Келешекте Қазақстан жаңа Конституция арқылы өзге елдерге үлгі болады – Ерлан Қарин

132

Басқа елдердің Конституциясын көшіру, қайталау – біздің жолымыз емес.

Келешекте Қазақстан жаңа Конституция арқылы өзге елдерге үлгі болады – Ерлан Қарин Фото: Конституциялық сот

Мемлекеттік кеңесші, Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары Ерлан Қарин неліктен жаңа Конституция қабылдау қажет екенін түсіндірді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Ол соңғы уақытта цифрландыру, цифрлық технология секілді түбегейлі жаңа бағыттар дамып, өркендеп жатқанын атап өтті.

Көптеген ел осындай жаңашылдықтарды ескеріп, тиісті нормаларды конституциялық-құқықтық жүйеге енгізуді ойластырып отыр.

– Біздің ел алғашқылардың бірі болып цифрлық деректерді қорғау нормасын Ата заңға енгізіп отыр. 21-баптың 1-тармағында "Жеке өмірге қол сұқпау құқығына, жеке және отбасы құпиясының болу құқығына, цифрлық технологияларды қолдануды қоса алғанда, дербес деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан қорғау құқығына заңмен кепілдік беріледі" деп жазылған, – деді Ерлан Қарин.

Сол секілді, осы баптың 2-тармағында "Банк операцияларының, жеке салымдар мен жинақтардың, жазысқан хаттардың, телефон арқылы сөйлескен сөздердің, пошта хабарламаларының және байланыс құралдарының, оның ішінде цифрлық технологияларды қолдану арқылы берілетін өзге де хабарламалардың құпиясы заңмен қорғалады" деп бекітілген.

Сонымен бірге, тұңғыш рет Конституция преамбуласы мен бірнеше бабында ғылым мен инновация мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты болып айқындалды.

Әйгілі Миранда ережесінің конституциялық деңгейде бекітілуі де тұтас аймақтың құқықтық жүйесіндегі үлкен жаңашылдық болды. Бұл азаматтардың құқықтық қорғалуын арттырып, құқық қорғау органдарының қызметіне жаңа талаптар қояды. Қазақстанның қылмыстық саясатының жазалаушы модельден керісінше гуманистік модельге түбегейлі бет бұрғанын көрсетеді.

Бір палаталы парламент, вице-президент институты, "Халық кеңесі" жоғары консультативтік органы, Конституциялық соттың енгізілуі – көптеген елдің саяси жүйесімен салыстырғанда, үлкен саяси инновациялық қадам болып отыр.

Президент ұсынған конституциялық өзгерістерді тек қана жалпыхалықтық референдум арқылы жүзеге асыру бастамасы да – аймақ үшін маңызды шешімдердің бірі.

– Көптеген лауазымды тұлғаның қызметіне қатысты бір реттік мерзім белгілеу де Ата Заң жобасындағы маңызды жаңашылдықтың бірі. Президенттен басқа, Бас прокурор, Жоғары сот төрағасы, Конституциялық Сот төрағасы бір мерзімге сайланады. Мұндай өзгеріс басқарушы элитаның жиі ауысып тұруына, қызметке басқа тұлғалардың келуіне жол ашады. Бұл көптеген Конституцияда кездеспейтін, басқаларға да үлгі болатын норма және 2022 жылғы референдумда енгізілген Президенттің жақын туыстарының мемлекеттік саяси қызметші болуына, квазимемлекеттік секторда басшы лауазымын атқаруға тыйым салынады деген нормамен де үйлесіп тұр, – деп түсіндірді Ерлан Қарин.

Әйелдердің құқығын қорғау, балалардың құқығын қорғау, табиғатты аялау, волонтерлік, ата-ана жауапкершілігі секілді қоғамдық дамуда пайда болған жаңа талаптар, құндылықтар, стандарттар жаңа Ата Заңда қамтылған.

– Қазақстан жаңа Конституция арқылы қазіргі заман талаптарына жауап беретін, халықаралық тәжірибеде назар аударарлық конституциялық модель қалыптастырады. Түйіндеп айтқанда, басқа елдердің Конституциясын көшіру, қайталау біздің жолымыз емес. Керісінше, келешекте Қазақстан жаңа Конституция арқылы өзге елдерге өзіндік үлгі, бағдар болмақ, деді Ерлан Қарин.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу