Қазақстан жасөспірімдер құрамасы алғаш рет әлем чемпионатына қатысады

1209

Қазақстан жасөспірімдер құрамасы 14 жасқа дейінгі теннисшілер арасында тұңғыш рет әлем чемпионатына жолдама алды. Бұл туралы ҚТФ баспасөз қызметі мәлімдеді.

Қазақстан жасөспірімдер құрамасы алғаш рет әлем чемпионатына қатысады

Үндістанның Нью-Дели қаласында өткен Азия / Тынық мұхит аймағы іріктеу турнирінде қазақстандықтар үшінші орынға ие болды. Қазақстан жасөспірімдер құрамасы үшінші орын үшін бәсекеде Таиландпен сынға түсті. Бірінші ұнайды Дамир Жалғасбай әперді. Жас қазақстандық теннисші бірінші партияда 2:6 есебімен есе жіберді. Есесіне екінші сетте 1:4 есебімен жеңіліп жатып, таразы басын өзіне аудара білді. Үшінші, шешуші партияда есеп 3:5 болған мезетте таиландтық теннисшінің екі матчболын пайдалануына мүмкіндік берген жоқ. Сосын тағы бір брейк жасап, жеңісті жұлып алды – 7:5. Бұдан кейін Заңғар Нұрланұлы қарсыласын 6:2, 6:1 есебімен тізе бүктірді. Есеп 2:0, Қазақстанның пайдасында.

Осылайша, Қазақстан жасөспірімдер құрамасы алғаш рет биыл күзде өтетін әлем чемпионатының финалдық кезеңіне қатысады.

Сонымен қатар Шымкентте ITF турнирі өтуде. Онда қазақстандық теннисшілер Жібек Құламбаева, Жанель Рүстемова және Аружан Сағындықова финалға шықты.

Жібек Құламбаева жұптық сында Нидерланды өкілі Джудит Виссхермен бірге жартылай финалда ресейліктер Екатерина Маклакова – Виктория Михайловамен кездесті. Құламбаева – Виссхермен жұбы 6:0, 6:4 есебімен жеңіске жетті. Екінші жартылай финалда Жанель Рүстемова мен Аружан Сағындықова тағы бір қазақстандық Гөзал Айнитдинова – ресейлік Анастасия Сухотинамен шеберлік байқасты. Бірінші сет 6:4 есебімен Аружан мен Жанельдің пайдасына шешілді. Екінші партия басында Гөзал жарақат алып қалып, матчты жалғастыра алмады. Осылайша финалда Ж.Құламбаева – Д.Виссхер және Ж.Рүстемова – А.Сағындықова жұптары бас жүлдені сарапқа салады. Сонымен қатар Ж.Құламбаева жекелей сында жартылай финалға өтті. Ол финалға шығу үшін ресейлік А.Сухотинамен таласады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу