Қазақстан жастары әлем біріншілігінде топ жарды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2451

Шайбалы хоккейден еліміздің жастар арасындағы құрамасы тоғыз жылдан кейін жоғары лигаға оралды.  

Қазақстан жастары әлем біріншілігінде топ жарды

Францияның Куршевель және Мерибель деген тау шаңғысы шипажайлары орналасқан шаһарларында шайбалы хоккейден жастар арасындағы (U20) әлем біріншілігі аяқталды. Бұл әлем чемпионатының Бірінші дивизионындағы "А" тобы болатын. Ауызекі тілмен айтқанда, деңгейі жағынан – екінші топ. Қазақстан жастары осы топта бірінші орынға ие болып, келесі жылы жоғарғы дивизионда бақ сынау құқығын жеңіп алды.

Жастар арасындағы құрамамыз соңғы рет кіл мықтылар арасында, яғни жоғарғы дивизионда 2009 жылы ойнаған. Оттавада өткен әлем чемпионатында жеңілістен көз ашпай, соңғы орынға табан тіреп, бірінші лигаға түсіп қалған. Содан бері жоғары көтерілудің сәті түспей жүріп еді. Францияда Сергей Старыгин жаттықтыратын жастарымыз жарады. Бес ойында де жеңіске жетіп, жалғыз жолдамаға қол жеткізді.

Бес ойында да жеңіске жеткендерімен, жалғыз жолдаманы жан қалтаға басу оңай болған жоқ. Себебі, алғашқы екі ойында жастарымыз овертаймда және буллитте басымдық танытып екі ұпай жоғалтты. Жастар құрамасының бас бапкері Сергей Старыгин мұны Куршевель мен Мерибелдің 1850 метр биікте орналасқандарымен ұштастырады. Тау баурайында жерсіну оңай болмаған...

Бірінші ойында біздің жігіттер Германия хоккейшілерімен кездескен болатын. Ойынның негізгі уақыты тең аяқталып, тек овертаймда жеңіске жетудің сәті түсті. Есеп – 3:2 (О). Қоржынға түсені екі ұпай болды, біреуі неміс хоккейшілеріне бұйырды.

Бұдан кейін Латвия таланттарымен додаға түсті. Матчтың негізгі уақыты да, овертаймда тең аяқталды. Жеңімпаз тек буллит орындау арқылы анықталды. Қазақстан қырандарының бақтары жанып, тағы да екі ұпай олжалады. Есеп – 3:2 (Б).

Үшінші ойын да оңай болмады. Бұған дейінгі екі кездесуінде де ұтылған Венгрия құрамасын қиналмай ұтулары керек болатын. Бірақ іс жүзінде мүлде басқаша болып шықты. Алғашқы екі кезеңде бір шайба айырмасымен басым түсіп отырғандарымен, үшінші кезеңнің ортасында мадияр бауырларымыз қамшыны басты. Қарқындарын үдетіп, есепті де теңестірді. Абырой болғанда, Қазақстан жастары қайсарлық танытып, екі гол соқты. Есеп – 5:3, алғашқы үш ұпай.

Төртінші қарсыласы да осалдау еді. Әйтсе де, Австрия жастарын да ойсырата жеңе алмай, әупіріммен ұтты. Бұл ойында біздің жігіттер көп қателесті. Ойындары үйлеспей қойды. Десек те, жігерлік танытып, бұл жолы да ойынның негізгі уақытында жеңіске жетті. Есеп – 3:2.

Әлем біріншілігінің соңғы күні Қазақстан құрамасының негізгі бәсекелестері өзара кездесті. Латвия және Германия жастары арасындағы шектен тыс шиеленісті ойында латыштар 1:0 есебімен жеңіске жетті. Әрі 12 ұпаймен бірінші орынға шықты. Қоржынында 10 ұпайы бар Қазақстан құрамасына алаң иелерін қалайда жеңу керек болатын. Негізгі уақытта ма, овертайм немесе буллитте ме, ол маңызды емес еді...

Алайда Қазақстан құрамасы мүұзайдынға тістеніп шығып, Франция жастарын 6:1 есебімен тас-талқан қылды. Сөйтіп, Бірінші дивизионынның "А" тобында жеңімпаз атанып, Жоғарғы дивизион жолдамасын жеңіп алды. Тоғыз жылдан кейін кіл мықтылар арасына қайта оралды. Бұл жолы ел намысын 1998-1999 жылы, тіпті 2000 жылы (екі хоккейші) туған жас таланттарымыз қорғаған болатын. Айтпақшы, 2018 жылғы Әлем чемпионаты келесі жылдың аяғында Ванкуверде өтеді. Канадада 1999 жылы туған және олардан жас хоккейшілер додаға түседі.

Енді Франциядағы әлем біріншілігінің қорытындысына атүсті тоқталар болсақ, біздің Артур Гатиятов турнирдің ең үздік ойыншысы және сұрмергені атанды – 7 ұпай (4 гол + 3 пас). Ал қорғаушы Самат Данияр Қазақстан құрамасының ең үздік ойыншысы болып танылды. Валерий Орехов қорғаушылар арасында көп ұпай жинады – 7 (1+6).

Енді Франция мұзайдынында өткен әлем бірінішілігінде ел намысын қорғаған Қазақстан жастар құрамасының сапымен таныс болыңыздар:

қақпашылар – Денис Каратаев, Никита Бояркин;

қорғаушылар – Самат Данияр, Әділ Бекетаев, Ернар Мұсабаев, Валерий Орехов, Кирилл Полохов, Сергей Лазарев, Илья Рыжий, Михаил Тарасов;
шабуылшылар – Саян Данияр, Батырлан Мұратов, Әділбек Жанғазинов, Данияр Ғабдуллин, Артур Гатиятов, Мусса Гусейнов, Максим Мұхаметов, Александр Мелихов, Александр Борисевич, Андрей Буяльский, Никита Назаренко, Никита Писмаркин.
Жаттықтырушылар – Сергей Старыгин, Ильдус Габдрахманов, Александр Высоцкий.

Әлем чемпионаты. Бірінші дивизион, "А" тобы. Қорытынды кесте:

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу