзінше, кәсіпорынның негізгі тұтынушылары компания қызметінен бас тартқан. Атап айтқанда, "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының еншілес ұйымдары – "Қазтеміртранс" пен "KTZ Express" Қазақстан вагон жасау компаниясымен жасалған келісімшарттарының күшін жойды. Бір қызығы, жартылай вагондар құрастыру жөніндегі келісімшарттар біржақты тәртіппен бұзылған. Енді кәсіпорын тапсырыссыз отыр. Ал қызметкерлерге еңбекақының 50 пайызы ғана аударылуда.

Бас директордың түсіндіруінше, Қазақстан вагон жасау компаниясының өнімдері нарықтағы бағадан 10-15 пайызға қымбаттау. Қымбаттау болатыны, жартылай вагондар өндірісіне қолданылатын ірі құймалар, жақтауларды жасауда пайдаланылатын арнайы профильдер Ресейден, Брянск пен Төменгі Тагилден жеткізіледі. Тиісінше, Ресейде өндірілетін жартылай вагондардың бағасы біздің елдегі жағдаймен салыстырғанда 10-15 пайызға арзан. Ал елдегі жүк тасымалы ұлғайып жатса да, Қазақстан темір жолының отандық жартылай вагондарды сатып алуға қаржылық жағдайы жоқ.

Сүйіндік Қуандықов кәсіпорын мәселесін индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне жеткізген екен. Ол ұлттық тасымалдаушы – Қазақстан темір жолы тарапынан тапсырыстар түскенін қалайды. Бас директор бұл мәселесі бірлесіп қана шешуге болады деген сенімде.

2010 жылы Қазақстан вагон жасау компаниясы жүк тасымалдауға арналған жартылай вагондарды шығара бастағанда бұл өндірістің болашағы зор боп көрінген. Сол уақытта аталған өнімге сұраныс жоғары болды. Алайда, кейін мәселелер туындай бастады. Соның бірі шикізатқа деген тәуелділік еді. Өйткені, вагон жасауға лайықты құймалар Қазақстанда өндірілмейді. Сондықтан шикізатты Ресейден импорттауға мәжбүр.

2018 жылы Қазақстан вагон жасау компаниясы 670 вагон шығарған екен. Оның 646-сы – жартылай вагон, 24-і – вагон-платформа.

Еске сала кетейік, былтыр Қазақстан вагон жасау компаниясына ірі тапсырыстар түскен болатын. Дәлірек айтсақ, "Қазтеміртранс" 1000 жартылай вагонға, ал "KTZ Express" 270 вагон-платформаға тапсырыс берген-ді. Жоғарыда атап өткеніміздей, қос компания Қазақстан вагон жасау компаниясымен жасалған келісімшарттарын біржақты тәртіппен бұзып отыр.

Ақтоты Қабдықайыр

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу