Қазақстан Ядролық қаруды таратпау туралы шартты қолдайды

111

Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлады.  

Қазақстан Ядролық қаруды таратпау туралы шартты қолдайды Фото: gov.kz

Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) штаб-пәтерінде Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа (ЯҚТШ) қатысушы мемлекеттердің Шолу конференциясы өз жұмысын бастады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Ведомство мәліметінше, бұл – ядролық қарусыздану және таратпау саласындағы ең маңызды халықаралық келісімдердің бірі, ал оның Шолу конференциясы қазіргі таңда халықаралық шиеленістің өсуі, өңірлік қақтығыстар және қару-жарақты бақылау жүйесінің әлсіреуімен сипатталатын аса күрделі жағдайда өтіп жатыр.

Жалпы саяси пікірталас аясында ұлттық деңгейде сөз сөйлеген ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев Қазақстан Республикасының ЯҚТШ режимін нығайту және ядролық тәуекелдерді төмендетуге бағытталған практикалық әрі шынайы шараларды ілгерілету жолын дәйекті түрде қолдап келе жатқанын атап өтті.

– Қазақстанның ұстанымы оның тарихи тәжірибесіне негізделген: Семей ядролық сынақ полигонын жабу және ядролық арсеналдан өз еркімен бас тарту – бұл қадамдар халықаралық қауіпсіздік пен сенімді нығайтуға қосылған маңызды үлес болып қала береді. Осы тұрғыда делегация басшысы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ядролық державалар арасындағы диалогты қайта жандандыру жөніндегі бастамасының өзектілігін алға тартты, – делінген хабарламада.

Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шарттың (Семей шарты) төрағасы ретінде Қазақстанның жеке мәлімдемесінде аймаққа қатысушы мемлекеттердің жаһандық ядролық қарусыздану режимін нығайтуға қосқан үлесі атап өтілді. Шарттың Семей қаласында қол қойылғанына 20 жыл толуына орай, аймақ мемлекеттері аймақаралық ынтымақтастықты дамытуға және ядролық қарудан азат жаңа аймақтарды құруға шақырды.

Конференция аясында Қазақстан Республикасы делегациясының басшысы БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – Қарусыздану мәселелері жөніндегі жоғарғы өкілі Изуми Накамицумен, сондай-ақ бірқатар шетелдік делегациялар басшыларымен халықаралық қауіпсіздік саласындағы өзекті күн тәртібін талқылау мақсатында кездесулер өткізді.

Сонымен қатар, ҚР Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров Конференцияның Екінші Бас комитетінің төрағасы функцияларын атқарып отыр.

Аталған комитеттің мандатына таратпау мәселелері, өңірлік мәселелер және Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігінің кепілдіктері кіреді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу