21 жасқа дейінгі Қазақстан құрамасының аға бапкері болып Владимир Чебурин тағайындалды. Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметі хабарлады. Тәжірибелі маман бұған дейін "Шахтер", "Оқжетпес" клубтарында, сондай-ақ Литваның "Круоя", "Судува" және "Жальгирис" командаларында жұмыс істеген. "Судува" мен "Жальгирис" клубтарымен бірге алты рет ел чемпионы атанып, үш мәрте Литва Кубогын және екі рет Суперкубогын жеңіп алған. Сонымен қатар Литвада үш рет жылдың үздік бапкері атанған.
Ал Қазақстанның 19 жасқа дейінгі құрамасын Сергей Лабодовский жаттықтырады. Ол "Қайрат" клубында бас бапкердің көмекшісі және уақытша бас бапкер қызметтерін атқарған, сондай-ақ "Оқжетпес" клубында жұмыс істеген. Қазіргі уақытта "Atletico de Madrid Kazakhstan" академиясында спорт директоры қызметін атқарады. Бұған дейін U-19 құрамасында аға бапкердің көмекшісі болған тәжірибесі бар.
19 жасқа дейінгі қыздар құрамасының (WU-19) аға бапкері қызметіне Ксения Постовая тағайындалды. Ол 2019–2025 жылдары "Ертіс" клубының жастар командасында бапкер болды. 2025 жылы Қазақстан әйелдер U-17 құрамасында дене даярлығы жаттықтырушысы әрі аға бапкердің көмекшісі қызметін атқарған. Сонымен қатар WU-19 құрамасында да көмекші бапкер болып жұмыс істеген. ҚФФ Техникалық орталығында нұсқаушы-тәлімгер ретінде де еңбек еткен.
Жаңа тағайындаулар жастар құрамаларының жұмысын жүйелеуге және халықаралық жарыстардағы нәтижесін жақсартуға бағытталған.