Қазақстан Жапония және Кореямен AI саласында мамандар даярлауды қолға алады

219

Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті.  

Қазақстан Жапония және Кореямен AI саласында мамандар даярлауды қолға алады Фото: kaz.inform.kz

Қазақстан Жапония және Корея Республикасымен ғылым, жоғары білім және жасанды интеллект салаларындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуды көздеп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Жапония мен Корея Республикасының жетекші университеттері және ғылыми-технологиялық ұйымдарының басшыларымен бірқатар кездесу өткізді. Келіссөздер барысында академиялық серіктестікті дамыту, бірлескен зерттеулер жүргізу, кадр даярлау, сондай-ақ жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Токиода Tokyo Metropolitan University және Біріккен Ұлттар Ұйымы Университетінің (UNU) басшылығымен кездесулер өтті.

Токиода министр Tokyo Metropolitan University ректоры Такаэ Охашимен кездесті. Тараптар академиялық ұтқырлықты дамыту, оқытушылар мен зерттеушілер арасында тәжірибе алмасу, сондай-ақ бірлескен білім беру және ғылыми жобаларды іске асыру перспективаларын қарастырды. Саясат Нұрбек университет ректорын қараша айында Астанада өтетін Стратегиялық серіктестер форумына шақырды.

Бұдан бөлек, Біріккен Ұлттар Ұйымы Университетінің ректоры, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, профессор Тшилидзи Марваламен кездесу өтті. Кездесуде ғылым, жоғары білім, ғылыми зерттеулер және тұрақты даму бағыттарындағы өзара іс-қимыл перспективалары сөз болды.

Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында тараптар БҰҰ Университетінің Қазақстандағы қызметін кеңейтудің ықтимал тетіктерін қарастырды. Қазақстан тарапы бірлескен бастамаларды жүзеге асыру үшін қажетті жағдай жасауға дайын екенін жеткізді. Университет ректоры Астанада өтетін Стратегиялық серіктестер форумына қатысуға шақыруды қабылдады.

Келіссөздер Сеулде де жалғасты. Саясат Нұрбек Корея Республикасының Премьер-министрінің орынбасары – ғылым және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар министрі Пэ Кен Хунмен кездесті.

Кездесу барысында ғылым, жоғары білім және жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту, технологиялар трансфері, бірлескен зерттеулер жүргізу және жоғары білікті мамандар даярлау мәселелері талқыланды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу